Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 07:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Көлік саудасы: Америкадан Африкаға

23.05.2023

676 0

Соңғы жылдары Қазақстанда көлік саудасы көбейді. Соның ішінде шетелде қолданылған көліктерді алып келіп, ішкі нарыққа ұсынатындар көп. Бірақ олардың кейбірі жол-көлік оқиғасынан кейін қайта жөнделген болуы мүмкін. Жалпы жүрілген көліктерді сату батыста дамыған. Бірақ олардың көбі қоршаған ортаға қауіпсіз электромобиль қолдана бастауымен байланысты. Осы орайда шетелдегі көлік саудасы жайлы CNN арнасында жарық көрген Ними Принсвилл мен Элла Нильсен жазған «Батыс электромобильге көшкен тұста ескі көліктер қайда кетіп жатыр?» тақырыбындағы репортажын аудардық.

Репортаж Батыс Африкадағы Бенин мемлекетінде жазылған. Мақалада Бениннің қаржы және сауда қаласы Котонудан бастау алады. Кейіпкер Рокиб Яя «Fifa Park» атты автотұрақта күрең қызыл көлікті саудалап тұр. Қаз қатар жиылған көліктердің арасында жақсы ұсталғандарымен қатар соғылған, жөндеуді қажет ететін көліктер де бар.

Яя ұнатқан көлік 2008 жылы АҚШ-та шығарылған «Ford Escape». Оның бағасы бұл автопаркте шамамен 4000 долларға тең. Бұл тұрақтағы басқа американдық брендтерге қарағанда салыстырмалы түрде арзанырақ.  Яяның айтуынша, оны көліктің жүріп-тұру тарихы қызықтырмайды, тек бағасы қолжетімді болса болғаны.

Дегенмен арна тілшілері мұндағы көліктердің жағдайын анықтау мақсатында «Ford» тарихын арнайы зерттеп көрген. 14 жыл болған көлік өткен жылы автоаукционнан кейін Бенинге келген. 252 мың миль жүрген автомобильдің Вирджини мен Мэрилендте үш егесі болған. Алайда басқа көліктерге қарағанда «Ford» ешқандай жол-көлік оқиғасын «бастан өткермеген».

Бұл ескірген, жол талғамайтын көлік жыл сайын Батыс Африкаға Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа мен АҚШ-тан келетін миллиондаған ескі көліктің бірі ғана. Олардың көпшілігі Африканың пайдаланылған автокөлікті сататын Африканың Бенин мемлекетіне келеді.

«Африка порттарына қатынайтын пайдаланылған көліктер ағыны батыс электромобильдерге ауысқанда арта түседі деп болжануда. Дамыған елдер жылудың салдарынан жаһандық ластануды азайту үшін тұты­нушыларды электр көліктеріне жылдам ауысуда.

Ал газ және бензинмен жүретін көліктер халық саны артып келе жатқан Бенин сияқты дамушы елдерге жөнелтілуде», – деп жазылған мақалада.

Мақалада  мамандар мұндай сауда түрінің кері әсерін де бағамдап қойған. Экологиясы онсыз да ақсап тұрған дамушы елдерде көліктің көбеюі, соның ішінде зиянды газ бөлетін автомобильдің артуы ол елдердің климатына кері әсерін арттыруы мүмкін.

«Қолданылған жеңіл көліктердің әлемдік нарығы 2015 жылдан 2019 жылға дейін 20 пайызға дерлік өсіп, 4,8 миллионнан астам көлік экспортталды. Ковид пандемиясы басталған 2020 жылы экспорттың аздап төмендеуі болғанмен, қазір олардың саны өте жылдам өсіп жатыр», – дейді БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының өкілі Роб де Йонг.

UNEP (БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағ­дарламасы) мәліметі бойынша, АҚШ әлемдегі ескі көліктердің шамамен 18 пайызын экспорттайды екен. Олар бүкіл әлемге, соның ішінде Таяу Шығыс пен Орталық Америкаға, көпшілігі Нигерия, Бенин және Ганаға сатылады екен.

Ол көліктердің қатарында америкалық дилерлер бас тарт­қандары бар. Бірақ соғылған, аударылған көліктерді қайта жөндеп, сатылатындары да жоқ емес.

«Олардың көпшілігі Hyundai, Toyota секілді 5-6 жылдық эконом-класстағы седандар», – дейді халық­аралық автокөліктерді тасымалдауға маман­дандырылған «West Coast Shipping» компаниясының маркетинг директоры Дмитрий Шибаршин. Оның сөзінше, компания негізінен қымбат көліктерді тасымалдаумен айналысқанымен қолжетімді көлік­терге сұраныс жоғары.

Кения мен Нигерия сияқты ірі Африка елдерінде жеңіл және жүк көліктерінің 90 пайыздан астамы шетелдік қолданылған көліктер. Мысалы, Кениядағы флот сегіз жыл сайын екі еселеніп, бұрын көліксіз болған көшелер енді кептеліске толы.

Қолданылған көліктерге сұраныстың артуына мұн­дағы халықтың АҚШ-қа қарағанда жаңа автомо­бильді несиеге алуға мүмкіндік аз болуы да себепкер болып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Батыста электр көлік­терін пайдалану Африка елдеріне ескі көліктерді жеткізу артатындықтан, сұраныс көбеюі мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметі бойынша, биыл әлемде сатылатын әрбір бес көліктің бірі электрлі болады екен. Соның ішінде Қытай, Еуропа және АҚШ электромобильдер нарығында көшбасшы саналады.

«Fifa Park»-қа жиі баратын нигериялық көлік саудагері Виктор Оджо CNN-ге көліктің шығу тегін, қандай ақауы бар екенін оңай анықтауға болатынын айтқан: «Түтінді көп бөлетіндер негізінен АҚШ-тан келеді. Ал Канададан судан зақымдалған, электр тоғынан ақау пайда болған автомобиль жеткізіледі», – дейді Оджо.

Кейбір көліктердің катализаторлары бар. Бірақ ауаға лас газдың бөлінбеуінен қорғайтын бұл элемент қымбат металға бай болғандықтан көп дилер катализаторларын алып қалады екен.

«UNEP» мәлімдеуінше, Африка мен Азияға АҚШ, Еуропа және Жапониядан жөнелтілген миллиондаған көлік «ластаушы немесе қауіпті» болып келеді. Көбінесе ақауы бар немесе жетіспейтін компоненттер әсерінен олар улы түтін шығарып, ауаны ластайды және климатқа зиян тигізеді.

Батыс Африкаға келетін автокөліктердің зиянын азайтуға және қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ережелер бұған дейін қатаң емес еді. Бірақ соңғы уақытта оларды күшейтуге әрекет жасалған.

Мысалы, 2020 жылы Бенин және Батыс Африка мемлекеттерінің аймақтағы көлік құралдарының зиян­ды газ бөлуіне қатысты ережелер, соның ішінде пайдаланылған автокөліктерге 10 жас шектеуін және көмірқышқыл газын шығаратын автомобильдердің мөл­шеріне шектеулер енгізуге келіскен.  Дегенмен бұл заң­дылықтардың қаншалықты тексеріліп жатқандығы белгісіз.

«Елдің климатты қорғауы, экологияға назар аударуы «Fifa Park» – тен көлік сатып алуға келген Рокиб Яя үшін маңызды емес. Ол тек өзінің қаражаты жеткен көлікті ала алады»,  – деп жазылған мақала қорытындысында.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: