Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ауғанстандағы аштық

25.12.2021

1649 0

Суреттегі сәбидің жасы 3-те. Бірақ ол жаңа туған шақалақтай кіп-кішкентай. Оның қазіргі жағдайы Ауғанстандағы аштықтың ашық көрінісін суреттеп тұрғандай. Бүгінде бұл елдегі экономикалық дағдарыстың әсерінен адамдар бір үзім нанға зар болып отыр. Осы орайда CNN арнасының тілшілері Анна Корен мен Джесси Юнг «Жантүршігерлік бейнелер Ауғанстандағы балалардың аштықтан қиналғанын ашып көрсетеді» тақырыбында мақала жариялады.

Мақалада көрсетілгендей, суреттегі Камилла есімді қыздың жасы 3-те болса да оның салмағы небәрі 5 келіні құрайды екен. Оның әжесі Биллистің айтуынша, кішкентай қыздың аштықтан қиналып жатқанына бүгінде 8 ай болған. Камилла Ауғанстанның оңтүстігіндегі Кандагар қаласының ауруханасында аштықтан ауруға шалдыққан балалардың бірі.

Тіпті жылауға шамасы жоқ сәби ауырғаннан өз құлағын тырнап әлек. «Оның анасы ауруға шалдыққан, ал біз кедейміз. Анасы емізгісі кеп қанша тырысқанмен сүт болмады», – дейді әжесі.

Камилланың отбасы – қатал қыста дағдарыс кезінде тамақ табу жолында жанталасқан миллиондаған ауған-дықтардың бірі. Құқық қорғау ұйымдары халықтың ең осал тобы ана мен бала зардап шеккенін алға тартып, шет мемлекеттерден көмек сұрауда.

Дегенмен Талибан ұйымының (Қазақстанда тыйым салынған) өкілі елде экономикалық проблемалар барын айтса да, «дағдарыстың» жұрт ойлап тапқан жалған ақпарат деп пікір білдірген. «Ешкім аштықтан қырылмайды, өйткені аштық жоқ, дүкендерде тамақ толып тұр», – дейді Талибан ұйымының ресми өкілі Забихулла Муджахид. Алайда ауруханада түсірілген суреттер бұл пікірді жоққа шығарады.

Талибандар тамызда Ауғанстан билігін басып алғанға дейін де мұнда құрғақшылық, экономикалық құлдырау, ұзаққа созылған қақтығыс пен пандемия салдарынан кедейлік пен азық-түлік жетіспеушілігі кең таралған еді. Бірақ билікті басып алғаннан кейінгі үш айдан соң дағдарыс өршіп кеткен. Дамуға бағытталған шетелдік миллиардтаған доллар жоғалып, елдегі экономиканы, негізгі қызметтер және гуманитарлық қызметкерлер қолдайтын ақшасыз қалды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 23 миллионға жуық адам, яғни халықтың жартысынан астамы қыс басталысымен аштықты бастан кешіруі мүмкін. Сондай-ақ 5 жасқа дейінгі кем дегенде миллион бала аштықтан көз жұмуы мүмкін.

Жағдайдың нашарлығы соншалық, кейбір ауруханалар жанар-жағармайға ақшасы болмағандықтан палаталарды жылыту үшін от жағуға мәжбүр. Ал көмек көрсету топтары халықаралық қауымдастық қазір әрекет етпесе жағдай нашарлайды деп дабыл қағуда.

Ауа райының нашарлауы тамақ өндірісін құлдыратты. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметі бойынша, ауғандықтардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығына тәуелді. Бірақ ел құрғақшылық салдарынан биыл егіннің 40 процентінен айырылған. Азық-түлік қоры азайған сайын, бидай мен нан сияқты негізгі азық-түліктің бағасы шарықтап кеткен.

«Бізде нан мен су ғана бар. Кейде оның өзі де болмай қалады», – дейді арнаға пікір берген сатушы Мусафер. Айдың басында ол да өз қызын Чагчаран провинциясының астанасы Гордағы ауруханаға апарып тастауға мәжбүр болған. Үш жастағы Разияның ауру жанын жегідей жеп, анасының құшағына тығылғанда қабырғалары ап-анық көрінеді. «Оған тамақ алып келетіндей жұмыс та, ақша да, тамақ та жоқ. Оны әр көрген сайын өзімнің шарасыздығыма күйінемін», – дейді Мусафер.

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының Ауғанстандағы өкілі Ричард Тренчард қараша айындағы мәлімдемесінде елдегі жағдайды «апаттық» деп атады. «Әрбір фермер биыл егіннің барлығын дерлік жоғалтқан. Көпшілігі малын сатуға мәжбүр болған, өйткені олар қарызға белшесінен батқан, өтейтін ақшалары болмаған», – деді ол.

Талибан билікке келгенге дейін елдің көптеген ауылдық жерінде кедейшілік жиі болған, бірақ қазір орта тап пен қалалықтар да кедейлікке ұшыраған. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы көп ай бойы жалақы алмаған мемлекеттік қызметкерлер, мектеп директорлары тамақ пен медициналық көмекке кезекте тұрғанын ескерткен. Агенттік мәліметінше, халық азық-түлік алу үшін киімдерін, жиһаздарын, малын, тіпті кейде тұтас үйлерін де сатып жатыр.

«Бір кездері аштық қаупі тек ауылдық жерлермен шектелген еді. Алайда қазір Ауғанстанның ең тығыз қоныстанған 11 қаласының 10-ы азық-түлік жетіспеушілігінің ең қиын деңгейіне тап болды», – деді қарашада БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының басшысы Дебора Лионс.

«Көшіп-қону лагерінде сататын ештеңесі жоқ кейбір кедей отбасылар қыздарын келін етіп сатып алуды ұсынады. Бұл басқа балаларын тірі қалдырудың жалғыз жолы», – дейді CNN арнасына пікір білдірген бірнеше ата-ана.

CNN арнасына жасаған мәлімдемесінде Талибан өкілі Муджахид ауғандықтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек қажет екенін айтқан. Оның айтуынша, ұйым бұл арқылы «гуманитарлық көмек» көлемін ұлғайтып, қиын жағдайға тап болған отбасыларға таратып бермек.

Қазіргі кезде ауруханаларда дәрі-дәрмек пен мамандар жетіспейді. Алайда науқастар күн сайын келіп түсуде. Ауғанстанның жалпыұлттық денсаулық сақтау бағдарламасын бұрын Дүниежүзілік банк қаржыландырған.

Қаржыландыру тамыз айында тоқтап, нәтижесінде 2300 денсаулық сақтау мекемесі медициналық құралдарды сатып алатын және жалақы төлейтін қаражатсыз қалды.

БҰҰ есебіне сәйкес, қыркүйек айының соңында ауруханалар мен емханалардың көбі жабылып, қазіргі кезде олардың тек бестен бірі ғана жұмыс істеп тұр.

«Талибан билікке келгенге дейін 39 аурухана халықты коронавирустан емдеді. Қазір оның небәрі үш-төртеуі ғана жұмыс істейді», – дейді Ауғанстаннан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының кеңесшісі болған Джон Хопкинс университетінің докторы Пол Шпигель.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – Ауғанстанға қажетті медициналық құралдардың әуе қатынасын қалпына келтірген агенттіктің бірі. Ұйым қарашада төрт көмек жіберген. Бұл шамамен 1,5 миллион науқасты қамтуы керек.

Сондай-ақ БҰҰ қарашада Ауғанстанның денсаулық сақтау саласына 15 миллион доллар бөлген. Бұл қаражат 23 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысын төлеуге көмектесті. Дегенмен көптеген гуманитарлық қызметкерлер мен медбикелерге бұл қаражат әлі де жеткіліксіз.

«Гор провинциясының ауруханасы дұрыс тамақтанбау, қызылша, суық тию және тұмау сияқты ауруларды емдеу үшін күн сайын 100-ге жуық ана мен баланы қабылдайды», – дейді аурухананың бөлім меңгерушісі Фазилухак Фарджад. Ол бұл аурулардың барлығы бір-бірімен байланысты екенін алға тартқан. Дұрыс тамақтанбаған ана мен бала инфекция жұқтыруға бейім болады. Олар ауруханаларға жету үшін ұзақ қашықтықты өткеруге тура келеді. Бұл да адамның әлсіреуіне алып келеді.

Бірақ аурухананың құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектері күн санап азаюда. Емделушілерді тамақтандыру үшін сүт қана қалған. «Ауруханаға түскен науқастардың 70 процентінің жағдайы нашар. Бұл – қаланың өзіндегі көрсеткіш. Ал елді мекендерде жағдайдың қандай екенін елестетудің өзі қиын. Тезірек шара қабылдамаса жағдай ушығып кетеді», – дейді дәрігер.

Мұнда ем алып жатқан 1 жастағы бала дүниеге келген бір жыл уақытының көбін ауруханада өткізген. «Әр 10-20 күн сайын біз емханада жатып емделуге мәжбүрміз», – дейді баланың әкесі.

«Шетелдік ұйымдардың Талибан қаржысын басып-жаншу әрекеті күтпеген нәтиже беріп, ауғандықтар аштықтан қайтыс болуда», – деп гуманитарлық ұйымдар донор елдерді стратегияларын өзгертуге шақыруда.

Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына қатысу үшін Ауғанстанға барған дәрігер Шпигель шет мемлекеттерді ауған активтерін тоқтату, оның ішінде мемлекеттік ауруханаларды қаржыландыруды тоқтату қадамын қайта қарауға шақырды. «АҚШ, Ұлыбритания, Еуроодақ шешімді тез қабылдауы керек, әйтпесе тым кеш болады және өлім саны көбейеді», – дейді дәрігер Шпигель.

Қазан айында Еуроодақ 1 миллиард еуроға көмек пакетін жіберуге уәде берсе, ал Дүниежүзілік банк кеңесі жақында Балалар қорына және Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына 280 миллион доллар бөлетінін айтқан. Биылғы жылы АҚШ ел дамуына беретін көмектен бөлек, 474 миллион долларға жуық гуманитарлық көмек көрсеткен.

Дегенмен бұл Ауғанстанның 9,5 миллиард долларлық бұғатталған активтерінің аз ғана бөлігі. Ал бөлінген қаражат АҚШ пен Еуроодақтың айтуынша, Ауғанстанда жұмыс істеп жатқан халықаралық ұйымдарға бөлінеді, яғни бұл ақша ауған банктеріне де, халыққа да қолжетімсіз.

АҚШ-тың бірқатар заңгерлері, негізінен демократтар Байден әкімшілігін ауған қаржысын БҰҰ-ға гуманитарлық көмек ретінде беруге шақырды. Дүйсенбіде ауғанстандық бейбіт тұрғындарға санкция жариялау туралы баспасөз жиынында АҚШ департаментінің баспасөз хатшысы Талибандарға билікті басып алу Ауғанстанға шетелден берілетін көмекке зиянын келтіретіні ескертілгенін алға тартқан.

Оның айтуынша, АҚШ Талибанмен болашақтағы қарым-қатынасты қарастырмас бұрын, ұйым адам құқықтарына, соның ішінде инклюзивті үкімет құруға қатысты белгілі бір міндеттемелерді қабылдауы керек. Сондай-ақ Прайс осы уақытқа дейін көрсетілген гуманитарлық көмекті атап, АҚШ әлі де болса көмекке дайын екенін айтқан.

Жағдай ушыға түскендіктен АҚШ әкімшілігі сәрсенбіде гуманитарлық ұйымдар Ауғанстанға көрсете алатын көмек түрінің кейбірінен шектеулерді алып тастайтынын айтқан. Бұл білім беру бағдарламаларын, соның ішінде мұғалімдердің жалақысын төлеуге берілетін көмек көлемін арттырмақ.

Ауғанстандағы жантүршігерлік жағдайды баяндаған мақала 14 күн емделіп, салмағы 6 келіге жетер-жетпес болып ауруханадан жазылып шыққан баланың әкесі айтқан сөздермен аяқталған: «Бүгін біз үйге барамыз. Үйде аш отырған әлі 4 балам бар. Мен әлемдік ұйымдардан аш-жалаңаш балаларға көмек берсе екен деп жалынып сұраймын. Ондай көмек болмаса біз балаларымыздан айырылып қаламыз», – дейді бес баланың әкесі Рауф.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: