збекстан президенті Шавкат Мирзиёев тәртіпсіздіктер орын алған Нүкіс қаласына барып, Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңес депутаттарымен кездесті, деп хабарлайды Stan.kz.
Парламент депутаттары және Қарақалпақстан халқының алдында сөз сөйлеген президент конституциялық заң жобасы жалпыхалықтық талқылаудан өтіп, кейін одан әрі жетілдіру үшін заң шығарушы органға өтетінін айтты. Тек осыдан кейін ғана жоба республикалық референдумға шығарылып, бұл сауалға қатысты халықтың еркін дауыс беретінін мәлімдеді.
«Осыдан соң Өзбекстан Республикасының конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», – деп атап өтті Мирзиёев.
Оның сөзінше, ел халқының парызы – бірлік пен бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау.
«Конституциялық реформаның басты мақсаты – осы. Біз бірге міндетті түрде Жаңа Өзбекстан мен Жаңа Қарақалпақстанды құрамыз. Осы бағыттағы барлық реформалар мен талқылаулар тек демократиялық жолмен іске асуы керек», – деп қосты ол.
Сондай-ақ Өзбекстан президенті Қарақалпақстан Республикасының құқықтық мәртебесі өзгеріссіз қалуы керек деп санайтынын айтты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!