2 ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіріп, соғыстың басталғанына 344 күн болды. 2022 жылдың 24 ақпанында басталған қанды қасірет әлі күнге дейін жалғасуда. CNN арнасы күн сайын Украинадағы ахуалды жариялауда. Бүгін CNN арнасының 2 ақпанда сағат сайын жариялап отырған жаңалықтарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ресей Украинаның шығысындағы Краматорск қаласына зымырандық шабуылын екінші күн қатарынан жалғастыруда. Бейсенбідегі шабуыл нәтижесінде адамдарды құтқару аймағында жойқын жарылыстар болды. Бірінші күнгі шабуылда ақпарат бойынша кем дегенде үш адам мерт болған. Жергілікті билік өкілдері сәрсенбі күні кешке тұрғын ауданда жалғасып жатқан құтқару операциясының жанына екі снаряд түсіп, бейбіт тұрғындардың тағы да шығынға ұшырағанын хабарлады.
Өз кезегінде Еуроодақ Украинада саммит өткізуді жоспарлауда. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен арнайы Киевке ұшып келді. Еуроодақ шенеунігі: «Саммит Украинаға қолдау көрсетудің «өте күшті сигналы» болып саналады. Бұл, әрине, Ресей үшін де белгі», – деп атап өтті. Ал Еуроодақтың сыртқы саясат басшысы Хосеп Боррелл бейсенбіде одақ Украинаға көмекті күшейтетінін айтты. Атап айтқанда, ЕО әскери көмек ретінде 15 мың украиндық сарбазға оқу-жаттығу өткізбек. Сондай-ақ одақ атынан миналарды жою және оған қажетті жабдықтарға қосымша 25 млн еуро қаржы бөлінбек.
Одан бөлек, Мәскеу де соғыстың басталғанына бір жыл толуына орай Украинаны қолдаушы мемлекеттер дайындап жатқан «антиресейлік» әрекеттерге жауап болатынын ескертті. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров жақында бір жылдық соғыста ресейлік билік қандай жетістікке жеткенін және әлем назарын аудартатын бірнеше ақпаратты жариялайтынын мәлімдеді. Соның ішінде «Nord Stream» құбырларындағы жарылысқа АҚШ-тың қатысы туралы мәлімет те барын жасырмады. Одан бөлек Лавров Ресей ешкімнен, әсіресе ҰҚШҰ-дан ешқандай әскери көмек сұрамайтынын жеткізді. «Бізде Украинада бастаған арнайы операцияны соңына жеткізу үшін бар мүмкіндік бар», – деді ол.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларын күшейтуге шақырып, Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейенмен 10-шы санкциялар пакетін талқылағанын айтты. «Қазір Еуропаның санкциялары бәсеңдеп қалды. Ал өз кезегінде террористік мемлекет санкцияларға бейімделіп алды. Бізге мұны реттеу керек», – деді Зеленский.
Сонымен қатар Польша премьер-министрі Матеуш Моравецки НАТО-дағы серіктестер мақұлдаса Польша Украинаға F-16 жойғыш ұшақтарын беруге дайын екенін мәлімдеді. Украина шенеуніктері соңғы күндері АҚШ-та жасалған F-16 жойғыш ұшақтарын Ресейдің зымырандары мен ұшқышсыз ұшақтарының шабуылдарынан қорғау үшін шұғыл түрде қажет екенін айтуда. АҚШ пен Германия Украинаға әзірге кез келген жойғыш ұшақтарды жеткізуден бас тартып отыр. Ал Франция мен Нидерланды сияқты НАТО-ның басқа мүшелері бұл идеяны құптайтынын айтуда.
Беларусияның қорғаныс министрлігі Ресей мен Беларусь әскерінің әуе күштері екі апталық оқу-жаттығу жиындарын аяқтағанын мәлімдеді. «Бірлескен тактикалық ұшу жаттығулары «Одақтық мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге» бағытталған және «тек қорғаныс мақсатында» болды, – деп хабарлады министрлік өзінің Telegram-дағы ресми арнасында.
Гаагада Украинадағы «Агрессия қылмыстарын» тергейтін халықаралық орталық құрылады. Бұл туралы Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен айтты.
«Ресей қатігез қылмыстары үшін сот алдында жауап беруі керек. Қазірдің өзінде Украина мен Еуропалық Одақ прокурорлары бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Біз дәлелдемелерді жинап жатырмыз және бірінші қадам ретінде Гаагада Украинадағы басқыншылық қылмысын қудалау үшін халықаралық орталық құрылатынын хабарлаймын», – деді Еурокомиссия төрағасы.
Ресей президенті Владимир Путин Батыстың Ресейді Германияда жасалған Leopard жойғыш танктерімен қайтадан қорқытып жатқанын айтты: «Еуропа елдерін, соның ішінде Германияны Ресеймен жаңа соғысқа тартатындар, Ресейді ұрыс даласында жеңеміз деп ойлайтындар, Ресеймен соғыстың мүлде басқаша болатынын түсінбесе керек. Біз танктерімізді олардың шекарасына жібермегенмен жауабымыз дайын. Тіпті біздің жауап «бронетехникамен» шектелмейді», – деді Путин.
Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!