Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тәуелсіздік күніндегі қантөгіс

27.08.2022

690 0

Кеңес одағының құрамынан шыққанына 31 жыл толған Украина биыл тәуелсіздік мерекесін қасі­ретпен қарсы алды. Себебі мемлекеттің ресми өкіл­дері ескерткішке гүл шоғын қойып жатқанда Украина шығысында үлкен жарылыс болды. Оқиғаға бай­ланысты CNN арнасының тілшілері Тара Джон мен Юлия Кесаеваның «Украина Тәуелсіздік күнін зымыран­дық шабуылмен қарсы алды» атты мақаласы жарық көрді.

Бұл күні Украинаның шығысындағы теміржол вок­залына зымырандық шабуыл жасалып, кемінде 22 адам қаза тапты. Өткен жылдардағы мерекелер шерумен ерек­шеленсе, сәрсенбідегі атаулы дата Ресей басып кірген соң алты айдан кейін тойлануда. Президент Владимир Зеленский бұл күні үндеу жасап, өз сөзінде ол бостандық үшін күресуге тура келетінін айтты.

«24 ақпанда таңғы сағат 4-те жаңа халық туды, қайта туды. Жыламаған, айқайламаған, қорықпаған халық. Әр жаңа күн – берілмеуге жаңа себеп. Өйткені талай қиын­дық­ты бастан өткерген соң соңына дейін жеткізуіміз керек. Соғыс қалай аяқталады? Біз бұрын «Бейбітшілік» десек, енді «Жеңіс» деп айтуымыз керек», – деді Украина президенті.

Бұл күні елдің түкпір-түкпірінде украиндықтар бас­қыншылық басталғалы бері соғыста қаза тапқандарды еске алды. Киевке Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон да келді. Украина астанасында Зеленский мен Украинаның бірінші ханымы Елена Зеленская қаза тапқан қорғаушыларына арналған еске алу қабырғасына барды. Ал батыстағы Львов қаласында қаза тапқан сарбаздардың отбасы мүшелері «Марс» алаңындағы мемориалдағы салтанатты шараға қатысты.

Зеленский сондай-ақ Ресей мереке кезінде «инфра­құрылымға немесе мемлекеттік мекемелерге» соққы беруді, соның ішінде зымырандарды жіберуге күш салуы мүмкін екенін ескертті. Ал АҚШ үкіметі сей­сенбі­де американдықтарға елден дереу кетуді айтып, алаң­даушылық білдірді.

Сәрсенбіде бұл күдік ақталды. Украина қорғаныс министрі Алексей Резниковтың кеңесшісі Юрий Сак CNN телеарнасына берген пікірінде Ресейдің «Украина территориясына зымырандық соққы жасағанын» айтты. «Украинаның басқа ірі қалаларында, тіпті ұрыс даласынан алыс жерлерде де жарылыстар болды», – деген Юрий Сак сәрсенбі күні Киевте кем дегенде сегіз әуе шабуылының сиренасы болғанын мәлім етті.

Сәрсенбіде Зеленский шығыс Днепропетровск облысын­дағы Чаплино теміржол вокзалы шабуылға ұшы­рап, ке­мінде 22 адам қаза тапса, 50 адам жараланғанын айтты. Соққыдан қаза тапқандардың арасында 11 жасар бала да бар екен. «Чаплиндегі оқиға біздің жадымызда қасірет болып қалады. Қазіргі уақытта 22 адам қаза тапты, олар­дың бесеуі көлікте өртеніп кеткен. Үйіне зымыран түскен 11 жастағы жасөспірім қайтыс болды», – деді Зеленский.

Соғыстың алғашқы аптасында Мәскеудің Украина астанасын басып алу әрекетінің сәтсіз болғанының дәлелі ретінде Киевтің басты көшесі – Хрещатиктегі парадтың орнына қираған және тұтқынға алынған ресейлік әскери көліктер, оның ішінде танктер қойылды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында көрмені Хрещатиктен та­машалаған қалың халық көрінді. Кейбір балалар резервуар­дың тот басқан металл жақтауына көтерілсе, басқалары апатқа ұшыраған көліктермен суретке түсті. Фамилиясын жарияламауды өтінген Любовь есімді тұрғын 8 жасар ұлы Ильяға «металл сынықтары» көрмесін көрсетуге келгенін айтты. «Киевте көптеген адам соғыс туралы ұмытып кетті, сондықтан бұл жақсы еске салу деп ойлаймын», – деді Любовь. Оның айтуынша, майдан шебінде соғысып жатқан күйеуі одан астанадан 50 шақырым жердегі жазғы үйге кетуін өтінген. Бірақ ол барудан бас тартты. «Тіпті Киевке жаппай шабуыл жасалса да біз кетпейміз. Үйде арнайы авариялық сөмке, радиациялық кіим бар. Біз енді Ресейден қорықпаймыз», – дейді ол. Сондай-ақ Любовь мерекені еш сезінбегенін, керісінше майдандағы күйеуі мен ағасын ойласа жүрегі ауыратынын айтқан.

Қолында Украина туын ұстаған тағы бір көрермен арна­ға берген сұхбатында оның да Ресейге қарсы соғысып жатқан туыстары бар екенін жеткізген. «Менің әкем майданда, көп туысым майданда… Сондықтан ертеңгі күн өз алдына мереке емес, тәуелсіздікті аңсау. Өйткені бұл уақыт бұрынғы 30 жылға қарағанда өзгеше», – дейді 35 жастағы Дария.

АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбіде Украинаны «Тәуелсіздік» күнімен құттықтап, АҚШ-тың Украинаға деген жақтастығын қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмекте­сетін кезекті 2,98 миллиард долларлық инвестициямен растады.

«Бұл Украинаға өзін қорғауды жалғастыру үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, артиллерия мен оқ-дәрі, дрондарға қарсы қару мен радар алуға мүмкіндік береді. Бүгін өткен күннің мерекесі ғана емес, сонымен бірге Украинаның егемен және тәуелсіз ел болып қала беретінінің дәлелі», – деді Байден сәрсенбідегі мәлімде­месінде.

Қауіпсіздікке көмек көрсету пакетінде «VAMPIRE Counter-UAV» жүйесі және дронға қарсы қару бар. Бұл туралы қорғаныс министрінің саясат жөніндегі орынбасары Колин Кэл айтты. Сәрсенбіде әлемдік көш­басшылар да Байденге қосылып, Украинаны қолдауды жалғастыратынын айтты.

Ұлыбритания премьер-министрі Джонсон іс-сапарын­да Зеленскиймен кездесті. Ол Украинаға 66 миллион долларлық көмек пакеті берілетінін айтып, Украина соғыста жеңіске жете алатынын және жеңетінін жеткізді. Киевтегі кездесуде шетел басшыларының қатарында Португалия сыртқы істер министрі Жоа Гомеш Кравиньо да болды.

Ал Брюссельде Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейеннің қатысуымен өткен шара кезінде Гранд-плас алаңында алып Украина туы көтерілді. Твиттерде Еуропалық кеңес төрағасы Чарльз Мишель «Сіздің болашақ – біздің ортақ болашақ. Сондықтан біз Украина тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығыңызды қорғау үшін қолдан келгенше қолдау көрсеткіміз келеді», – деп жазды.

Киевтегі Хрещатикте CNN-ге сұхбат бергендердің көпшілігі Ресей шабуылынан қауіптенетін айтқан. 29 жастағы Алексей «Мен мерекелік көңіл-күйді се­зінбеймін» – десе, 68 жастағы Анна «Орыстарға деген өшпенділігім арт­ты», – деді. Анна жұмыс істейтін емхана оған жақын күн­дері қашықтан жұмыс істеу керектігін айтқан. Ол өз сө­зінде соғыста да тапжылмай жұмыс істегенін, бомбалау кезінде үйіне қайтқан кездері де болғанын айтты. Сондай-ақ Анна Ресей президенті Владимир Путинді «граната ұстаған маймыл» сияқты адам деп санайтынын мәлімдеді.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: