Жұма, 11 қазан, 06:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Саяси соғыс

02.07.2022

791 0

Ресейдің Украина жеріндегі соғысы әлі аяқталған жоқ. Бүгінде барлық әлем назары ауған бұл соғыс турасында өрбіп жатқан жаңалық та аз емес. Әсіресе осы аптада НАТО құрамындағы мемлекеттер Путинге қарсы саясатын одан әрі күшейту үшін бірнеше шешім қабылдап, еуропалық басшылар өз пікірлерін білдірді. Саяси жаңалықтар мен соғыстың соңғы ақпаратын CNN арнасы сағат сайын жаңғыртып, жариялап тұрды. «Әбігер әлемнің» кезекті мақаласында соғыс пен оның айналасындағы саяси текетірестердің бір сыпырасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

НАТО Швеция мен Финляндияны құрамына қосу үшін ресми шақырды. Бұл – Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғысы жалғасып жатқан кезде Еуропаның қорғаныс блогын кеңейту мақсатында жасалған шешім.

«Финляндия мен Швецияның қосылуы олардың қауіпсіздігін арттырып, НАТО-ға күш қосады және Еуроатлантикалық аймақты қауіпсіздендіреді. Альянс үшін Финляндия мен Швецияның қауіпсіздігі, соның ішінде НАТО-ға қосылу процесі кезінде де тікелей маңызды», – делінген хабарламада.

Сәрсенбіде АҚШ президенті Джо Байден мен НАТО-ның басқа да жетекшілері Мадридте жиналып, Ресейдің Украинадағы соғысы бәсеңдемеуіне бай­ланысты альянстың шығыс қанатында күштердің жаппай жинақтауды бастағанын жариялады. НАТО басшысы Йенс Столтенбергпен бірге қатысқан жиында Байден Мәскеудің агрессиясына қарсы қауіпсіздікті арттыру мақсатында жаңа әскери қозғалыс пен қару-жарақты жөнелту шарасы басталғанын айтты.

Бұл уақытта Луганск облыстық әскери әкімші­лігінің басшысы Сергей Гайдай Лисичанскіге шабуыл жасамақ болған ресейлік әскерилер Украинаның шығысындағы 15 мыңдай адам қалған қаланы атқылап жатқанын мәлімдеді. Өз сөзінде қолбасшы қала аумағында қақтығыстар жалғасып жатқанын, украиналықтар ресейлік әскердің казармасы мен қару-жарақ қоймасына шабуыл жасап жатқанын айтты. Сондай-ақ оның сөзінше, ресми өкілдер ескерту жасағанымен 15 мыңға жуық қала тұрғыны майданнан шықпай отыр. Бұған толассыз жауған оқ пен тоқтаусыз қақтығыс себеп болуда.

Ал Владимир Путин сәрсенбіде Украинаның Кременчук қаласындағы сауда орталығындағы кем дегенде 18 адамның өмірін қиып, ондаған адамның із-түссіз жоғалуы мен жарақат алуына себеп болған шабуылға Ресейдің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«Ресей армиясы ешбір азаматтық нысанаға шабуыл жасамайды. Бізге мұның қажеті жоқ. Бізде нақты жерлерді анықтауға толық мүмкіндігіміз бар және алыс қашықтыққа ұшатын қаруларымыздың арқасында біз өз мақсаттарымызға жеттік», – деді Путин Ашхабадта өткен «Каспий бестігі» саммитінде.

Сондай-ақ Владимир Путин Швеция мен Фин­ляндияның НАТО-ға кіруіне еш алаңдаушылық білдірмейтінін айтты. Одан бөлек қандай да бір қауіп төндіру болса Ресей «дәл солай» жауап беретінін де ескертті.

«Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қо­сылуы бізді алаңдатпайды. Тек ол жерге әскери кон­тингенттер мен инфрақұрылымды орналастырса, біз де жауап беріп, қауіп төнген аумақтарда біз де қаруды күшейтеміз», – деді Путин.

Латвия премьер-министрі Кришьянис Каринс НАТО басшыларының Мадридте альянстың шығыс қапталындағы қорғанысын күшейту бойынша шешімдерін құптағанын және бұл «Мәскеу үшін өте айқын сигнал» екенін айтты.

«НАТО басшылары осы кезге дейін қорғанысты күшейтетінін бірнеше рет айтты. Бүгінде бұл сөздер нақты іс-әрекетке айналды. Біз әр метр жерімізді қор­ғайтын боламыз», – деді премьер-министр.

АҚШ ұлттық барлау орталығының директоры Ресейдің Украина жеріндегі соғысынан кейін қару-жарағын қайта күшейтуге  біраз уақыт қажет бола­тынын, сол себептен «ядролық соғыс» қаупі артатынын айтты.

«Олардың құрлықтағы күшінің нашарлағаны сонша, қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет болады. Бұл Ресейді «ассиметриялық құралдарға» көбірек тәуелді етуге, соның ішінде кибершабуыл, энергияны бақылауға немесе тіпті ядролық қаруды қолдануға итермелеуі мүмкін», – деді ол Вашингтондағы конференцияда.

Украина президенті Владимир Зеленский сәр­сенбіде 10 ресейлік зымыранның оңтүстіктегі Николайев қаласында «азаматтық нысандарға» тиіп, кемінде бес адамның қаза тапқанын айтты.

«Сонымен қатар Очаково, Днепр, Харьков пен Сумск облыстары да Ресей шабуылының астында қалды. Бұл шабуылдың барлығы Ресейге жасалған әлемдік қысымның әлі де аз екенін көрсетеді», – деді Зеленский.

Украина қарулы күші өздерінің «сәтті опера­циясын» жүзеге асырғаннан кейін ресейлік әскер Жыланды аралдан кеткенін мәлімдеді. Дүйсенбіде украина әскері аралдағы ресейдің екінші зымыран кешенін жойғанын және ұстау барысында бірнеше ресейлік жауынгердің көз жұмғанын айтты.

АҚШ президенті Джо Байден мен оның НАТО-дағы әріптестері бейсенбі күні қорғанысты күшейту мақсатындағы саммитке қатысты. Алайда жиында қабылданған санкциялар, саны артқан әскери көмек, НАТО күшін арттыру шаралары дәл қазіргі кезде Ресейге қолайлы болып отырған соғыстың қан­шалықты өзгертетіні белгісіз.

Одан бөлек Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон бейсенбідегі НАТО саммитінде Ұлыбритания Украинаға тағы 1 миллиард фунт стер­линг әскери қолдау көрсететінін айтты.

«Қаржыландыру көлемі артқан бұл көмектің артуы халықаралық қауымдастықтың Украинаны қолдауының жаңа деңгейін көрсетеді», – деп Джонсон заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, инновациялық электрон­ды соғыс техникасы және украиндық жауын­герлер үшін өмірлік маңызды жабдықтар жеткізетінін айтты.

БҰҰ-ның Украина бойынша тұрақты үйлестіру­шісі 16 миллионға жуық украиндық гуманитарлық кө­мекке мұқтаж екенін айтты. «Бүгінде Украинада 16 миллионға жуық адам гуманитарлық көмекке – суға, азық-түлікке, медициналық қызметтерге, баспанаға және қорғанысқа мұқтаж», – деді Оснат Лубрани. Ол сондай-ақ қақтығыс салдарынан осы уақытқа дейін кемінде алты миллион адам ел ішінде қоныс аударғанын және 24 ақпандағы басқыншылықтан кейін тағы 5,3 миллион адам шетелге қашып кеткенін айтты.

НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг азық-түлік дағдарысының шиеленісуіне НАТО мүшелерінің Ресейге қарсы санкциялары себеп болғанын жоққа шығарды.

«Президент Путин мен Қытай қазір түрлі жал­ған ақпарат таратқанына қарамастан, азық-түлік дағ­дарысы НАТО санкцияларынан туындамағанын айт­қым келеді. Бұған президент Путиннің соғысы себеп болды және азық-түлік дағдарысын тоқтатудың ең жақсы жолы – соғысты тоқтату», – деді Столтенберг.

Сонымен қатар «Ол Украина қарулы күшін, бас­шылығы мен украин халқының батылдығын мүлде бағаламады, сонымен қатар НАТО мен Украинаны қолдаудағы серіктестердің бірлігін назарға алмады», – деген Столтенберг Путиннің қателік жасағанын алға тартты.

Сәрсенбіде ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Дамаск Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасының тәуелсіздігін мойындағаннан кейін Украина Сириямен дипломатиялық қарым-қатынасты үзгенін хабарлады.

«Украина Сыртқы істер министрлігі Сирия Араб Республикасының Украинаның Донецк және Луганск облыстарындағы уақытша басып алын­ған аумақтардың «тәуелсіздігін» тану туралы ше­шіміне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Біз бұл шешімді Украинаға қарсы әрекет деп қабылдап, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғу және Украина заңнамасын, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі нормалары және принциптерін өрескел бұзу деп санаймыз», – делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: