Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 01:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сириядағы соғыс: Түркия мен Ресей соғыса ма?

04.06.2022

1113 0

Түркия Сирияның солтүстігінде Таль-Рифаат пен Манбидж елді мекендерінде «террористерден тазарту мақсатында» арнайы операция бастады. Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанның өзі басқаратын Әділет және даму партиясының мүшелерімен кездесуде жасаған бұл мәлімдемеге әлем назары ауып, Түркия-Ресей қарым-қатынасы көпшілікті алаңдатты. Бір апта бұрын Ердоған террористік қауіп-қатерлермен күресу үшін ұзындығы 30 шақырым болатын оңтүстік шекарада қауіпсіз аймақ құруға ниет білдірген еді.

«Біз оңтүстік шекарамыздың бойын­­да 30 шақырымдық қауіпсіз ай­мақ құруға деген шешіміміздің жаңа кезеңіне аяқ бастық. Таль-Рифаат пен Манбиджді террористерден тазартамыз және басқа аймақтарды да солай етеміз», − деп Түркия президенті арнайы операция басталғанын рес­ми мәлімдеді.

Түркияның бұл шешімі ең бірінші кезекте Ресейді алаңдатқан болатын. Ердоғанның мәлімдемесіне Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова пікір білдірді.

«Мұндай күштік операция туралы хабарламаны да­был­мен қабылдадық. Мұн­дай қадам, Сирия Араб Респуб­лика­сының заңды келісімінсіз жүзеге асса САР егемендігі мен аумақтық тұтастығын тікелей бұзу болып табылып, елдегі онсыз да ушыққан шиеленіске кері әсер етеді. Анкара Сириядағы қауіпті жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін әрекеттерден бас тартады деп үміттенеміз», − деді Захарова.

Ресей СІМ ресми сайтында жария­ланған мәлім­демеде Мария Захарова, сондай-ақ Түркияның бұл арнайы операцияны өз шекарасына қауіп төндірмеу мақсатында өткізіп отыр­ғанына түсіністікпен қарайтынын айтты. Сонымен қатар Ресей Сирия-Түркия шекарасында сенімді қауіпсіздік орнату үшін Сирия күш құрылымдарының әскери қызметшілерін орналастырған дұрыс екенін айтты. «Мұндай қадам Анкараның «Сирия егемендігі мен ау­мақтық тұтастығын құрметтеу» туралы бірнеше рет ресми түрде айтылған мәлімдемесінің іс жүзіндегі көрінісі болар еді», − деді Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі.   

Түркияның бұл әрекетіне Сирия СІМ де жауап берді. Онда Түркия прези­денті­нің әрекеттері Сирия егемен­ді­гін бұзу деп саналатыны айтылған. Тіл­ші Александр Пылев­тің «Блокнот» ақ­парат агенттігінде жарияланған «Ресей Түркиямен соғыса ма: Сириядағы Ердоған­ның арнайы операция­сы неге әке­леді?» атты мақаласында Ердоған­ның бұл ісі туралы сарапшылардың пі­кірі жазылған. Мақалада айтылғандай, «Рыбарь» телеграм-арнасының сарапшы­лары Түркияға шекараны бақылауда ұстау маңызды еместігін алға тартуда. Сарап­шылардың пікірін­ше, Күрд қару­лы күштерін саяси оқшаулау үшін 30 шақы­рымдық қауіпсіздік аймағы кеңей­тілуде. Себебі олардың Түркия шека­расына жа­қын аймақта орналасуын Ердоған «қауіп» деп біледі. Ал Режеп Тайып Ердоғанның өзі арнайы опе­рацияға байланысты «Біз сондай-ақ Түркия қабыл­даған 1 млн сириялық босқынның өз еркі­мен қайда оралуына жағдай жасамақпыз», − деді.

Арнайы операцияның қорытынды­сы бойынша Түркия Сирияның сол­түстігіндегі мыңдаған шаршы километрді бақылауға алуды, ал бірқатар деректер бойынша елдің ең ірі қаласы – Алеппоны бақылауға алуды жоспарлап отыр. Ал 2015 жылы АҚШ қолдауымен құрылған «Сирия демократиялық күштерінің» күрд құрамалары түрік әскер­леріне тойтарыс беретіндерін айтуда. Сирия өз кезегінде бұл жоспарларға барынша қарсылық білдіретінін жет­кізсе, арнайы операция басталардан бір апта бұрын араб әлеуметтік желілерінде түріктер «тазарту» жүргізуді жоспарлап отырған аймақта ресейлік әскери қызметшілер база мен нысандарын тастап кетті деген ақпарат тарады.

«Түсініксіз жәйт: Ресей армиясы Украинадағы жағдайға қатысты Түр­кияның белгілі бір әрекетін күтіп, алдын ала шегінді ме? Әлде бұл қайта топтасып, алдағы күндері Алеппо про­винциясында әскерлердің елеулі қақ­тығысын жасауға дайындық па?» − деп жазды Александр Пылев.

Әскери сарапшы Виктор Литвкиннің пікірінше, Ресей ресми түрде түріктерді 2019 жылғы келісімді бұзды деп айыптап, барлығын бейбітшілікке шақырады. «Біздің солтүстік-шығыстағы әскеріміз түркиялықтармен қақтығыспайды. Әри­не, Түркия өзі бастап біздің немесе сириялық биліктің аймағына шабуыл жасамаса. Негізінде күрд жасақтары американдықтардан ақша алады, ал ресей­лік әскер түрік шабуылынан қал­қан ретінде күрдтерді қолданады», − деді сарапшы.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: