Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ауғанстандағы апат

25.06.2022

874 0

Сәрсенбінің таңында Ауғанстанның Хост қала­сында 5,9 магнитудалық жер сілкінісі болды. Пәкістанмен шекараға жақын орналасқан қалада апат салдарынан адам шығыны 1000-нан асты. Бұл көрсеткіш әлі де көбеюі мүмкін. Оқиға туралы CNN арнасының тілшілері Сара Джон, Аканкша Шарма, Джо Шелли мен Эхсан Попалзай «Тағы бір апат болсе не істейміз?»: Ауғанстандағы апат әкелген дағдарыс» атты мақаласында баяндады.

Көмекшілер жасағы аймаққа апаттан зардап шек­кендерге жету кезінде біраз қиындыққа тап болған. Ел ішіндегі инфрақұрылымының жағдайы көңіл көнші­терлік деуге мүлде келмейді. Өйткені бүгінгі күні ауғандықтар ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеруде.

Халықаралық санкция мен ондаған жыл бойы дұрыс жүргізілмеген саясаттың кесірінен елдің ендігі жағ­дайына Обайдулла Бахир секілді гуманитарлық қызметкерлер алаңдаулы. «Бұл мәселені шешу үшін ұзақ перспективаны қолға алу керек. Әйтпегенде тағы осындай жағдай орын алса не істейміз?», – дейді Америка университетіндегі өтпелі сот төрелігінің профессоры Бахир.

Жер сілкінісі болған аймақта адам шығыны әлі де көп болуы мүмкін деген қауіп бар. Себебі мұндағы көптеген үй зақымдалуы оңай, ағаштан, топырақтан және басқа да саз секілді материалдан салынған.

Бұл аймаққа гуманитарлық ұйымдар көптеп ағылуда. Бірақ көмек елдегі ең шалғайда орналасқан зар­дап шеккен аймаққа жеткенше бірнеше күн қажет.

Халықаралық қызыл крест комитетінің (ХҚКК) Азия-Тынық мұхиты бойынша өкілі Анита Даллардтың айтуынша, ХҚКК-нің жіберген топтары әлі қайта оралмаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасының Кабулдағы өкілі Шелли Такрал жол жағдайына байланысты зардап шеккен аймақ­тарға көмек көрсету жұмыстары баяулап жат­қанын айтты.

«Біз ең алдымен географиялық және логистикалық мәселелермен бетпе-бет келдік. Өйткені бұл аймақ өте шалғай ауылдық жерде және таулы аймақта орналасқан. Кеше қатты жаңбыр жауып, жаңбыр мен жер сілкінісінің қосындысы кей аудандарға көшкін алып келді. Соның әсерінен жолда жүру қиындады», – деді ЮНИСЕФ-тің Ауғанстандағы байланыс бөлімінің басшысы Сэм Морт CNN-ге берген сұхбатында.

Жер сілкінісі маусымның 20-22-сі аралығында күш­ті муссондық жаңбыр және желмен тұспа-тұс келіп, іздеу жұмыстары мен тікұшақтардың ұшуына кедергі келтірді. Елдің түкпір-түкпірінен келген дәрігерлер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері оқиға орнына жетуге тырысып жатқанымен, көмек шектеулі болады деп күтілуде. Өйткені Талибан билікке келген кезде көмек көрсетуші бірқатар ұйым елден қашып кеткен.

Сәрсенбіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл елден жіберілген «барлық ресурстарды» жина­ғанын, медициналық көмек пен шұғыл көмек көрсететін командалар бар екенін айтты.

«Барлығының негізінде саясаттың тек халық пен Талибан арасында ғана емес, сонымен қатар халық­аралық көмек ұйымдары мен Талибан арасындағы байланыс алшақтығына әкелгелі тұр», – деді «Ауғандар­ды аштықтан қорғайық» ұйымының жетекшісі Бахир.

Бахир Ауғанстан қорғаныс министрлігі гумани­тарлық ұйымдардан ауыр зардап шеккен аймақтарға көмекті әуе арқылы жеткізуді ұсынғанын айтып, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен басқа да көмек ұйымдарына биліктің ұсынысын жеткізуде.

Қазіргі кезде адамдар уақытша ашық баспанада түнеп, құтқарушылар аман қалғандарды фонарьмен іздеуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша шамамен 2000 үй қирап, зардап шеккендердің көпшілігі қайтыс болған.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Ау­ғанстан бойынша директорының орынбасары Сяо-Вэй Ли оқиға болған жердегі жағдайды «өте қорқыныш­ты» деп бағалап: «Қатты зардап шеккен аудандардағы кейбір ауылдар «толығымен немесе 70 процентке қираған», − деді ол.

«Қалпына келтіру ай, мүмкін бірнеше жылға созы­лады. Мұнда азық-түліктен басқа маңызды қажеттілік бар. Мысалы, уақытша баспана, кедендік ресімдеу мен логистика да пайдалы болар еді», – дейді Сяо-Вэй Ли.

Ауғанстан қорғаныс министрлігінің Twitter желі­сіндегі ресми аккаунтының хабарлауынша, үкімет осы уақытқа дейін жер сілкінісінен зардап шеккен ауылдарға азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және басқа да заттар таратқан. Ауғанстан үкіметі жіберген медициналық және құтқару топтары қазірдің өзінде жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарда қызмет етуде. Одан бөлек зардап шеккендерді жер және әуе арқылы медициналық мекемелер мен медициналық орталықтарға жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Ауғанстандағы экономикалық дағдарыс қақтығыс пен құрғақшылық салдарынан жылдар бойы өршіп, Талибан билікті басып алғаннан кейін ол жаңа қиындыққа тап болды. АҚШ пен оның одақ­тастары елдің валюталық резервіндегі шамамен 7 миллиард долларын бұғаттап, халықаралық қаржы­ландыруды тоқтатты.

Санкциялар Ауғанстан экономикасына зиянын тигізіп, оның 20 миллион халқын ауыр аштық дағ­дарысына ұшыратты. Миллиондаған ауғандық жұ­мыссыз қалып, мемлекеттік қызметкерлер жалақысыз жүр,  ал азық-түлік бағасы шарықтап тұр.

Бахир санкциялардың қатты зиянын тигізіп жатқаны соншалық, ауғандықтар жер сілкінісінен зардап шеккен отбасыларына ақша жөнелте алмай жатқанын айтқан. «Біздегі банк жүйесінің қызметі құрдым алдында тұр. Соңғы тоғыз-он айда жаңадан валюта басып шығармадық, елге ақша әкелмедік, активтеріміз бұғатталды», – деді ол. Оның айтуынша, санкция елге емес, белгілі бір адамдарға ғана салынуы керек. Сондай-ақ ол өз сөзінде талибандар гуманитарлық көмек көрсетуге еш қарсылық көрсетіп жатпағанын айтты.

Ресми өкілдердің хабарлауынша, зардап шеккен аймаққа азық-түліктен бөлек дәрі-дәрмек, көлік, киім мен су қажет. БҰҰ Ауғанстанға медициналық құралдарды таратып, мобильді медициналық топтарын жіберді. Бірақ ұйым іздеу және құтқару мүмкіндігі жоқ екенін ескертті.

Бахир сәрсенбі күні CNN телеарнасына берген сұхбатында тәліптер тек алты құтқару тікұшағын жібере алғанын айтты. Өйткені Америка Құрама Штаттары кеткен кезде олар Ауғанстан күштеріне немесе өздеріне тиесілі ұшақтардың көбін істен шығарған. Пәкістан өзінің солтүстігіндегі Хайбер-Пахтунква провинциясында шекара бекеттерін ашу және жараланған ауғандықтардың емделуі үшін визасыз кіруіне рұқсат беру арқылы көмек көрсетті, деп хабарлады аймақ үкіметінің өкілі Мохаммад Али Саиф.

«Бүгін таңертең 400 жараланған ауғандық емделу үшін Пәкістанға көшті және адамдар ағыны жалғасуда және олардың саны күннің соңына қарай артады деп күтілуде», – деді Саиф CNN-ге берген сұхбатында. Бұған дейін Пәкістан талибандар билікке келген тұста елге ауғандардың кіруіне қатаң шектеу енгізген болатын.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: