Мыңдаған израильдік еврейлер Иерусалимнің Ескі қаласындағы мұсылмандардың ауданында шеру ұйымдастыруға дайындалып жатыр. Айта кетерлігі, жыл сайынғы шеру бірнеше айға созылған қанды оқиғадан кейін ұйымдастырылмақ. Қарым-қатынас шиеленіскен кезде өткізілетін шараны Палестина президенті «отпен ойнау» деп атады. Бұл туралы ВВС арнасының тілшісі Раффи Берг «Иерусалимдегі шиеленіс кезінде Израиль жастарының шеруі өтпек» тақырыбында мақала жариялады.
Жалау шеруін Израиль 1967 жылғы соғыста Шығыс Иерусалимді басып алуына орай Иерусалим күні өткізеді. Көптеген ел мен палестиналықтар жоққа шығарғанымен, Израиль бүкіл Иерусалимді өзінің астанасы деп санайды.
Палестиналықтар Израиль басып алған Шығыс Иерусалимды өздерінің болашақ елінің астанасы деп санайды. Осылайша екі елдің біреуінің сөзін өзгесі арандатушылық деп санап, ара-қатынастарын шиеленістірген.
BBC тілшісі Йоланда Неллдің айтуынша, демонстранттар көбіне Батыс Иерусалимде жиналған. Онда олар мерекелік көңіл-күймен көше айналып билеп жүр. Кейбір алдыңғы қатарлы топтар қазірдің өзінде Дамаск қақпасы арқылы Ескі қаланың кіреберісіне қарай жүріп жатыр, сол жерден олар ежелгі аймақтың мұсылмандар кварталы арқылы шеру өткізуді жоспарлаған.
Бұған дейін Ескі қаладағы киелі орында палестиналықтар мен израильдік полиция арасында қақтығыс болған еді. Көп ұзамай жүздеген турист еврей, соның ішінде депутаттар полиция тоқтатпас бұрын билеп, Израиль жалауын желбіретіп, құлшылық еткен. Палестиналықтар мұндай әрекеттерді арандату деп санайтыны және содыр топтар бұған шыдамайтындарын ескертті.
Палестинаның ресми ақпарат агенттігі «Вафаның» хабарлауынша, президенттің баспасөз хатшысы Набил Абу Рудайне «Израиль Шығыс Иерусалимдегі қоныс аударушылардың қасиетті жерлерді қорлауына жол беріп, «отпен ойнауда», – деген мәлімдеме жасады. Палестина шенеуніктері мұсылмандар мен еврейлер құрмет тұтатын қасиетті жерге барған израильдіктерді туристерді «қоныстанушылар» деп атап, олардың қасиетті жерде болуын «қорлау» деп біледі.
Еврейлер мен басқа да дін өкілдеріне белгілі бір уақытта қасиетті орынға кіруге рұқсат етілген. Алайда сол кешенді басқаратын мұсылман билігімен ұзақ мерзімді келісімге сәйкес, құлшылық етуге, кез келген діни немесе ұлттық рәміздерді көрсетуге тыйым салынған.
Палестинада тұратын Иерусалим белсендісі Усама Бархам ВВС-ге «Бүгін қасиетті мешітімізде болған оқиға шеруде жүруден әлдеқайда қауіпті», – деп айтқан.
Бұл жер мұсылмандарға Харам аш-Шариф ретінде белгілі және мұнда Исламдағы үшінші маңызды орын саналатын әл-Ақса мешіті бар. Дәл сол төбедегі кешен еврейлерге ғибадатхана тауы ретінде белгілі және иудаизмдегі ең қасиетті орын саналады.
Өткен жылы Газадағы Израиль мен палестиналық содырлар арасындағы 11 күндік жойқын қақтығыс кезінде Газа секторының Хамас билеушілері қаланы зымыранмен атқылаған еді.
Ал Иерусалим күнін дәстүрлі түрде мыңдаған жас еврей атап өтеді. Олардың көпшілігі Израиль жалауын желбіретіп, би билеп, патриоттық әндер шырқайды.
«Израиль бізге тиесілі екенін көрсету үшін келдік және біз өз қаламыздан ешқашан бас тартпаймыз. Біз мұнда болғанымызға қуаныштымыз. Біз ұрысуға келген жоқпыз, елімізге деген мақтанышымызды көрсету үшін келдік», – деді шеруге қатысуға келген Эйтан Энгландер.
Шеру әл-Ақса мешітіне іргелес тұрған еврейлердің «Көз жасы қабырғасының» ғибадатханасында аяқталады. Ал биылғы шеру израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы онсыз да шиеленіскен ара-қатынас кезінде өтпек. Палестиналықтар мен израильдік арабтардың израильдіктерге қарсы шабуылы, соның ішінде шабуылдаушы, содырлар мен бейбіт тұрғындардың өлімі екі жақтың да ашу-ызасын тудырды.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!