Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 18:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Соғыстан қашқандар мен құшағын ашқандар

01.10.2022

899 0

21 қыркүйекте Ресей Федерациясында мемлекеттің қарулы күштерін бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшіру басталды. Мобилизация туралы Ресей Президенті Владимир Путин: «Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың Ресейде ішінара жұмылдыру жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын қолдау қажет деп санаймын», − деп шешім министрлік тарапынан жасалғанын да ескертті. Ресейде жүзеге асып жатқан мобилизация Қазақстан мен өзге де шекаралас елдерге әсер етті.

Әскери запастағы азаматтарды жаппай жинақтау басталған күні-ақ Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы бекеттерде елінен қашқандар мыңдап жиналды. Осы тұста шекараны жабу, Қазақстанға келген ресейліктерге шектеу қою туралы қоғамда сан-түрлі пікір айтылды. Дегенмен шекарада да, ел ішінде де еш шектеу қойылмады. Соғыстан қашқандар Қазақстанға заңды түрде кірді. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитеті мәлімдеді.

− Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады.

Жыл басынан бері елге 4,3 миллион шетелдік келсе, оның 4,2 миллионы ел аумағынан шыққан. Соның ішінде Ресей Федерациясының 1660000 азаматы келсе, 1640000 елден шықты. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілерге қатысты ережелердің сақталуын бақылауда, − деп мәлімдеді көші-қон қызметі комитеті басшысының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.

Негізінен заңдылық бойынша шетелдіктер Қазақстанда болу тәртібін бұзса, тиісті шаралар қабылданады. Нақтырақ айтсақ, мұндай азаматтарды мәжбүрлеп шығару және 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкция қарастырылған.

Путиннің мәлімдемесінен кейін Қазақстанға ағылған ресейліктердің саны бір күннің өзінде күрт өскен еді. 21 қыр­күйектің өзінде Мәскеуден Алматыға тура ұшатын рейске билет қалмаса, Красноярск арқылы ұшатын рейске билет бағасы 500 мың теңгеден басталды.

Дегенмен 25 қыркүйекке дейін ресейліктер үшін Қазақстан­ға өз күшімен, шекара бекетінен өтуге мүм­кін­діктері болды. Міне, осы тұста елге келуші­лердің саны артты. Алайда 25-інен бас­тап Ресей азамат­тарының Қазақстанға шығуына шектеу қоюды бастады. Бұл туралы «Baza» басылымы хабарлап, федералды қауіпсіз­дік қызметінің шекара қызметі ресейліктерге елден кетуге тыйым сала бастағанын жазды. Басылым ресейлік «Озинки» және «Звериноголовское» өт­кізу пункттерінде берілген әскерге шақырту хаттарын жариялады.

Бастапқыда Ресейдің қор­ғаныс министрлігі Қазақстан­ға кеткен азаматтарын елге қай­тару туралы хабарлама жіберілмегенін мәлімдеді. «Ресей Қорғаныс министрлігі әскери мобилизация жүргізу аясында Қазақстан Республи­касы, Грузия, басқа да елдер­дің мемлекеттік органдарына он­дағы Ресей азаматтарын елге еркінен тыс қайтару туралы мәселе бойынша ешқан­дай өтініш жасаған жоқ және өтініш жасау жоспар­ланбаған», – де­лін­ген ресейлік ведомство хабарламасында.

Алайда кейінірек Ресей мобилизациядан бой тасалап, шетелге қашқандардың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Міне, осы мәселе жүзеге асса Қазақстан ресейліктерді еліне қайтаруға міндеттеледі. Себебі оларға халықаралық іздестіру жария­ланады.

«Егер бұл қылмыстық құқық бұзушылық болса, бүгін Ресей тарапынан да, біздің тарапымыздан да күн сайын Минск конвенциясы аясында және біздің парламенттеріміз ратификациялаған құқықтық көмек көрсету аясында ұстап беру жүргізілуде», − деді ҚР ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Қазақстанға келген Ресей азаматтарының барлығы елде қалмайтыны анық. Олар негі­зінен Қазақстан арқылы Түркия, Грузия секілді мем­лекеттерге кетуге ниетті. Де­генмен әуе билеттерін алуда да қиындықтар болғандықтан уақытша қалуға мәжбүр.

− Қазақстан мен Ресейдің құрлықтағы шекарасы 7591 ша­қырымды құрайды. Бұл − әлем­дегі ең ұзын құрлық ше­­карасы. Үлкен көші-қон ағы­нының болуы шека­ра­дағы көршілестікке байланыс­ты. Қазақстанның Ресей аза­маттары үшін транзиттік әлеуетін ұмытпаған жөн, − деді Ішкі істер министрлігі Ақпараттандыру және комму­никациялар департамен­тінің бас маманы Әділ Сәрсенов.

Ресейдің  40 мың азаматы Қазақстаннан транзиттік жол арқылы кетіп қалған. Мыңдаған адам Қазақстан арқылы Қырғызстанға, Өз­бекстанға кеткен. ІІМ-нің 26  қыр­күйектегі мәліметінше, бес күн ішінде 6 мыңға жуық ресейлік Қазақстан әуежайлары арқылы ұшқан.

Алайда Қазақстанда тұ­рақ­ты түрде қалып, осында жұмыс істеуге ниетте РФ азаматтары да жоқ емес. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда 31 мыңнан астам Ресей азаматы жұмыс істеуге ниетті екенін айтты. Оның ішінде 6 мыңнан астам адам жыл басынан бері қоныс аударған.

Министр қазір Қазақстанда 8,7 миллион адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Оның сөзінше, 2022 жылға шетел­дік квота 28 мың адамға бөлініп, оның 15 мыңы игеріл­ген. «Жыл басынан бері Ресейден Қазақстанға 262 мың адам келді. 6017 адам келу мақсатына республикаға жұмысқа орналасуды көр­сеткен. ЕАЭО елдерінің аза­мат­тарын жұмысқа орналас­тыру үшін квота талап етіл­мейді. Олар Қазақстанға еркін кіріп, жұмыс істей алады. Қазіргі таңда Қазақстанда 25 301 ресейлік азамат жұмыс іс­тейді. Өтініш берушілердің жаңа санын есепке алғанда, бұл республика аумағында жүрген және жұмысқа тұру мақсатын көрсеткен шамамен 31 мың адам», − деді еңбек министрі.

Тамара Дүйсенова Қазақ­стан­­ға келген ресей­лік­тердің еңбек нарығына айтарлықтай әсер етпейтінін баса айтты. «Егер азамат­тардың көп ағы­ны болса және бұл ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін болса, онда біз қосымша шаралар қабыл­даймыз», − деді министр.

Ресейліктер жаппай Қа­зақстанға келген тұста ел ішінде пәтерақысының бағасы да шарықтап кетті. Тіпті тұрақты тұрғындарын «қуып шығып», шетелден келгендерге 500-600 мыңға жалға бергендер де бар. Одан бөлек, құзырлы органдар пәтер және қонақ үй иелеріне кей міндеттемелерді жүктеді. «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуі мен онда болуы қағи­даларының» 9-тармағына сәй­кес шетелдік азаматтарды қа­былдайтын жеке және заңды тұлғалар өздеріне келетін кө­шіп келушілер туралы Ішкі істер органдарын хабардар етуге міндеттелді.

«Аталған хабарлама ше­телдік азамат келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде міндетті түрде беріледі. Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы Ішкі істер органдарына ха­бар­ламаған жағдайда, Қазақ­станда қабылдаушы жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы Ко­дексінің 518-бабы бойынша жауаптылыққа тартылатынын ескертеміз», – делінген Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің ха­барламасында.

Егер шетелдіктердің кел­гені туралы хабарламаған жағ­дайда заңды тұлғаларға 10-нан 25 айлық есептік көрсеткішке дейін, ал жеке тұлғалар үшін 30 АЕК немесе 91890 теңге мөлшерінде айыппұл көзделген.

Ішкі істер министрлігінің айтуынша, 21-27 қыркүйек ара­лығында Қазақстанға 98 мың­ға жуық ресейлік келіп, 64234 ресейлік кетті. Сегіз мыңнан астамы ЖСН алды. Ал ЖСН оларға еңбек келісім­шартын жасау, қызмет көр­сеткені үшін ақы алуға, әкімшілік жауапқа тарту, салық есебін өткізуге және түрлі банк операцияларын жүзеге асыру үшін қажет.

Ресейдің Челябинск облы­сында Қазақстан аумағына өткісі келетіндер саны кө­бейген. Сонымен қатар шекара­да ресейліктерге әскерге ша­қырту беріле бастады. Челя­бинск аймағының басшылығы әскерге шақырылуы тиіс аза­маттардың тізімі шекара­шыларға берілгенін айтады. «Егер тізімде бар адам шекараға келсе, оны жақын маңдағы әскери комиссариаттан өкілдер жеткенше ұстап, әскерге шақыру қағазын береді. Аза­маттың қай қаладан келгені маңызды емес», − деді баспасөз қызметі.

Ал 29 қыркүйекте Ресей шекара жұмысын күшейтті. Аймақтық үкімет Астрахань облысындағы Қазақстанмен шекарада мо­билизация пункті пайда болатынын мәлімдеді. Енді шекарадан өтпек болған­дардың құжаттары мұқият тексерілмек.

«Жақын күндері Қазақ­стан­­мен шекарада уақытша жар­тылай мобилизациялау пункті орналастырылып, аза­мат­тар­ға шақырту қағаздары беріледі.

Облыстың Краснояр өлке­сінде шекарада көліктердің көп жиналуына байланысты жоғары дабыл режимі енгі­зілді. Бақылау бекетінде аза­­­маттардың құжаттарын тек­сере бастады. Әскерге шақыру критерийлеріне сәй­кес келе­тін және мобили­зациялау бойынша шақыр­тылған аза­маттар елден тыс­қары жерге жіберілмейді», − де­лінген аймақтық үкіметтің ха­бар­ламасында.

Ресей билігі «резервтегілер шетелге шыға ала ма» деген сұраққа біржақты жауап бере алмай отыр. Қорғаныс ми­нистрлігі апта басында азамат­тардың жү­ріп-тұруына ешқан­дай тыйым салынбағанын айтса, мемлекеттік Дума спи­­кері Вячеслав Володин «Мо­би­лизациялау» туралы заң­ға сәйкес әскери есепте тұр­ған азаматтарға әскери ко­миссариаттың келісімінсіз тұр­ғылықты жерінен шығуға тыйым салынғанын алға тар­туда.

P.S. Қазіргі кезде Қазақстанға келіп жатқан ресейліктердің барлығы соғыстан қашқандар болуы әбден мүмкін. Олар Путиннің басқыншылық саясатынан бас тартып, өз басының амандығын таңдаған адамдар.

Қонақ келсе, құшағын жайып, барын алдына тосатын қазақпыз. Алайда астамшылық жасап, Ресейден келгендер арқылы пайда тапқысы келгендер де жоқ емес. Қаракөз қазағын пәтерден «қуып шығып», көк қағазға қызыққандар да көп. Алайда мұның да екі жақты жауапкершілігі барын назардан шығармау керек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: