Америкалық ғалым, иммунолог және инфекционист Энтони Фаучи омикрон штамынан коронавирус пандемиядан эндемияға, яғни тұмау секілді ауруға айналуы мүмкін деп болжауда. Инфекционист бұл туралы осы аптада ғаламдық экономикалық форум ұйымдастырған Davos Agenda виртуалды көрмесінде айтты. Ғалымның тұжырымдасына орай CNN арнасының тілшілері Трэвис Колдуэлл мен Холли Ян «Фаучи омикрон, өзге сценарий орын алмаса, Covid-19 пандемиясына нүкте қоюы мүмкін екенін айтты» тақырыбында мақала жариялады.
«Әзірге нақты емес, бірақ тез таралып жатқан омикрон штамы коронавирусты басқару оңайға түсетін эндемиялық фазаға алмастыруы мүмкін. Мен солай деп үміттенемін», – дейді дәрігер Энтони Фаучи.
Жалпы эндемиялық аурулар қоғам арасында жиі кездеседі, бірақ ол пандемия секілді адам шығынының көптігіне әкеп соқпайды. Ал омикрон тез жұқпалы болғанымен басқа штамдар секілді ауыр симптомдары жиі кездеспейді. Бұл туралы арна бұған дейін де мақала жариялап, омикронның симптомдары дельта штамына қарағанда едәуір жеңіл екенін жазған болатын. Осылайша ғалымдар омикронның әсерінен Covid-19 пандемиядан эндемияға айналуы мүмкін деп болжап отыр. Әзірге бұл тек болжам ғана, себебі ковидтың тағы басқа штамы шықса, сценарий өзгеруі мүмкін.
«Бұл тұжырымдама тек иммунитет көмектесе алмайтын жаңа штамм пайда болмаса ғана орындалады. Омикронда дельта штамының белгілері кездеспейтіні бізге оңай соғып тұр. Дегенмен омикрон жұқтырғандардың саны өзге штамнан гөрі көп. Осыдан көпшілікте «Омикрон өзге вирусқа қарсы тұратын «тірі вакцина» бола ма?» деген сұрақ туындауда», – дейді ғалым.
Алайда адамдар бұл тұжырымдаманы қабылдап, әдейі омикрон штамын жұқтыруға тырыспау керек. Дәрігерлер мұндай әрекет аса ауыр жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін екенін айтуда. Одан бөлек мұнымен коронавирустың таралуы тоқтады деуге келмейді. Себебі әлем бойынша қазіргі кезде ауруханалардың жүктемесі артып, жоспарланған оталар мен емдеу шараларында қиындық орнады. Кадр жетіспеушілігі болып жатқан кей денсаулық сақтау мекемелері соңғы уақытта коронавирустан зардап шеккен мыңдаған адамға көмек көрсетуде. Бір ғана АҚШ-тың өзінде денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша дүйсенбіде 156 676 науқас ауруханаға жатқызылған. Ал Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша соңғы аптада күн сайын 1695 американдық коронавирустан көз жұмған.
Осы аптада Американың Нью-Джерси штатынан Алабама штатына дейінгі аралықта орналасқан қалалардағы мектептер онлайн форматқа көшкен. Ал Техаста омикрон штамын жұқтырғандар қатарының күрт өсуіне байланысты мектептер уақытша жұмысын тоқтатқан.
Бірақ Нью-Йорк мэрі коронавируспен күрестегі оң нәтижелерді алға тартып, жоғары сыныптарға білім беру жалғасатынын мәлімдеген. «Біз коронавирусты жеңбесек те онымен күресте оң өзгеріс бар», – дейді қала басшысы Эрик Адамс. Ал қалалық денсаулық сақтау комиссары доктор Дэвид Чокшаның айтуынша, коронавирусты емдеу ауруханасына жатқызылғандар саны 11 қаңтарда шамамен 6500 болса, 16 қаңтарда шамамен 5800-ге дейін төмендеген. Дегенмен ол бұл әлі де көп екенін айтып, тұрғындарды вакцина салдыруға шақырды.
Нью-Йорк басшысы Адамс қалада қашықтан білім беру мүмкін болмағанымен, мұғалімдер кәсіподағына вирус жұқтырып, үй карантинінде жатқан балаларға онлайн сабақ беруді ұсынған.
Вирджиния округінің губернаторы Гленн Янгкин мектептерде бетперде тағуды міндеттеуден бас тартып, балаларды вакциналау дұрыс екенін, ал бетперде тағып жүру-жүрмеуін ата-аналардың өздері шешетінін айтқан. Алайда Солтүстік Вирджиния мен Ричмонд аймағындағы мемлекеттік мекемелер басшысы бұл шешімнен бас тартқан. «Біздің коронавируспен күрестегі жеке зерттеуіміз мектепте бетпердемен жүру вирустың жұғу ықтималдығын едәуір төмен екенін дәлелдеді. Сол себептен әр оқушының бетпердемен жүруі шарт», – дейді ол.
Қазіргі кезде ықтимал штамдардың алдын орау үшін жаңа вакциналар жасап шығару жұмысы үдей түскен. Мысалы, «Modern» компаниясы өздерінің жаңа вакцинасының мақұлдамасын наурыз айында аламыз деп болжауда. «Алдағы аптада зерттеу нәтижелері клиникаға жеткізілсе, жауапты органдармен ақпаратты бөлісеміз. Бұл бізге вирустың келесі өзгерісін алдын ала болжауға мүмкіндік береді», – дейді компания директоры Стефан Бансель.
Ол сондай-ақ «Modern» компаниясы дайындап жатқан тұмау мен коронавирусқа қарсы біріккен вакцина шамамен 2023 жылдың күз айында дайын болатынын айтты.
Ал дәрігерлер коронавирусқа қарсы тұруда едәуір тиімдісі вакцина мен бустерлік вакциналар деген мәлімдеме жасады. Мәселен, бустерлік вакциналар коронавирусқа қарсы алдыңғы вакцинаның антиденелер санын көбейтіп, жұқтыру қаупі жоғары адамдарды қорғауға мүмкіндік берген.
Бұған дейін Израильдегі мәліметтер бойынша «Pfizer/BioNTech» немесе «Modern» вакциналарының төртінші дозасы антиденелер санын едәуір көбейтуі мүмкін деп болжам жасалды. Алайда мамандар мұның омикрон штамына қарсы тұра алатынын әлі нақты дәлелдеген жоқ.
Желтоқсанда Израильде вирус жұқтыру қаупі жоғары топтар үшін қосымша ревакциналау шарасын бастамас бұрын сау қатысушыларға вакцинаның төртінші дозасын сынауды бастады. Мұндай зерттеу жұмыстары алғаш рет жасалуда.
«Менің ойымша, халықтың осал топтары үшін төртінші вакцинаға рұқсат беру туралы шешім дұрыс. Бұл аздаған болса да пайда әкелуі мүмкін, бірақ бұл әдісті бүкіл халыққа қолдану туралы шешімді қолдай алмаймын. Нақты дәлелдемелер қажет», – дейді Шеба медициналық орталығының жұқпалы ауруларды бақылау жөніндегі директоры доктор Гили-Регев Йочай.
Түпнұсқадан аударып, дайындаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!