Женевада әлемдік держава саналатын Ресей мен АҚШ президенттері Путин мен Байден саммит өткізді. Жиында белгілі бір келіссөздер жүргізе алмаса да екі елдің басшылары да бұл бас қосуды жоғары дәрежеде бағалады. Президенттер бір-біріне өздерінің келіспеушіліктерін айтып, өзара келісімшарт та жасасты. Осыған орай ВВС арнасы Солтүстік Америкадағы арнаның редакторы Джон Сопелдің талдауын қосып «Байден мен Путин Женева саммитін мақтағанымен, өзара келіспеушіліктер әлі сақталуда» тақырыбында мақала жариялады.
Жиыннан соң Байден келіссөздер жүргізілгенімен, аса маңызды мәселелер шешілді деуге келмейтінін және Ресей кезекті қырғи-қабақ соғысты қаламайтынын айтты. Ал Путин өз кезегінде Байденнің тәжірибелі саясаткер екенін, сондықтан кездесу бір демде өткенін жеткізді. Үш сағатқа созылған жиын жоспарланған уақыттан бұрын аяқталған. Екі ел басшылары бұл жиынға ұзақ уақытты жұмсаудың қажет еместігін, өзара қарым-қатынас жақсарғанын мәлімдеді.
Жиында АҚШ президенті Путинге сыйлық ретінде тапсырыспен жасалған президенттік стильдегі көзілдірік пен хрустальды буйволдың мүсінін сыйлады. Ал 2018 жылы Трампқа футбол добын сыйлаған Ресей басшысының қандай сыйлық сыйлағаны белгісіз. Келіссөздерге келер болсақ, материалда екі ел басшылары ядролы қаруды басқару туралы келісімге келу жолын қарастырған. Сонымен қатар олар астаналарына мемлекеттік елшілерді қайта жіберуге келіскен. Елшілер АҚШ-тың президенттік сайлауы кезінде Ресейдің сайлауға араласты деп айыпталуына байланысты орындарынан кетіп қалған болатын.
Дегенмен, басылым екі ел киберқауіпсіздік, Украина мен қамауда жатқан оппозиционер Навальныйге байланысты ешқандай келісімге келе алмағанын жазады. Бірақ Байден Навальный түрмеде қайтыс болса, Ресейге деген әлемдік көзқарас теріс жағына өзгеретінін айтқан.
Саммиттің алдында екі ел басшылары да қарымқатынас деңгейі өте төменде екенін айтқан. Сонымен қатар жиын басында Путин өзара тұтқындармен алмасу арқылы бір ымыраға келуге болатынын меңзеген. Ал кибершабуыл туралы мәлімдемені жала деп, Путин Ресейге жасалған көп шабуылдың америкалық кибершабуылшылардың ісі екенін айтқан. Ал Байден Ресей билігіне инфрақұрылымдық маңызы бар су мен энергия секілді нысандарды шабуылдан қорғау керектігін ескерткенін алға тартқан.
«Мен оған қарап «Егер кибершабуылшылардың Ресейдің мұнай кен орындарындағы құбырларды басып алса өзіңізді қалай сезінесіз? Шабуыл орын алса біздің жауап дәл осындай болмақ» деп ескерттім», – дейді Байден жиыннан кейін берген сұхбатында.
Сонымен қатар екі президент те адам құқығы, әсіресе қарсылық білдірген митингілер мәселесінде қарамақайшы пікір айтқан.
Путин АҚШ-тың 24 күнге аштық жариялаған Навальныйға деген алаңдаушылығын орынсыз деп танып, оған ешқандай қысым көрсетіліп жатпағандығын алға тартқан. Ресей президенті Навальныйдың заңды бұзғанын және Германиядан емделіп келген соң түрмеге қамалатынын ескерткенімен, ол бұл ескертуге құлақ аспағанын айтқан. Сондай-ақ Путин өз елінде Капитолиядағыда көтеріліс пен «Black Lives Matter» секілді қозғалыстың болғанын қаламайтынын жеткізген.
Байден өз кезегінде жауап ретінде АҚШ-та адам құқығы әрқашан басты назарда болатынын сөз еткен.
Журналистердің «Ресей не үшін АҚШ-пен бірігіп жұмыс істегісі келеді?» деген сұрағына Байден «Қытай оларды қыспаққа алуда. Бірақ олар қалай да әлемдік держава болып қалғысы келеді», – деп жауап берген.
Баспасөз мәслихатында тілшінің «Байден Путинге сенеді ме?» дегеніне АҚШ президенті басын изеген. Дегенмен баспасөз жиынынан кейін Ақ үй «Байден басын изеп журналистерге алғысын ғана білдірді» деп Twitter-де жазба жариялады.
Ал ВВС арнасының Мәскеудегі тілшісі Сара Рейнсфорд Путин Ресейдің экономикасы әлдеқайда төмен болғанымен, ядролық қаруы бар держава екенін, сол үшін Байден келісімге келгісі келетінін айтуға ұмтылды деп жазған.
Екі ел басшысы қатысқан Саммитке байланысты арнаның Солтүстік Америкадағы редакторы Джон Сопел «Лайықты қарсылас» атты аналитикалық материалы да бұл мақаладан орын тапты.
Редактор бұл жиын арқылы Байден шиеленіскен сұрақтарды талқылағанын жетістік деп санауы мүмкін екенін жазады. Д.Сопел өзі қатысқан баспасөз жиынында Байден «Мен Трамп емеспін» деген ұстанымын жұрт назарына ұсынғысы келгенін жазған. Сондай-ақ редактор өз жазбасында АҚШ президенті Ресей олардың киберқауіпсіздік, адам құқығы туралы ескертуін назарға ұстамаса Америка нақты қандай жауап беретінін түсінбегенін де қосқан.
Сондай-ақ редактор «Путин Мәскеуге барған соң «Мұның барлығын айтқанымен ол не істейді?» деп ойлайтынына сенімдімін. Кейін Ресей мұны білгісі келгенде, Байденнің шешім қабылдауы керек болады», – дейді өз талдау мақаласында.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!