Жексенбі, 22 желтоқсан, 06:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Беларусь қазақ мұнайын тасымалдауды қымбаттатты

27.01.2024

430 0

Сурет: mezgil.kz

Беларусь билігі өз аумағы арқылы мұнай тасымалдау тарифін арттыру шешімін қабылдады. Енді «Дружба» құбыры арқылы мұнай тасымалдау құны Қазақстан үшін 38%-ға қымбаттамақ. Бұған дейін қазіргі тарифті 43,4%-ға дейін өсіру талқыланған еді. Ресей үшін баға 10,2%-ға өскен. Жаңа тариф 2024 жылдың 1-ақпанында енгізілетін болады.

Қазақстан мұнайының бір бөлігін «Дружба» құбыры арқылы тасымалдайды. Құбыр Ресей, Беларусь, Польшаға дейін жетіп, артынша Германияға мұнай жеткізіледі. Қазақстан «Дружба» құбырының солтүстік бағытын қолданады және баға осы бағыт бойынша қымбаттауда. Сарапшылар бұл бағыт бойынша мұнай тасымалдауды 38%-ға бірден қымбаттату Қазақстан үшін қауіпті емес деп санайды. Өйткені бұл бағыт бойынша Қазақстан мұнайының бар болғаны 3%-ға жуығын тасымалдайды. Керісінше бұл шешім Беларусь үшін қауіпті болуы мүмкін дейді мамандар, себебі Қазақстан басқа бағытты таңдаса, онда Беларусь транзит компаниялары табыстан қағылуы ықтимал.

Бұл бағыттағы тасымалды іске асыратын «Гомельтранснефть» компаниясы саналады. Сарапшы, Petrocouncil.kz мұнай кеңесінің төрағасы Асылбек Жакиев: «Бұл жерде ешқандай да саясат жоқ. Беларусь бар болғаны ортайып жатқан қазынасын толтырғысы келеді. Бұрын Ресей мұнайы Беларусь аумағынан өтіп, Минск жақсы ақша тауып тұрды. Ал қазір санкцияға байланысты Ресей мұнайы құбырларда өте аз, сәйкесінше табыс та еселеп азайып кетті», – дейді.

Қазақстан Германияға мұнай тасымалын арттыруға Берлинмен келісім жасаған. Еуропа елдері Ресейдің Украинаға соғысынан кейін Ресей мұнайынан бас тартып, өзге елдерден мұнай алуды арттырды. Соның бірі Қазақстан. Алайда Қазақстан мұнайының тасымалы көбіне Ресей аумағы арқылы өтеді. Бүгінде Қазақстан мұнай тасымалын басқа бағыт арқылы іске асыру үлесін арттыру үшін Транскаспий бағытына басымдық беруге тырысуда. Ол «Әзербайжан-Грузия-Еуропа» жүйесі арқылы іске асады. Алайда соған қарамастан Ресей аумағы арқылы мұнай тасымалдау үлесі тым көп саналады.

Ақпарат көзі: mezgil.kz.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: