Сенбі, 21 желтоқсан, 21:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Байден ДАИШ басшысының көзін жойды

05.02.2022

892 0

Сәрсенбі күні түнгі уақытта АҚШ әскерилері Сириядағы ДАИШ (ИГИЛ) ұйымының орталығына қарсы контртерростиік операция өткізді. Арнайы шабуыл кезінде ДАИШ ұйымының басшысы Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Курайши көз жұмғаны айтылды. Арнайы рейдтік операция жайлы Америка Құрама Штаттарының Президенті Байден өз пікірін білдірді. Терроризмге қарсы операция жайлы CNN арнасында бірнеше материал жарық көрді.

Әкімшіліктің арнаға берген түсініктемесінде бомба лаңкестікке қарсы нысанада жарылған. Нәтижесінде қаза тапқандардың қатарында бейбіт тұрғындар да бар екен.

АҚШ-тың арнайы күштері сәрсенбі күні түнде Сирияның солтүстік-батысында лаңкестікке қарсы миссия жүргізіп, ДАИШ жетекшісі Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Курайшиді өлтірді. Бұл туралы президент Байден бейсенбі күні хабарлаған.

Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметінше, Сирияның «Ақ дулығалылар» азаматтық қорғаныс тобының рейд жұмыстары кезінде кемінде 13 адам қаза тапқан. Оның ішінде алты бала мен төрт әйел бар. Ал Пентагон қаза тапқандардың арасында америкалықтар жоқ екенін мәлімдеді.

Пентагон Сириядағы рейдтің салдарын тереңірек зерттеуде. Дегенмен әкімшіліктің жоғары лауазымды қызметкері «Операцияның басында лаңкес бомба жарды, нәтижесінде өзі және оның отбасы мүшелері, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапты», – деді арнаға берген сұхбатында. Дегенмен шенеунік бұл оқиғаны 2019 жылы әл-Багдадиды қолға түсіру операциясы кезіндегі «қорқақтық тактика», яғни өз-өзіне қол жұмсау фактісі деп бағалайтынын жасырмады.

АҚШ Сирияның солтүстік-батысындағы Әл-Каида мен оның филиалдарын бірнеше рет нысанаға алды. Пентагон өз кезегінде соңғы айдағы кем дегенде бір соққының бейбіт тұрғындардың құрбан болуына әкелгенін мойындап отыр. Бірақ кешегі операция әл-Багдадиға қарсы жасалған 2019 жылғы қазан айындағы екі сағаттық рейдтен кейінгі ауқымды операция болды.

Орталық қолбасшылықтың мәлімдемесіне сәйкес, әскерилер өткен қыркүйекте Сириядағы Идлиб маңында әл-Каиданың жоғары шенді жетекшісін нысанаға алған. Бір айдан кейін әскерилер «әл-Каиданың» жоғары лауазымды жетекшісі Абдул Хамид әл-Матарға қашықтан басқару бомбасымен соққы берген.

Ал желтоқсанда әскерилер Идлибке жақын жерде «әл-Каиданың» филиалы Хуррас ад-Диннің аға жетекшісі Мусаб Кинанды нысанаға алған. Орталық қолбасшылық әскери операциядан бейбіт тұрғындардың қаза болуы туралы тергеуді бастаған, бірақ Пентагон ол туралы ақпаратты жаңартпаған.

Арнаның хабарлауынша, ДАИШ Сирия мен Ирактың түрлі аймағында қайта жанданған. Өткен айда ДАИШ-тің 100-ден астам жауынгері экстремистік топтың түрмеде отырған мүшелерін босату үшін Сирияның солтүстік-шығысындағы түрмеге шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан кем дегенде 200 тұтқын мен 30 қауіпсіздік күшінің қызметкері қаза тапты.

Кешегі болған операция жайында арна Пентагоннан мардымды мәлімет ала алмаған. Шабуылдың қалай және қандай миссияда болғаны айтылмаған. Дегенмен арнаға оқиға куәгерлері мен ерікті құтқарушылар пікір білдірген. Олардың айтуынша, жарылыстар мен оқ ату американдық әскерлердің жерге түскеніне дейін болған және әскер Сирия-Түркия шекарасындағы Атме маңындағы үйді нысанаға алған.

Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды өтінген Атмадағы куәгердің айтуынша, пулемет оғы төбеде ұшып бара жатқан үш тікұшақтан шыққанын, содан соң бірнеше минуттан кейін жарылыс болғанын айтқан. Шабуыл шамамен бұрын әл-Каидамен байланысы болған «Хаят Тахрир аш-Шам» күштері көп шоғырланған аймақта болған.

«Мен алыстан арабша ирак акцентімен сөйлейтін адамның отбасылардың қауіпсіз аймаққа ығысуын сұраған ер адамның дауысын естідім. Сондай-ақ жердегі пулеметшілердің тікұшақтарға қарай оқ атқанын көрдім», – дейді куәгер.

Куәгердің айтуынша, шабуыл мен жарылыстан кейін екі сағат өткен соң екі тікұшақ та жерге қонған. Сондай-ақ ол «Хаят Тахрир аш-Шам» күштерінің аймағына қашықтан басқарылатын дрондардың оқ атқанын көрген.

Әкімшілік ДАИШ жетекшісі Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Курайшидың көзі жойылғанын мәлімдегеннен кейін Ақ үй «Twitter»-де президент Байден, вице-президент Харрис және ұлттық қауіпсіздік шенеуніктерінің операцияны бақылап отырған фотосын жариялады.

Бейсенбі күні ДАИШ-ке қарсы операциядан кейін Джо Байден ресми мәлімдеме жасады: «Кеше түнде менің нұсқауым бойынша Сирияның солтүстік-батысындағы АҚШ әскері Америка халқы мен одақтастарын қорғау және әлемді қауіпсіз жерге айналдыру үшін лаңкестікке қарсы операцияны сәтті өткізді. Қарулы күштеріміздің шеберлігі мен батылдығының арқасында біз ДАИШ басшысы Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Курайшиға қарсы шайқас алаңынан аман-есен шықтық. Барлық американдықтар операциядан оралды», – деді АҚШ президенті.

Оқиғадан кейін бейсенбі күні кеште Джо Байден тағы да мәлімдеме жасады. Онда ол АҚШ-тың арнайы күш құрылымдары әлемге қауіп төндірген экстремистердің көзін жойғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол әуе соққысынан гөрі арнайы күштерді пайдалану себебін «Бейбіт тұрғындар шығынын максималды түрде азайту үшін», – деп түсіндірді.

«Мен Қорғаныс министрлігіне бейбіт тұрғындардың шығынын азайту үшін барлық ықтимал сақтық шараларын қабылдауды тапсырдым. Лаңкестік топ басшысы мұндай шабуылдың боларын біліп өзін отбасымен, соның ішінде балаларымен қоршап алған. Дегенмен біз әуе шабуылының орнына өз әскерилерімізге үлкен қауіп төндіретін рейд жүргізу туралы шешім қабылдадық. Бұл шешім бейбіт тұрғындардың шығынын азайту үшін жасалды», – деді Байден.

Сондай-ақ АҚШ президенті әскери команда оқиғаның жай-жапсары туралы әлі есеп дайындап жатқанын айтты. Бірақ Байденнің сөзінше, ДАИШ басшысы өзін-өзі жарып жіберген.

«Біздің әскерлер лаңкесті ұстауға жақындаған кезде, жанұясының өмірін ойламай, өзін ғана емес үшінші қабатты да жару туралы шешім қабылдаған. Ол мұны жасаған қылмыстары үшін сот алдында жауап беруден қорыққандықтан істеді. Лаңкестік ұйымның бұрынғы басшысы секілді өзімен бірге отбасының да көзін жойды», – деді Байден.

Операцияны бақылау кезінде Байден американдық тікұшақтың жерде қиындықтарға тап болғанына үреймен қараған. Дегенмен балалар бірінші қабаттан шығып қауіпсіз жерге қашқан кезде президент өзін жайлы сезіне бастаған. Бірнеше уақыттан кейін жарылыс болған. Ол кезде ұйым жетекшісі өзі мен отбасын жарып жіберген еді. Арнаға Байденнің операцияны бақылау кезіндегі өзін қалай ұстағаны туралы Ақ үйдің шенеуніктері айтқан.

Әкімшіліктің жоғары лауазымды қызметкері лаңкестің «көптеген операцияларға белсенді қатысқанын» атап: «Басшының көзі жойылғаны ДАИШ-ке соққы болады деп ойлаймыз. Шенеуніктер оның ДАИШ-тың шетелдегі бөлімшелеріне, соның ішінде өткен жылы АҚШ теңіз жаяу әскерлерінің өліміне себепкер Ауғанстандағы бөлімшесіне жауапты екенін алға тартуда.

Операциядан бір-екі ай бұрын Пентагон шенеуніктері президентке оқиға орнының макетін алып келген. Әбу Ибраһим әл-Хашими әл-Курайши өз аумағынан алысқа шықпайтыны мәлім болған. Өз отбасымен үйдің үшінші қабатында тұрған ол тек кейде үйдің шатырындағы бассейнге түсу үшін шығатын болған. Ал террористік ұйымның басшысы ол үйде тұратынын білмегендер сол үйдің бірінші қабатындағы үйлерінде болған.

Желтоқсанда АҚШ ол жерде курьерлер желісі арқылы өзінің лаңкестік операциясын жүргізген ДАИШ басшысы тұратынын Байденге жеткізген. Оның өз қауіпсіздігі үшін бейбіт тұрғындарға жақын орналасқанын білген Президент Пентагонға бейбіт тұрғындардың өлімін азайту үшін сақтық шараларын қабылдауды бұйырған.

Сейсенбіде қорғаныс министрі Ллойд Остин мен біріккен штаб бастықтарының төрағасы генерал Марк Милли операцияға дайын екенін айтқанда Байден өз келісімін берген.

АҚШ әскері операцияны, соның ішінде бейбіт тұрғындарды қорғау тактикасын бірнеше рет практика жүзінде қайталаған. Ал операция басталған кезде олар өздері туралы дауыстап жариялап, бейбіт тұрғындар мен жақын аймақтағы адамдарды қауіпсіз жерге ығысуға үндеген.

Бейсенбінің кешінде жасаған мәлімдемесінде Байден сондай-ақ экстремистердің Сириядағы түрмеге жасаған шабуылы туралы кеңінен айтып берді. Оның мәліметінше, 20 қаңтарда ДАИШ өзінің мыңдаған жауынгерін сириялық түрмеден шығару әрекеті кезінде АҚШ-пен одақтас Сирия демократиялық күштерінің кем дегенде жеті жауынгері қаза тапқан. Бұл шабуыл лаңкестік топтың қайта көтерілуі мүмкін екенін көрсеткен.

Сирия демократиялық күштерінің (СДК) хабарлауынша, Хасака қаласының солтүстік-шығысында орналасқан Гверан түрмесіне жасалған шабуыл мекеме маңында бомба орнатылған көліктің жарылуымен басталған. «Содан кейін ДАИШ содырлары аймаққа кіріп, түрмені күзетіп тұрған жергілікті күштерге қарсы оқ жаудырды. Ал ол уақытта түрме ішіндегі қылмыскер сотталғандар «хаос жасау үшін» көрпелер мен пластик бұйымдарды өртей бастаған. Бұл алдын-ала келісілді ме немесе тұтқындар оңтайлы сәтті пайдаланып қалғысы келді ме, ол бізге беймәлім», – деп хабарлады СДК.

Түрмеге жасалған шабуылға тойтарыс берілгенімен оның маңындағы аумақтарда бірнеше қақтығыс болған. Ал түрмеге жасалған шабуылды тоқтату үшін Американың әуе күштері көмектескен. СДК мәліметінше, ДАИШ түрмені түгелдей босату үшін арнайы операция ойластыруда.

СДК бақылауындағы Сирияның солтүстігіндегі түрмеде шамамен 11-12 мың террорист қамауда отыр. Мұнда бірнеше рет шабуыл да жасалған. Сонымен қатар сотталғандар да түрме ішінде бірнеше рет қақтығыс жасаған.

Ал Президент Байден ДАИШ жетекшісі Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Курайшиді өлтіргеннен кейін америкалық әскер ДАИШ қауіп-қатерін назарда ұстайтынын және жаһандық одақтастарымен жұмыс істеуді жалғастыратынын айтты.

«Барлығы біздің назарда. Біз кез келген әрекетке дайынбыз. Кешегі операция ірі лаңкестердің жетекшісін ұрыс алаңынан алып тастады және бүкіл әлемдегі лаңкестерге белгі берді: Біз сіздерді табамыз. Біз әлі де болса Америка халқының қауіпсіздігін сақтау және бүкіл әлемдегі одақтастар мен серіктестердің қауіпсіздігін нығайту үшін тынымсыз еңбек етеміз», – деді Байден.

Сонымен қатар АҚШ-тың қорғаныс министрі бұл операцияны жүзеге асырмас бұрын Ресейге ескертілгенін мәлімдеді. «АҚШ Ресейге Сирияның солтүстік-батысында белгілі бір уақыт аралығында ауқымды операция жүргізетінін айтты және оларға бұл аймаққа жақындамау керектігі ескертілді», – делінген министрлік мәліметінде.

Ресейдің құрлық және әуе күштері Сирияның солтүстік-батысында тұрақты түрде әрекет етеді. Бұл операция кезінде де екі тараптың келеңсіз жағдайда қалмауы назардан тыс қалмай, операция алдын ала ескертілген.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: