Бейсенбі, 26 желтоқсан, 08:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Корея сапары: Ғылым мен білімге құйылған инвестиция еселеп қайтады

27.05.2023

589 0

Бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев іссапармен Кореяда жүр. Облыс әкімінің Кореяға сапарлатуының мақсаты неде? Корея сапарынан

Сыр өңіріне қандай пайда болмақ?

Жалпы Корей елі қазақ үшін бейтаныс емес. Екінің бірі бұл елге табан тіремесе де, қарапайым қазақ корейліктер туралы жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Кореяның электроника саласында, тоқыма өнеркәсібі, автомобиль, кеме жасау өндірісінде алғы шепте екенін айтпағанда, жалпы жұртқа киноиндустриясымен, косметика өнімдерімен танымал екені белгілі.  Сериал­дары арқылы әрбір қазақ бір  ұлттың тұрмыс-салтын, мәдениетін, тіршілігін жақсы біледі деуге болады. Сондай-ақ корейлік косметика бұйымдары әлем нарығын жаулап алғаны белгілі. Білімге, жаңалыққа құштар еңбекқор елге қызыға қарайтындар аз емес. Сондай-ақ бір замандарда ел экономикасын көтеру үшін әрбір корей азаматы «тауықтан жаманбыз ба?» деген ұстаныммен ерте тұрып, еңбек еткені туралы аңыз бар. Демек, сырбойылықтарды туған жерінің бір перзенті ретінде еңбек етуге, тазалықты сақтауға, өз қаласын көркейтуге шақырып жүрген аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының Кореяға арнайы сапарлатуы тегін болмаса керек.

Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтында аймақ басшысының Корея еліне сапар барысы жарияланды. Сайттағы ақпарат: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 16-17 тамыздағы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайта түсті. Оның ішінде генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі Қызылорда облысы мен Корея Республикасының өңірлері арасында екі­жақты байланыстардың орнауына және дамуына зор серпін берді.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінен облыс делегациясының Кореяға са­парын қолдайтыны туралы хаттар, биыл Корея Республикасы Тэчжон қаласының мэрінің және Чоллабук-до про­винциясы губернаторының шақыру хаттары келіп түскен еді.

Осыған орай, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация 22 ма­мырда Корея Республикасының Сеул қала­сына іссапармен барды. Делегация құрамында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің ректоры Б.Кәрімова бар», – деп жазады.

Сырбойылық түлектер Шинхан университетінде оқитын болады

Іссапардың алғашқы күні делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті. Әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша маңдайалды ЖОО-лардың бірі – Шинхан университеті 1960 жылы құрылған.

Кездесуде Канг Сонг Чонг мырза Қызылордада университет филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Осы ретте алдағы 20-30 жылдықта өңірдің еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда. Осы мәселелерді әрі қарай пысықтау үшін алдағы шілде айында  Шинхан университеті президентінің Қызылордаға іссапарын ұйымдастыру көзделген. Еңбек нарығының болашақтағы бағыты зерт­телгеннен кейін Шинхан университетінің филиалы қандай мамандықтар бойынша ашылатыны нақтыланады.

Ғылым таппай мақтанба…

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Корея Республика­сындағы іссапары Сеул Ұлттық ғылыми-техникалық университетінің Президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесумен жалғасты.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

Корея – білім және ғылым, биотехнология, медицина, жасанды интеллект салаларында алдыңғы қатардағы мемлекеттердің бірі. Делегация мүшелері білім және ғылым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аса қызығушылық танытатыны­мызды атап өтті.

Қазақстан мен Корея арасында жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтас­тықты дамыту үшін биыл Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші уни­верситеттік жоба әзірленді. Жоба Корея Республикасының Үкіметінде мақұлданып, Білім министрлігінен гранттық жоба ретінде 1 млрд теңгедей қаржы бөлінеді.

Жоба аясында Қорқыт Ата университетінде жасанды интеллект мектебінің құрылуы – тек Қызылорда облысының ғана емес, жалпы еліміздің білім саласындағы үлкен жетістік.

Нәтижесінде өңірімізде IT технология­лар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғы­лымдар бойынша білім беріледі. Облыс әкімдігі өз кезегінде бұл жобаның өңірімізде сәтті іске асырылуына жан-жақты қолдау көрсетеді. Облыс әкімі екі білім ордасы арасындағы ынтымақтастық білім және ғылым сала­сындағы жаңа ғылыми жетістіктерге жол ашатынын атап өтті.

Тэджон – ғылым мен технологияның астанасы

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация 23 мамыр күні Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен кездесті.

Қызылорда облысы мен Тэджон қаласын ерекше тарихи байланыстар біріктіреді. 2021 жылдың тамыз айында Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан осы Тэджон қаласының Ұлттық зиратына әкелініп жерленген болатын.

Кореяның ең ірі қалаларының бірі және ғылыми-технологиялық астанасы – Тэджон қаласымен тиімді ынтымақтастық орнатуға ерекше назар аударылады.

Өзара байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында тараптар келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықтың бағыттарын айқындады.

Кездесу нәтижесінде Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырза мен Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлер арасындағы байланысты өркендету үшін бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында сауда-экономи­калық, инвестициялық, мәдени-гумани­тар­лық, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Тэджон қаласы жетекші білім және ғылым орталығы екендігін ескере отырып, Қызылорда облысының үздік мектеп түлек­тері үшін арнайы гранттар бөлу мәселесін қосымша қарастыру ұсынылды.

Бұл екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді. Өз кезегінде, облыс әкімдігі Меморандумда көзделген бағыттар бойынша белсенді жұмыс жүргізуге және жан-жақты қолдау жасауға дайын.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Корея Республикасы Тэджон қаласының мэрі Ли Чан Ву мырзамен кездесуден кейін Тэджон ұлттық зиратына қайта жерленген генерал Хон Бом До мемориалына барып, тағзым етті.

Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Генерал өмірінің соңғы жылдарын Қызылорда қаласында өткізгені белгілі. Туған жерінде батырдың ерлік даңқы ұмытылмаған. Ал Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған және қала көшелерінің бірі оның есімі берілген.

Кореялықтардың күріш егу құпиясы

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Чоллабук-до провинциясының губернаторы Ким Гван Ён мырзамен кездесті. Аймақ басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндік­терін жан-жақты таныстырды. Кореялықтар  ұсынылған ақпараттарға қызығушылық танытып, қолдау  ниетін білдірді.

Чоллабук-до – күріш өсіру және азық-түлік өндіруден Оңтүстік Кореяның басты ауыл шаруашылығы аймағы.

Облыс басшысы осы саладағы озық инновациялық технологияларды зерттеу­ге, «ақылды» фермалар құруға, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аса қызығушылық танытатындығын жеткізді. Сондай-ақ Қызылорда қаласында Корей күріш егу технологиялары мен әдістері зерттелетін демонстрациялық алаң құру ұсынылды.

Жоба аясында арнайы егістік жер бөлініп, кореялық күріш егу әдістері, су үнемдеу технологиялары мен суды мониторингілеу бойынша тәжірибе алмасу көзделуде.

Бастамалардың барлығын жүйелі іске асыру үшін Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мен Чоллабук-до провинциясы­ның халықаралық ынтымақтастық орталығы арасында Меморандумға қол қойылды.

Ауылдарды дамытатын агенттік

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Чоллабук-до провинциясының мэрімен кездесуден кейін Кореяның Ауылдық ай­мақтарды дамыту агенттігіне барып, оның жұмысымен танысты.

Осы провинцияда орналасқан агент­тік – ауыл шаруашылығы саласына озық тех­­нологияларды енгізу, кәсіпорындарды ғы­­лыми-инновациялық сүйемелдеу, «Ақыл­­ды фермалар» құру және жаңа ауыл шаруа­шылығы техникаларын жасау бағы­тында практикалық зерттеулер жүргізетін Кореяның бірегей орталығы.

Агенттікте егіншілік саласына жаңа әдістер мен сорттар қосу мақсатында Кореяның егін және күріш шаруашылығы ұлттық институты жұмыс жасауда.

Кездесуде күріш өсірудегі кореялық ин­новациялық әдістер мен технологияларды қолдану, суды үнемдеу мен мониторингілеудің озық тәжірибелерін енгізу бойынша бірлесіп жұмыс жасау ұсынылды.

Сондай-ақ әкімдік тарапынан кореялық әлеуетті компанияларымен бірлесіп, облыс аумағында жемістер, көкөністер және бақша өнімдерін терең өңдеуге бағытталған кәсіпорындар құруға ниет білдірілді.

Алдағы уақытта агенттік пен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арасында тиісті жұмыстар жалғастырылмақ.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: