Сенбі, 21 желтоқсан, 23:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Оңтүстік Кореядағы өзгеріс

12.03.2022

1208 0

9 наурызда Оңтүстік Кореяда Президент сайлауы өтті. Сайлауға дауыс беру құқығы бар 44 млн адамның 34 млн сайлаушысы өз таңдауын жасап, жеңіске оппозициялық консервативті «Азаматтық күштер» партиясынан үміткер Юн Сок Ёл жеңіске жетті. Бұл жаңалық туралы әлемдік басылымдар жарыса жазды. Себебі бұған дейін саясатқа ешқандай қатысы болмаған, соңғы 27 жылда прокурор болып қызмет еткен жаңа мемлекет басшысына оңай болмайын деп тұр. Бұл туралы CNN арнасының тілшілері Джесси Юнг, Юнджунг Сео мен Паула Хэнкос «Оңтүстік Кореяның жаңа президенті елді қалай таңғалдырады?» тақырыбында сараптамалық мақала жариялады.

Арна тілшілері жаңа президент елге қиын кезде келгенін жазады. Қазіргі кезде Оңтүстік Кореяда бірнеше шешімін табуы тиіс мәселе бар. Оның ішінде Солтүстік Кореяның сес көрсетуі, Оңтүстік Кореяның серіктестері АҚШ пен Қытайдың арасындағы шиеленістің артуы секілді мәселелер күн тәртібінде тұр. Одан бөлек ел ішіндегі эпидахуал мен сайлау алдында оның кандидаттығына қарсылық білдірген феминистік шерулер секілді мәселелер бар.

Мақалада жаңа президенттің келуімен Оңтүстік Кореяда қандай өзгерістер болуы мүмкін екені жазылған.

Сайлау кезіндегі басты сұрақтың бірі корейаралық қатынас еді. Себебі Солтүстік Кореяның ракеталық сынақтары көпшіліктің күдігін тудырды. Олар 2022 жылдың өзінде 9 ракеталық сынақ өткізді. Оның ішінде жоғары жылдамдықта әрекет етуге қабілетті «гипердыбыстық зымыранның» жаңа түрі оңтүстіктің сынына ұшырады.

Екі Корея арасындағы келіссөздер 2019 жылы жоспарланған АҚШ-Солтүстік Корея саммиті сәтсіз аяқталғаннан кейін тоқтап қалды.

Юнның сайлаудағы басты бәсекелесі, демократиялық партияның өкілі Ли экс-президент Мун көздеген өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты сақтап қалатынын айтты. Юн керісінше Оңтүстік Кореяның әскерін күшейтуге уәде беріп, тіпті Сеулге басып кіру белгілерін байқаса алдын ала соққы беретінін алға тартты.

Юн өзінің сайлауалды бағдарламасында Демократиялық партияны «Солтүстік Кореяға бағынышты саясатын» сынға алып, Солтүстік «толықтай ядролық қарусыздану саясатын ұстанбайынша» санкцияларды жеңілдетпеуге немесе бейбіт келісім жасамауға уәде берді.

24 қаңтарда Сеулде сөйлеген сөзінде Юн дипломатия мен диалогтың есігі «әрқашан ашық» болатынын, бірақ ол «бағынуға емес, күшті ұлттық қорғаныс ұстанымына негізделген» бейбітшілікке ұмтылатынын да тілге тиек етті. «Біз азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен мүлкін және еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау үшін кез келген арандатушылықтың алдын алатын қуатты әскери күш құрамыз», – деді Юн.

Бірақ сарапшылар мұндай қатал бағыт екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына әкелуі мүмкін деп дабыл қағуда. Кейбіреулер Солтүстік Кореяның агрессивті сынақтары одан бетер ушығуы мүмкіндігін ескертуде. Олар 2017 жылы Солтүстік Кореяның көп сынақ өткізгеніне АҚШ пен Оңтүстік Корея әскери қуатымен сес көрсетіп, экс-президент Дональд Трамптың «әлем ешқашан көрмеген соғыс ұйымдастырамын» деген кезіндегі жағдайдан да қиын болуы мүмкіндігін айтуда.

Седжон институтының өкілі Чон президенттікке Юнның сайлануы корейаралық қарым-қатынастардың «қырғи-қабақ соғыс кезіндегі қақтығыстарға қайта оралуы» мүмкін екенін айтты.

Тілшілер сонымен қатар «Юнның жеңісі Оңтүстік Кореяның өзара қырғи-қабақ танытып жүрген әлемнің екі алып державасы АҚШ және Қытаймен қарым-қатынасын өзгертуі мүмкін», – деп жазады.

Оңтүстік Корея алғаш рет 2016 жылы Солтүстік Кореяның зымырандық қауіп-қатерлерінен қорғану үшін АҚШ-та жасалған Terminal High Altitude Area Defence (THAAD) қорғаныс жүйесін орналастыратынын мәлімдеді. Қытай бұл зымыран жүйесі өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін алға тартып, екі ел арасындағы дипломатиялық қақтығыс бір жылға созылған еді. Екі ел арасындағы қоғамдық қатынас та нашарлап, кейбір Қытай азаматтары оңтүстіккореялық тауарларға бойкот жариялауға және наразылық кезінде танымал тауарларды жоюға шақырған болатын.

«Жаңа президент әкімшілігінен «Оңтүстік Корея мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар қайтадан нашарлап, Оңтүстік Кореяның дипломатиялық позициясы одан әрі тарылып, Корея экономикасы белгілі бір соққы алуы мүмкін», – дейді Чонг.

Юн сондай-ақ АҚШ-пен тығыз одақтасудың технологиялық артықшылықтарына тоқталып, бұл Оңтүстік Кореяға Қытай секілді бәсекеге қабілетті елдер алдында өзінің үстемдігін сақтауға көмектесе алады деп сендірді.

Экс-президент Мун мен АҚШ президенті Джо Байден өткен жылғы саммитінде екі лидер әскери одағын күшейтіп, технология, экономика, қоршаған орта және денсаулық саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Кейінірек бірлескен мәлімдемеде АҚШ-Оңтүстік Корея қарым-қатынасы «тұрақтылық пен өркендеудің негізі» деп аталды.

Жаңа президент Юн Сок Ёл да АҚШ-пен тығыз байланысты күшейтетін секілді. Бейсенбіде Байден мен Юн телефон арқылы сөйлесіп, АҚШ президенті Юнды Ақ үйге қонаққа шақырды. Байден Оңтүстік Кореямен тереңірек екіжақты қарым-қатынасқа үміттенетінін және «Солтүстік Корея саясатына қатысты мәселені шешу маңызды болады» деп айтты.

Оңтүстік Кореядағы сайлау қарсаңында гендерлік мәселе өршіп, жас сайлаушылар гендерлік теңсіздікті алға тартты. Бәсекелік жұмыс нарығы мен үй бағасының шарықтауымен бетпе-бет келген «антифеминистер» елдің гендерлік тең-сіздікпен күресудегі ұмтылысы көбінесе әйелдердің пайдасына тым артық екенін айтқан еді. Ал феминистер елде кең

таралған зорлық-зомбылықты, директорлар кеңесі мен саясатта әйелдер үлесі төмендігін, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің әлі де кең тарағанын алға тартты.

CNN арнасы Юнның гендерлік саясатқа қарсы пікірін білу үшін оның кеңсесіне хат жолдағанымен ешқандай жауап ала алмаған.

Антифеминистер Оңтүстік Кореяда қуатты сайлаушыларға айналған. Оған сәуірде Мунның Демократиялық партиясы Сеул мен оның екінші үлкен қаласы Пусанда мэр сайлауында жеңіліп қалғаны, 20-дан асқан жастардың басым көпшілігі Юнның халықтық билік партиясына дауыс бергені дәлел.

Сайлау жақындаған сайын кейбіреулер Юн жеңіске жетсе гендерлік айырмашылық одан әрі кеңейіп, әйелдер құқығын алға тартқан қозғалыстар кері шегінуі мүмкін деп қауіптенген еді.

Міне, жаңа мемлекет басшысының осындай сыртқы және ішкі мәселелерді шешу міндеті тұр. Дегенмен Оңтүстік Корея халқы Юн өзі сөз берген, сайлауалды бағдарламасында қозғаған мәселелерді шешетініне сеніммен қарауда.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: