Сейсенбі, 24 желтоқсан, 05:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Шекарадағы шиеленіс

19.02.2022

953 0

Соңғы уақытта Ресей мен Украина арасындағы шиеленісте АҚШ президенті Джо Байден көбірек төбе көрсетіп, ахуал туралы баяндап жүр. Одан бөлек ол бұл мәселені шешуге де өз септігін тигізгісі келетіні анық. Дегенмен шекарадағы жағдай мен елдегі ахуал туралы да қалың жұртшылықтың білгісі келетіні жасырын емес. Осыған орай «The Wall Street Journal» басылымында газеттің сыртқы істер бойынша бас тілшісі Ярослав Трофимов, Киевтегі тілші Томас Гроув пен Мәскеудегі меншікті журналист Энн Симонстың «НАТО басшысы Ресей әлі де әскерін Украинаға жақын жерге жинап жатқанын мәлімдеді» тақырыбында мақала жарық көрді.

Мақалада көрсетілгендей, Мәскеу өз әскерінің бір бөлігін қайтара бастағанын мәлімдеп, танктер мен бронетранспортерлердің шығарылуы туралы бейнежазбаларды жариялағанына қарамастан, Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымының Бас хатшысы Украинаның айналасында ресейлік әскери қуатының артуы жалғасып жатқанын айтқан.

Сәрсенбіде, яғни АҚШ барлау қызметінің мамандары Ресейдің басып кіруі ықтимал деп жариялаған күні украиндықтар ынтымақтастықты қолдайтынын және берілмейтінін білдіру мақсатында ұлттық туды көтеріп, таңертеңгілік салтанатты жиында мемлекеттік әнұранды шырқап, шеруге шыққан. Бір күн бұрын елдегі екі ірі банкке кибершабуыл жасалып, төлемдерді уақытша тоқтаған және шоттарда теңгерім нөлге теңескен болатын.

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг одақтастыққа мүше 30 елдің қорғаныс министрі жиналған Брюссельдегі жиында: «Біз Мәскеудің дипломатиялық келісім жүргізуге дайын екені туралы белгіні түсіндік. Бірақ біз әзірге шекарадағы деэскалацияны байқаған жоқпыз. Керісінше Ресей әскери қуатын арттыруды жалғастырып жатқан сияқты», – деді.

Соңғы аптадағы мәлімет бойынша, Украинаға жақын жерде 130 мың ресейлік әскер шоғырланып, 30 мың әскер Беларусь жеріне тұрақтаған. Осыған байланысты АҚШ өзінің Киевтегі елшілігін жауып, дипломаттар мен әскери қызметкерлерін елге қайтарып алған. Ал Ресей президенті Владимир Путин сейсенбі күні Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесу кезінде әскерді «кезең-кезеңімен қайтару» туралы бұйрық бергенін және Ресейдің қауіпсіздік талаптары мен Украинаның болашағы туралы Батыспен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтты.

Сәрсенбі күні Ресей Қорғаныс министрлігі бөлімшелердің кейбірі 2014 жылы аннексиялап алған тұрақты базаларына қайта орала бастағанын хабарлаған. Бұл базалардың кейбірі Украинаға жақын жерде орналасқанын ескерген жөн.

Украина да Ресей мен Беларусь жеріне жақын орналасқан, ресейлік теңіз десанты әскерлерінің шабуылына осал аймақтарда өз жаттығуларын бастаған. «Украинаны қорғауға тиістілердің барлығы өз жұмысын істеуде. Қауіпті тәсілдердің алдын алу үшін арнайы позицияларға жеткізілуі керек барлық әскери жеткізіліп, оқ-дәрілер жеткілікті түрде жасақталды», – деп мәлімдеген Украинаның қорғаныс министрі Алексей Резников сәрсенбі күні жергілікті теледидарда жариялаған үндеуінде.

Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбіде Беларусь маңындағы Ровно облысындағы оқу-жаттығуларды тексеріп, кейінірек елдің шығысындағы Донецк маңындағы әскерилерге барған. Бұл туралы Украинаның президент кеңсесі хабарлады. Зеленский өз сөзінде «Біздің өмірге деген ортақ ұмтылысымыз бізге бейбітшілікте, бірге өмір сүруге көмектеседі. Біз Украинадамыз және біздің елімізді өзімізден артық ешкім қорғай алмайды», – дейді.

АҚШ-тың ресми өкілдерінің айтуынша, Ресей Украина астанасына солтүстіктен шабуыл жасау үшін пайдалана алады деп есептеген Беларусьтегі әскери жаттығулар 20 ақпанда, ал Ресейдің Қара теңіздегі әскери-теңіз жаттығулары 19 ақпанда аяқталуы керек. Бұл орайда Беларусь сыртқы істер министрі Владимир Макей сәрсенбі күні оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін Мәскеу елде «бірде-бір сарбаз, бірде-бір техника қалдырмайды» деп мәлімдеген.

«Соңғы аптада Украина дипломатиялық белсенділіктің ортасында қалып, Франция мен Германия басшылары Киев-Мәскеу соғысын болдырмауға тырысуда. Бұл дипломатиялық күш-жігер негізінен Донецк және Луганск облыстарындағы ірі шайқастарды тоқтатқан 2015 жылы Франция-Германия арасында жасалған Минск-2 келісіміне бағытталуда», – деп жазады басылым тілшілері өз мақаласында.

Келіссөздер әлі нәтиже бермегенімен, Мәскеуде Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуден кейін Путин Вашингтон, Париж бен Берлин «Минск-2» келісімі бойынша Украинаға қысым көрсету үшін «дұрыс ықпал етеді» деп күтетінін айтқан.

Сол күні Ресей парламенті Путинге Ресейдің бақылауындағы Донецк пен Луганскты тәуелсіз мемлекет ретінде тануды ұсынған. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Ресей президентіне өтініштер түсті, бірақ Владимир Путин Донецк пен Луганск облыстарын Украина құрамындағы автономиялық аймаққа айналдыратын Минск келісімдерін орындағысы келеді», – деді. Сондай-ақ ол Путин келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін және Байден де солай жасауға дайын екеніне сенетінін мәлімдеді.

Американың ресми өкілдерінің мәліметінше, айдың басында Украина шекарасына жақын жерде 83 батальон болса, бүгінде ол 105-ке жеткен. Сондай-ақ олар «Ресей Украинаға жақын жерге 500 әскери ұшағын және Қара теңізге 40 әскери кемесін алып келді», – деп мәлімдеуде. Ескертпелерге қарамастан Украина президенті Зеленский халықтың рухын көтеруге және жігерлендіруге көп көңіл бөлуде. Мәселен, ол сәрсенбіде ұлттық мереке жариялап, ел бойынша мемлекеттік ту ілуді тапсырған. Сондай-ақ Киевтің орталық стадионында таңертең мемлекеттің «Украина әлі өлген жоқ» деген сөздерден басталатын әнұранын халықпен бірге шырқаған.

«Біз елімізге және президентімізге қолдау көрсетуіміз керек. Қазір біз қиын уақытты бастан өткерудеміз. Алаңдаулы болсақ та үрейге бой алдырмауыз керек. Ресей бізге кеше немесе өткен аптада шабуыл жасаған жоқ, біз сегіз жыл бойы Ресеймен соғысып келеміз», – дейді 2014 жылы туған қаласы Донецкті ресейлік әскер басып алғанда қашып кеткен университет студенті Роман Дудяк тілшіге берген сұхбатында.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: