Жексенбі, 22 желтоқсан, 23:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Коронавирус: «Аспан асты еліндегі» ахуал

18.01.2020

903 0

Әлемді әбігерге салған Қытайдағы коронавирус ­дүниежүзі назарға алған ғаламдық оқиғаға айналуда. Қауіптің бастауы мен өрбуі, әсері мен салдары, тосқауылдар мен емдік шаралары секілді мәселелері де қызу талқыда. Ал, атақты «The New York Times» басылымы мен «BBC» арнасы болса, Қытайдағы  қатерлі вирустан зардап шеккен науқастар мен оқшаулау аймағындағы тұрғындардың жай-күйінен тәулік бойы хабар таратуда. Сонымен, аспан асты елін астаң-кестең еткен коронавирус несімен қауіпті және Қазақстанға төнер қатер бар ма? деген сауалға жауап іздеп көрелік…

Теңізден сауда сөресіне дейін

Қытайдағы жаңа коронавирус туралы ақпарат тараған сәтте әлем «18 жыл бұрынғы вирустың зардабы қайталанады ма?!» деген үрейде болды. Олай дейтініміз, 2002 жылы Қытайдағы короновирустан 774 адам көз жұмған еді. Оның салдары да, тарихы әлі де әлем жадында. Ал, Ғалымдар коронавирус 2019-nCoV атауын берген жаңа қатерлі дерт белгілері кәнігі тұмаудың бастапқы кезеңіне ұқсас келетінімен ерекше. Вирус жұқтырған науқас жөтеліп, тұмауратады, кеуде қуысы ауырып, дене қызуы көтеріледі. Қытайдағы жаңа вируспен күрес ведомстволық тобының жетекшісі Чжун Наньшань Синьхуа ресми ақпараттық агенттігіне берген мәлімдесінде вирустың адамнан адамға таралатынын, науқастарды бақылау барысында бірнеше дәрігердің вирус жұқтырғанын мәлімдеген еді. Айта кетейік, коронавирустар – респираторлық синдром және жіті респираторлық синдром секілді ауыр жағдайлармен аяқталатын аурулар тудырушы вирустар тобына жатақандықтан өте қауіпті саналады. Ал, бұл вирус аспан асты елінде қалай пайда болды?

Негізгі қатер ошағы ҚХР-ның Хубэй провинциясына қарасты Ухань қаласынан бастау алған. Алғашқы жұқпалы дертке шалдыққан тұрғындар да  шаһардағы теңіз өнімдерін сататын сауда орталығының саудагерлері мен тұтынушылары. Ғалымдардың болжамына сүйенсек, мутацияға ұшыраған теңіз жәндіктерін пайдалану арқылы коронавирус адам ағзасына енген. Яғни, жылан, шаян секілді жабайы жануарлар вирус таратушы болуы ықтимал. Дәстүрлі тағамдар дені теңіз жәндіктері, бауырмен жорғалаушылар және жабайы құс етінен тұратын қытай асханасы теңіз өнімдерін тұрақты пайдаланатыны белгілі. Оған алғашқы вирус теңіз өнімдерінің сауда орталығында тарағанын қосыңыз. Сондықтан батыс ғалымдары бұл ықтималдықты жоққа шығару мүмкін емес деген пікірде. Ал, ҚХР Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының басшысы Ма Цзяовей Пекинде өткен баспасөз конференциясында аталмыш коронавирустың табиғаты әзірге белгісіз айтқан еді.

Бүгінде Ухань қаласынан басталған жұқпалы дерт Гонконг, Тайвань, Макаомен қатар, Тайланд, Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Сингапур аймақтарына дейін тарап, материк асып АҚШ, Франция, Австралияға дейін жеткен. Бұл да болса үрейлі алаңды үдеткен жайтқа айналды.


Карантин құрсауындағы қала

Мәселенің әлемдік сипат алғанын аңдаған ҚХР да қатерлі дертті ауыздықтау мақсатында нақты әрекетке көшті. Ухань, Хуангана және өзге деқалаларды карантинге жауып, қатынауды толық тежеу арқылы оң өзгеріске бір табан жақындағандей еді. Тіпті, елдегі жаңа жылдық шаралар мен көпшілік мерекелерді кейінге шегеріп, өткен жексенбіде Уханьдағы қалаішілік көлік қатынастары да тоқтатылған. Алайда, 40 млн  тұрғыны бар шаһарларды оқшаулау әрекетін әлем әрқилы қабылдады. Батыстық вирусология саласында ұзақ жылғы тәжірибеге ие мамандар мұндай көлемдегі карантин әлі қолданыста кездеспегенін айтып, тиімділігіне күмәнмен қарауда.

Осы орайда қалың елді алаңдатқан Қытайдағы қазақ студенттерінің жай-күйі екені сөзсіз. Соңғы кезеңде білім-ғылым ізденген буынның Қытай асып барар жері ­– Ухань қаласына айналған еді. Нақты дерек бойынша, мұнда 200-ден астам қандасымыз білім алуда. Бірнеше күн бұрын отандық сайттарда елге эвакуациялауды сұрап үндеу тастаған Уханьдағы қазақ студенттерінің жазбасы жарияланған болатын. Бұл мәселеге ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров карантинге байланысты қазақстандық студенттерді эвакуациялау әзірге мүмкін еместігін айтып:

Ухань қаласында 230 қазақстандық студент тіркелген. Бүгінгі таңда қалада 98 студент қалып отыр. Қалғандары демалыс басталғаннан бастап Қазақстанға және басқа елдерге аттанды. Ухань қаласындағы студенттермен біздің дипломаттар байланыс орнатты. Танымал мессенджерлер арқылы біздің студенттеріміз қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайдағы сақтық шаралары мен тәртіп ережелері туралы хабардар етілді. Біздің студенттер бар жоғары оқу орындарының басшылығымен жұмыс байланыс бар, – деді.

Әлем не дейді?

Қытай елінің жандәрмен әрекетіне әлемдік сарапшылардың көңілі тола қоймады. «BBC» арнасы Қытай билігін ақпараттандыру бағытындағы салғырттығын сынап, арнаның ресми сайтында бүгінге дейін вирустан көз жұмған адамдар саны 80-нен асып жығылуы мүмкін екенін хабарлады(!). Ал, «The New York Times», «The Washington Post» газеттері Ухань мэрінің қызметен кетуін саяси оң қадамға балап, премьер-министрЛи Кэцянның карантинге жабылған қалаға бас сұғуын жарыса жазуда. Ал, Британиялық вирусолог мамандар Қытай билігінің дертпен жалғыз күресуі нәтиже бермеуі мүмкін дейді.Сондықтан, қазіргі таңда британдық зерттеу орталығына тексеру мақсатында ҚХР-дан 34 науқас жеткізілген. Келісіп пішілген тонның келте болмасын ескерсек, дертке дауа емнің ұсынылар күні де алыс емес секілді.


Сақтансаң, сақтайды

Дерт шалғай болғанымен, шекара жақын. Сондықтан, қауіп сейілгенше, сергектік танытып, сақтық шараларына бекем  болу маңызды. Бұл орайда мемлекет басшысының нұсқауымен Қытаймен шекарадағы санитарлық-эпидемиологиялық және көші-қон бақылау күшейтіліп, «Қорғас» халықаралық шекаралық серіктес орталығының жұмысы уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, мамандар короновирустың Қазақстан аумағына таралуының алдын алу мақсатында азаматтарға ҚХР-ға жоспарланған сапарды кейінге шегеруге кеңес беруде.

Бүгінде Қытай тауарының сапасына деген елдің екіұдай пікірі соңғы жаңалықтан соң одан әрі ушыға түсті. Әлеуметтік желілерде тараған аталмыш вирустың банан өнімінен жұғуы ықтималдығы және Қытай өнімін тұтынуды тоқтатуға үндейітін жалған ақпарат елді тағы есепсіз еңгіреткен еді. Онсыз да көңілі алаң бұқараны күдік жетегіне сүйреген ақпардың ақ-қарасын Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Нұрмағанбетқызынан сұраған едік:

Бүгінде коронавирустың Қазақстанда таралуына тосқауыл қоятын көптеген шара жүзеге асуда. Оның ішінде шекаралық бақылау және жолаушыларды қатынассыз дене қызуын тексеру секілді жұмыстарды ерекше атауға болады. Сондай-ақ облыста жұмыс істейтін Қытай компанияларынан қызметкердің екі ел арасындағы тәжірибе алмасуын уақытша кейінге шегеруге және демалыс уақыттарында Қытайда болған жұмысшылардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауға алуға байланысты нақты шаралар жүргізілуде. Ал, әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа келсек, бүгінге дейін коронавирус 2019-nCoV дертінің жеміс-жидек арқылы жұғу жағдайы тіркелген жоқ. Сондықтан, бұл – жалған ақпарат, – деген пікір білдірді.

P.S: Социология ғылымында аз ұлттардың өмір сүруін тежейтін негізгі факторлардың бірі – жұқпалы дерт саналады. Бұған мысалды Еуропадағы оба қатерін айтсақ та жеткілікті. Тіпті тұқымы тұздай құрыған талай ұлттың да ажалы аурудан-ды. Әрине, жақсы сөз – жарым ырыс. Біздікі тек қазақтың ауыздықсыз ажал дертіне деген сақтығы мен қорғанысы мығым болса деген пікіріміз ғана.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: