Жұма, 19 сәуiр, 07:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ресейліктер қайда көшуде?

15.03.2022

742 0

Ресейге батыс елдері салған санкциялардың әсерінен ел ішінде біраз қиыншылықтар орнады. Оның ішінде экономикалық ахуал, бұғатталған әлеуметтік желілер мен әскери режим орнай ма деген қорқыныш секілді мәселелер бар. Санкциялар тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін қиындатып, біраз кері әсер тигізгені анық. Соған байланысты ел ішіндегі азаматтар шетелге қоныс аударуға, жұмыс іздеуге мәжбүр. Осыған байланысты ресейліктер көршілес орналасқан ТМД елдеріне қоныс аударуда деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас?

«Хабар 24» арнасына берген сұхбатында Максим Синицын атты Ресей азаматы неліктен елден кеткенін түсіндірген. «Жаппай әскерге шақырту басталады деп қорықтым. Оппозиционер болғандықтан, маған елде қалу қауіпті. Ал Грузияға келу себебім мұнда ұзағырақ қала аламын. Түркияға кетуді ойлағанмын, бірақ ол жаққа жету қиын», – дейді ол.

Елден кетіп жатқан ресейліктердің ішінде Қазақстанға да келетіндер бар екен. Олар Қазақстанды дамыған экономикасы, жұмыс үшін қолайлы жағдайы және жағымды миграциялық ережелері үшін таңдайды екен. «Мен Мәскеуде тұрғанмын, бірақ өткен аптадан бастап Алматы тұрғынымын. Қазақстан болашағына сенгендіктен осында келдім. Қазір посткеңестік елдер ішінде Қазақстан Ресейден кейінгі ең бай ел», – дейді Алматыға көшіп келген Вадим Новиков «Хабар 24-ке» берген сұхбатында.

Қазақстанда жыл басынан бері 39 000 шетел азаматы уақытша тұруға рұқсат алған. Олардың 9 мыңы – Ресей азаматтары. Бұл ақпандағы статистикаға еш әсер етпеген-мыс Өткен жылы миграция деңгейі дәл осындай болған, яғни 2021 жылы ақпанда 8 700 ресейлік Қазақстанда тұруға рұқсат алған.

«Қазақстанға көшкен компанияларға келетін болсақ, олардың саны аз. Екіншіден, олардың Қазақстанда өкілдері бұрыннан қызмет еткен. Есеп-қисап уақытша тоқтағандықтан, ақша аударымдары үшін өзге елдердегі кеңселерін қолдануға мәжбүр», – дейді коммуникация агенттігінің директоры Угра Гаджиева.

Көптеген компания қызметкерлерін уақытша Қазақстанға ауыстырып, мекенжайын өзгертуді жоспарлап отыр екен. Қызметкерлерге тұрғын үй ақысын төлеп беруге уәде береді. Қазір фирмалар қай қалаға ауысатынын шешіп жатыр. Ал кіріс көзін жоғалтып алмау үшін азаматтар Алматы мен Нұр-Сұлтанға келіп, өз беттерінше жұмыс іздеуге кіріскен.

«Қазір жұмыссыз қалған мамандар саны көп. Мұндай мамандарды біздің агенттік өзіне алуда. Олардың арасында тәжірибесі бар, тіл білетін, біліктілігі жоғары қызметкерлерді жұмысқа орналастыру керек. Сонымен қатар олар кәсіп туралы көптеген ақпараттармен бөлісе алады», – дейді коммуникациялық агенттіктің директоры Андрей Коннов.

Сонымен қатар Финляндияның шекара қызметінің хабарлауынша, ақпан айында Ресей-Финляндия шекарасынан 44000 мың азамат өткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 27000 болған екен. «The Wall Street Journal» басылымының хабарлауынша, автобустар мен пойыздарға билеттердің барлығы сатылып кеткен. Сонымен қатар басылымға берген мәлімдемесінде «VR Group» компаниясы Хельсинки-Петербург бағытындағы пойыздар санын көбейтуді жоспарланғаны айтылған.

Жалпы орын алған оқиғаға байланысты ресейліктер қатарында өзге елге қоныс аударып жатқандары бары анық. Дегенмен олардың көбісі Түркия, Грузия мен Армения секілді елдерге жетуді көздеп отыр. Бұған себеп – көп елдердің Ресейге санкция салып, әуе қатынастарының тоқтауы. Ал қоныс аударушылардың көбісі ел ішінде әскери режим бастала ма деп үрейленуде. Алайда Кремль әлі де болса мұндай режим орнатылмайтынын алға тартуда.

А.БІРКЕНОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: