Сенбі, 23 қараша, 04:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«ХАМАС»: Таяу Шығыстағы тартыс

16.10.2023

606 0

Таяу Шығыстың тыншитын сәті болар ма екен?! Бір-бірін жұлмалап, саяси мүдде айдауымен босып, барды ұқсата алмай келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Бәледей жабысқан «сыртқы экспанция қарғысынан» енді құтыла бергенде төңкерістен көз ашпаған. «Араб көктемінің» салқыны, содырлардың лаңы, өркениеттен кешеуілдеген тұрмыс тауқыметін сезіп-ақ тұр. Енді, міне, аядай жердегі Газа секторы мен Израиль арасындағы қақтығыс тағы өңір берекесін алды. Бұл жолғы тартысқа діни фактордың әсері болғандықтан объективті ақпар беру аса қиын. Әсіресе, қазақ қоғамына…

Неліктен қиын? Себебі бар. Қазақ жерінде ғасырлар бойы жүрген исламизация үрдісі, оған қоса соңғы жылдары белең алған діни комьюнитидің көбеюі аталған тақырыпқа бей­тарап қарауға мұрша бермей келеді. Мәселен, қатардағы көп қазақтың Украина-Ресей соғысына көзқарасы біржақты. Ресей – басқыншы, Украина – құрбан. Ал осы бөліністі Израиль мен Палестина қақтығысына қолдансақ, қоғам пікірі кереғар. Қорғанған Израиль – озбыр, шабуылдаған «Хамас» – азаттық жаршысы.

Неге бұлай? Мәселе идеология мен ұранда жатыр. Әлемдік спорттық дода, өнер фестивальдеріне көз салсақ, танымал тұлға­лар­дың Палестинаның туын желбіретіп, «Free Palestine!»/«Азат Палестина!» ұранын қайталағанын көп көреміз. Мұндай идеологиялық құралдың тарауы мұсылмандар арасында Израильге қарсы көзқарас қалыптастыруға үндеп, Газа секторындағы қарулы топқа жәрдемді меңзейді. Сондықтан болар, қазақ қоғамындағы көп жас Израильді қаралауға бейім.

Оқиғаны бұлай тарқатуымыз тегін емес. Себебі Ирак пен Сириядағы секілді теріс пиғылды діни ағымдар дәл осы идеологиялық құралды пайдаланған. Ақпарат көздері мен миссионерлер арқылы «зәбір көрген мұсылмандар», «кәпірлер қанап жатыр» деген аяныш туғызып, қатарын толықтыруда. Салдарынан сасық пиғылға арбалып, сан соғып талай адасқақты оралды. Сондықтан тіні нәзік тақы­рыпты жіктеуде қоғамға әсерін аңдау арқылы елдік ұстаным аражігін ажыратып алғымыз келді. Әзірге ұстаным жалқы. Тәуелсіз елге басып кіру – қашанда қылмыс.

«Қиямет соғысының» салдары

Мағынасы ауыр бұл соғыстың ел білетін тағы бір атауы – «қазан қақтығысы» немесе араб-израиль жанжалы. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң еврейлер Жерорта теңізін көктей өтіп, Таяу Шығысқа бет алды. Алғашында фашизмнен бас сауғалау үшін келгенін айтса, кейін киелі мекен Құдысқа (Иерусалим. -авт.) қоныс тебу ойда барын аңғартқан. Оның үстіне еуропалық сионистердің демеуімен Израиль мемлекетін құрған олар Палестина жеріне біржола орнығуды көздейді. Уақыт өте дәулетті еврейлер тұрғылықты халықтың Құдыс маңы мен жақын аймақтағы жерді сатып алу арқылы мекенін кеңейткені тағы бар. Осылайша, Палестинаның біршама бөлігі қарусыз-ақ еврей­лердің қолына өтті.

Дегенмен мұндай оқиға ауаны араб елдеріне ұнамады. О баста «жөйттерге» жаны қас арабтар олардың тәуелсіз ел болып, тіпті туған жеріне келіп қоныс тепкеніне қарсылық білдірді. Қарсылық білдіріп қоймай, ортақ жауға қарсы күш біріктірген. 1973 жылы Сирия, Египет, Ливан, Ирак және Трансиордания мемлекеттері Израильге соғыс ашты. Әрине, қарулы текетірес АҚШ-тың болысуымен Израильдің пайдасына шешіліп, арабтар жеңіліс тапты. Ол аз болғандай, Палестинаның басым бөлігі Израильге өтіп, жергілікті халық босқынға айналды. Байқасақ, «Қиямет соғысы» деген атаумен тарихта қалған қақтығыс салдарынан палестиналық босқындар мәселесі бүгінге дейін толастамай келеді. Қазіргі таңда аядай Газа секторына ығыстырылған босқындар саны 4 миллионға жуық.

«ХАМАС» қайдан шықты?

Соғыс біткесін араб әскері елдеріне оралды. Ал Палестинаның миллиондаған қорғансыз халқы қуықтай аймаққа тығылуға мәжбүр болып, өркениетпен байланысы нашарлады. Бір қапталы теңіз, екінші жағы жау. Әлеуметтік көмек жетпей, инфрақұрылым игілігін аз көрген. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген, содан бері Газа секторында түрлі ауру асқынып, радикалды ислам топтары шоғыры көбейгенін көрудеміз. Тіпті алғашында қарулас болған Египеттің өзі шекара жауып, бетоннан қорған өрсе, араб елдері гуманитарлық көмектен бас тартты. Қызығы сол, бүгінге дейін палестиналықтардың ата жауына айналған Израиль Газа секторын су мен газ, электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған санаулы елдің біріне айналды.

Осы орайда маңызды тұжырым шығады. Израильмен нешеме соғысып жүрген Палестина жұрты емес, сол маңдағы дербес ұйымдар мен содырлар тобы. Қарапайым халық Израильден сескенеді әрі түбі бұл жанжалдың жақсылық әкелмейтінін сезіп-ақ жүр. Алайда сыртқы саяси мүдде ол ойды ескеріп жатқаны шамалы.

Сыртқы саяси ықпалдың бір нәтижесі – «ХАМАС» ұйымы. Өткен аптада Израильді зымыранмен атқылап, шекарадағы елді мекендерге шабуыл жасап, адамдарды кепілдікке алған да солар. Мекені Газа секторында болғанымен қаржысы, содырлар құрамы, әскери тактикасы толық сыртқа тәуелді. Өткен ғасырда құрылған ұйым палестиналықтарды қарсы соғысқа үндеп, ауық-ауық Израиль шетіне шабуылын тоқтатқан емес. Қарсы тарап содырлармен күрестің сан түрін қолданып баққанымен нәтиже аз. Себебі Газа секторына дендей ену қиын әрі баскесерлер халық арасына жасырынудың түрлі жолын тапқан көрінеді.

Сондықтан Израиль қарымта жауап кезінде болмаса, бейбіт күнде арнайы операция жүргізуге құлықсыз. Оған қоса шекарадағы әскерін де азайтып, тек жоғары технологиялы қауіпсіздік құралдары арқылы бақылауға көшкен. 7 қазанда он мыңдаған содырдың кедергісіз шекара асуына Израильдің технологияға сенген бейғамдығы себеп деген болжам бар.

Даудың басы –

әл-Ақса мешіті

Жыл басталғалы мұсылмандардың киелі мешіті саналатын әл-Ақсада Израиль әскері мен құлшылыққа келгендер арасында жанжал арылмады. Кешегі апта содырлардың шекара асып қан төгуіне түрткі болған да осы оқиға-тұғын. Израиль тарапы азаматтар арасында радикалды ағым өкілдері бар деген желеумен мешітке бірнеше мәрте шабуыл жасап, жиылған топты күшпен таратты. Сол сәтте алғашқылардың бірі болып хабар таратқан CNN арнасының тілшілері Әбір Салман, Мұхаммед Тауфих, Дженнифер Хаузер даудың ушығатынын ескерткен-тін. Тіпті діни топтарды қудалау ғаламдық сипат алғанын айта келе ҚХР-дың Шыңжаңдағы азшылық ұлтты «қайта тәрбиелеу» практикасына ұқсайтынын жасырмаған болатын. Сәуірдегі хабардан мысал келтірейік.

«Жақында әлеуметтік желіде бейнежазба тарады. Оған сенсек, Израиль офицерлері мешіттегі адамдарды сабап, құрықтауға кіріскен. Израиль әл-Ақсаны палестиналықтарға бергісі жоқ. Бұл қадам мұсылман елдері мен халқын қарсы тұруға итермелеуі мүмкін», – деген еді. Айтқаны келіп, қанды оқиға болды.

Қазіргі ахуал

Қақтығыс болғалы әлемдік БАҚ ақпар таратуға асықты. Қаза болғандар мен жараланғандар санын айтып, кепілге алынған азаматтарды босату операциясын талқылаған. Әсіресе АҚШ-тың Израильге жасаған әскери көмегі де назардан тыс қалмапты. The Wall Street Journal басылымының сейсенбілік санында тілшілері Рори Джонс пен Дион Ниссенбаум арнайы мақала әзірледі. «Израиль қателігі» деп аталатын мақалада басымдық АҚШ көмегі тақырыбына беріліпті:

«Содырлар қолынан 2 мыңға жуық адам қаза болса, Палестинада мыңға тарта адам көз жұмды. Жағдайды бақылауға алу үшін Израильге АҚШ көмегі жетті. Ядролық қару, оқдәрі, медициналық құрал қатары толықты. Қазіргі таңда «ХАМАС»-қа тойтарыс беруге толық дайын», – дейді авторлар.

P.S. Бүгінде Қазақстанның Израильдегі елшілігінің консулдық есебінде 77 адам бар. Қазақстандық 5 студент Израиль университеттерінде білім алып жатыр. Ал 112 адам тағылымдамадан өтуде.

P.S.S. Оқиғадан соң Еуроодақ «ХАМАС» қозғалысын лаңкестік ұйым деп таныды. Алайда Қазақстан әлі ресми ұстанымын білдірген жоқ.

Шолу жасаған Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: