АҚШ-тың Орталық Флоридасында «Милтон» торнадосының күші бәсеңдегенімен артынан ауыр салдарын қалдырды. Мұнда үйлер қирап, 3 миллионнан астам нысан электр қуатынан айырылған. Бұл туралы ВВС порталы хабарлайды.
АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығының мәліметі бойынша, Милтон сәрсенбіде Сиеста-Ки аралында жергілікті уақыт бойынша Флоридаға 20:30 шамасында жеткен. Желдің жылдамдығы 195 км/сағ-қа жеткен. Ал бейсенбіде желдің жылдамдығы 150 км/сағ-қа дейін төмендеді.
Ураган салдарынан күшті жаңбыр және дауыл қатар жүрді. Шамамен 75 км қашықтықта НАСА әуеайлағы орналасқан Канаверал аймағынан өткен. Қазір дауыл салдарынан Тампа шығанағы, Санкт-Петербург қаласын қоса алғанда, су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді. Санкт-Петербургте 16,6 см жауын-шашын түскен және қалада ішуге жарамды су қалмаған. Дауыл тіпті құтқарушылар үшін паналау орны ретінде пайдаланылған «Тропикана Филд» бейсбол стадионының шатырын зақымдады.Бірақ зардап шеккендер жоқ.
Болжамды түрде екі адам Форт-Пирс қаласындағы қарттар үйінде торнадо салдарынан мерт болған. Бұл округте шамамен 17 торнадо өтіп, 100 үй қираған.
Атлант жағалауынан да зардап шеккендер туралы хабарлар келіп жатыр. Палм-Бичте бес адам ауруханаға түскен. Бірақ жергілікті билік зардап шеккендердің санының артуы мүмкін екенін ескертуде.
Сент-Люси округінің билігі торнадо салдарынан төрт адамның қаза тапқанын растады. Синоптиктер дауыл Тампа-Бэй арқылы өтеді деп күткен. Бірақ эпицентр Тампа-Бэйден шамамен 100 км оңтүстікте орналасқан Сиеста-Ки қаласында болды.
Флорида губернаторы Рон ДеСантис Тампа-Бэй аймағының ауыр зардаптан сақталатынына үміттенетінін айтты. Себебі «Милтон» ураганы толқын көтерілмей тұрғанда құрлыққа шыққан. Қазір теңіз деңгейінің 4 метрге көтерілуі болжануда.
ДеСантистің айтуынша «Милтон» кемінде 19 торнадо туындатты. Шамамен 125 үйді қиратқан. Ол тұрғындарды эвакуациялау қауіпті болғандықтан жабық жерде болуға шақырған.
Қазір «Милтон» дауылы Флорида арқылы өткенде урагандық күшін сақтайтыны, бірақ Атлантикаға шыққаннан кейін әлсірейтіні болжануда.
Екі апта бұрын «Хелен» ураганынан зардап шеккен штатта шамамен екі миллион адам эвакуациялауға бұйрық алды. Төтенше жағдайларды басқару федералды агенттігі аймаққа миллиондаған литр су мен тамақ, сондай-ақ қосымша қызметтер жіберді. Флоридада 70 000-нан астам тұрғын мемлекеттік паналарда жатыр. ДеСантис, Флоридада 9000-ға жуық Ұлттық гвардия әскері мен 50 мың электрик орналастырылғанын хабарлады.
Президент Джо Байден болса, ураганның салдары туралы ақпараттандырылғанын және Германия мен Анголаға жоспарланған сапарлардың кейінге қалдырылғанын айтты.
Зерттеу «Хелен» ураганы климаттың өзгеруіне байланысты 10% артық жауын-шашын әкелгенін көрсетті. Дауылдан соң теңіз температурасының аномальды көтерілу ықтималдығы артты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!