Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Қысқа дайындық қызу

05.11.2022

831 0

Ресейдің инфрақұрылымға шабуылы Украина халқына біраз қиындық тудыруда. Тұрғындар  қарапайым жарықтан бөлек ауызсу, жылудан тапшылық көруде. Киев тұрғындарының осындай жағдайда қысқа дайындық жүргізіп жатқаны туралы Юлия Кесаева мен Роб Пичета CNN арнасында жарияланған «Киев тұрғындары қысқа дайындық үстінде» атты репортажында жазды.

«Ресейдің ракеталық шабуылынан кейін қою түтін тараған соң және дабыл басылғаннан кейін Киев тұрғындары жаппай ауызсу алуға кезекке тұрды. Қалада электрэнергиясының болмауынан кешкілік кезде тастай қараңғы. Әсіресе дүйсенбі тұрғындар үшін аса қиын болды. Себебі ракеталық шабуылдың әсерінен ең маңызды инфрақұрылым қирап, қалада хаос орнады», – деп жазады тілшілер.

Тұрғындарды ауыз сумен қамтасыз етіп отырған 60 жастағы дүкен сатушысы Наталья қандай қиындыққа тап болғандарын айтып берді: «Дүйсенбіде қалада жарық мүлде болмады. Тұрғындарға таза ауызсу қажет бол­ғандықтан резервтік генераторды қостық. Адамдар ұзын сонар кезекте тұрғанда генератордың тек 4 сағат қана жұмыс істеуге қуаты жетті. Кешкілік қайтадан жарық қосылды. Бірақ аз уақытқа ғана дейді», − дейді сатушы.

Сондай-ақ сатушы үлкен бөтелкелерге су толтыра алмайтынын айтқан. Дегенмен кішкентай ыдыспен су толтыруға келген аналар мен балаларға ұзақ уақыт алса да су беруге тырысып жатқанын жеткізді.

Киев қаласының мэрі Виталий Кличко өзінің Телеграм каналында қаланың 80 проценті ауызсусыз және электрсіз қалғанын жазды. Өз сөзінде сондай-ақ ракеталық шабуылдың әсерінен қаланың 350 мың пәтерін жарықпен қамтамасыз етіп отырған нысан зардап шеккенін айтты.

Киевке келген қытымыр қыс пен ресейлік толассыз шабуылдың әсерінен қала мен оған қарасты ауылдар біраз қиындыққа тап болған. Миллиондаған адам қыстан аман шығудың амалын жасап жатыр екен.

Дүйсенбіде Киевке жасалған кезекті шабуыл бұл қала Ресейдің тұрақты нысанасына айналғанын дәлелдеп отыр. Бірнеше ай бойы шабуыл Украинаның шығысына жасалуы жазғы уақытта Киевте біраз тыныштық ор­натқан еді. Алайда 10 қазанда Ресейдің алғашқы жаңа ракеталық шабуылы қаланың астан-кестеңін шығарды.

«Қыстың оңай болмайтыны түсінікті. 10 қазанда мұндағы кезекті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Барлығы қыстың қамына кірісіп кеткен. Жағдайдың тұрақсыздығына байланысты адамдар көптеп азық-түлік алып қойғысы келеді. Барлығына қолжетімді болуы үшін жеңілдік жасаймыз. Алайда адамдар одан сайын көп тамақ алады», − дейді сатушы.

36 жастағы Ольга − мектеп мұғалімі. Сейсенбіде үйінде су тоқтап қалғандықтан ол да бүгінде кезекте тұруға мәжбүр.

«Үйде қазір су, жылу мен жарық жоқ. Кешкілік уақытта біз майшаммен отырамыз. Жарық жанса да тұр­мыстық техниканы да қоспауға тырысамыз. Осылай қаланы тоқпен қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосамыз. Мектепте сабақ генератордың көмегімен өтеді. Жарық болмаған күннің өзінде де сабақты өткізу үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Мұғалімдер бұрынғы мектеп кезіндегідей − кітаппен немесе тақтаға жазу арқылы түсіндіруде», − дейді мұғалім.

Өз сөзінде мұғалім білім алушылардың соғысқа үйреніп те кеткенін айтты. «Оқушылар сабақ кезінде әскерилердің суретін салады. Жоғары сынып оқушылары солдаттарға маскировка тігеді. Ал дабыл қағылғанда біз жертөлеге тығыламыз. Олар барлығын түсінеді. Олар енді соғыстан қорықпайды», − дейді Ольга.

Ауа райы салқындаған сайын тұрғындардың ыстық тамақ ішкісі келетіні табиғи заңдылық. Бірақ қазіргі жағдайда ыстық тамақ ішуге мүмкіндік жоқтың қасы. Қазіргі кезде температура соншалық төмен бол­мағанымен қараша мен наурыз аралығында бұл аймақта күн қатты суытады.

Киев басшылығы мектептерде, балабақшаларда және қаланың басқа да орындарында төтенше жағдай болған кезде пайдаланатын 1000-ға жуық «жылыту пункттерін» орнатуға тырысып жатқанын айтты. «Біз оқиғаның жалғасуы туралы түрлі сценарийді қарастырып жатырмыз. Ең қиыны қала жарық, су және жылусыз қалуы», −  деді мэр «Киев» телеарнасының эфирінде.

Әскери сарапшылар алдағы айда Украинаның шығысында аяз болғандықтан соғыстың қарқыны баяулауы мүмкін деп болжайды. Бірақ Украинаның электр желісіне жасалған шабуыл салдары бүкіл елдегі үйлер мен кәсіпорындарға кері әсер ететіні анық.

Украина президенті Владимир Зеленский өткен апта­да кезекті шабуылдан кейін: «Варварлар біздің энергия­мызға шабуыл жасауда. Бірақ мен бұл зұлматтан батыл­дықпен және абыроймен өтетінімізге сенімдімін», −  деді.

Зеленский елінің суық және қиын қысқа дайындалып жатқан кезде халықаралық көмекті қамтамасыз ету үшін күш салуда. Сейсенбі күні ол Киевте Еуропалық энергетика комиссиясының жоғары лауазымды қыз­меткерімен кездесіп, ұлттық ресурстарды нығайту жос­парын талқылады.

Үкімет мәлімдемесіне сәйкес, ол Украинаның энер­гетикалық инфрақұрылымын қайта құру қажеттілігін егжей-тегжейлі айтып, Еурокомиссияны ЕО-ға мүше елдердің көмегін тартуда үйлестіруші рөл атқаруға шақырды.

Франция президенті Эммануэль Макрон Зеленскийге Париждің Украинаға қыстан шығуға көмектесетінін айтты.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: