Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Тайваньдағы тартыс

31.10.2021

1067 0

Өздерін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялағысы келетін, сол себептен Қытайдан қысым көріп отырған Тайвань туралы бұған дейін де жазған едік. Қазіргі кезде мұндағы ахуал күннен-күнге шиеленісіп бара жатқандай. Осы орайда Тайвань Президенті Цай Инвэнь CNN-ге сұхбат беріп, арнада «Тайвань Президенті Қытай қысым көрсетіп отырғанын ашық айтты» атты тақырыпта кең көлемді мақала жарияланды.

Эксклюзивті сұхбатта Цай Инвэнь Пекиннен келетін қысымның күн сайын артқанын, қазіргі кезде Тайвань жерінде АҚШ әскері жүргенін ашып айтқан. Аптаның екінші күні арна тілшілерімен сұхбат құрған мемлекет басшысы Қытайдың оңтүстік-шығысынан 200 шақырым жерде орналасқан Тайвань демократия «маятнигі» екенін және оны барлығы қорғау керектігін айтқан. «Бұл 23 миллион халық тұратын және олар өздері мен туған жерін қорғап қалғысы келетін, тәуелсіз мемлекетте тұратындарын дәлелдегісі келетін жер», – дейді Президент өз сөзінде.

Жалпы бүгінгі таңда Тайвань мен Қытай арасындағы ара-қатынас соңғы 10 жылда ең төменгі деңгейде. Осы айда Қытай әскері ең көп көлемде ұрыс ұшақтарын жіберіп, тәуелсіздікті қалайтын мемлекетке бір мысын көрсетіп алған еді. Жағдайдың ушығуына Тайвань мен АҚШ арасындағы достық та әсер еткені анық. Өйткені Дональд Трамп пен Джо Байденнің билігі кезіндегі жиі орын алған кездесулер, қару-жарақ беру арқылы әскери күшін арттырған көмектер Пекинге ұнамаған еді.

Цай Инвэнь соңғы 10 жылда ең бірінші рет АҚШ әскері оның мемлекетінде оқу-жаттығу мақсатында жүргенін мойындаған президент. Бұған дейін ең соңғы америкалық гарнизон 1979 жылы, АҚШ Пекинді қолдаған кезде елден шығарылған еді.

2020 жылдың басында Америка әскері тайваньдық солдаттарға оқу-жаттығу жүргізіп жатқан видеоны жариялап, кейін өшіріп тастаған. Тайвань билігі де алғашқыда мұны мойындаса, кейін ол оқу-жаттығу шараларын жоққа шығарды.

Сұхбатта Президент нақты қанша америкалық әскер барын айтпаса да Қытай ойлағандай көп еместігін алға тартқан. «Біз Америкамен өзіміздің қорғанысымызды күшейту мақсатында тығыс қарым-қатынастамыз», – дейді ол.

Бұрын сауда жөніндегі келіссөз жүргізуші Цай 2016 жылы Тайваньның алғашқы әйел президенті атанған еді. Оның билікке келуіне сол жылдардағы студенттердің көтеріліп, экс-президент, Қытайға көбірек жақын болған бұрынғы мемлекет басшысын биліктен кетірген кезеңі себепкер болды.

Апта басында Цай Тайбэйдің көшелерімен жаяу жүріп өткенде көпшілік оған қол бұлғап, қиын әрі маңызды жұмыс атқарып жатқаны үшін алғысын жаудырған.

Алайда оның билікке келіп, Қытаймен қатынасты шиеленістіргені үшін бірнеше рет халықтың көңілінен шықпай қалған кездері де болды. Бұл ел ішінде Қытайдың қол астында қала бергісі келетін адамдардың барына дәлел. Ал қытайлық билік Цай мен оның партиясы тәуелсіздік алуды қалайды деп санайды-мыс. Дегенмен Цай әуелгі кезде ресми түрде жарияламаса да билікті өзі жүргізетін мемлекет болуды қалайтынын айтқан.

Цай билікке келген кезден бастап Қытаймен экономикалық және дипломатиялық келісім құлдырай бастады. Пекин де әскери қысымды күшейтті. Тайваньның қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, соңғы 5 күнде Пекин 150 бомбалаушы, сүңгуір қайыққа қарсы және нысаналарды басқару ұшақтарын жіберген.

Бұл іс-әрекеттің басты себебі – АҚШ-Тайвань қатынасы жаңа деңгейге шығып, 750 млн долларға жасалған қару-жарақ саудасы. Қытай президенті Си Цзиньпин 8 қазанда бейбіт жолмен қосылатыны туралы сөз берді. Бұған дейін ол күш қолданылмайтыны туралы жақ ашпаған болатын. Алайда апта басында Тайвань ісіне қатысты Қытай өкілі провинцияны қосу үшін күш қолдануға құқылы екенін айтты.

Тайвань басшысы Цай елі мен жері үшін бәріне дайын адам. Мұны ол 10 қазандағы Ұлттық Тайвань күні сөйлеген сөзі арқылы тағы бір мәрте дәлелдеген еді. «Тайваньды қысым арқылы қол астына кіргізу ешкімнің ойына да келмеуі керек. Күш көрсетсе де біз соңына дейін күресуге бармыз», – деді ол өз сөзінде. Одан бөлек арнаға берген сұхбатында президент Жапония, Оңтүсік Корея мен Аустралия мемлекеттерін көмек беріп, қолдау білдіруге шақырған.

Цай Инвэнь сұхбат барысында тезірек тайваньдық әскери күшін модернизациялағысы келетінін де айтқан. Тамыз айында Тайвань жаңа қаруға 1,4 млрд доллар жұмсайтынын мәлімдеген еді. Өткен жылдың желтоқсанында арал 8 отандық су астығы қайығына арнайы флот құрылысын бастады. Президент бұл істердің барлығы әскерді күшейту үшін емес, аралды қорғау мақсатында жасалып жатқанын айтқан:

«Бізде Қытайдан қалған жүйе бар. Бірақ үлкен жер көлемін қорғау мен аралды сақтап қалу екі түрлі нәрсе. Сол себептен біз жаңа қорғаныс жүйесін құруымыз керек», – деді президент.

Бірақ Цай Пекинмен ара-қатынасты жақсартуға қарсы еместігін, керек болса келіссөз жүргізуге дайын екенін айтқан. «Мен оны (Қытай президентін) ашық диалогқа шақырып, билік, халықпен сөйлескенін қалаймын. Сол кезде ол халықтың тәуелсіздікті қаншалықты қалайтынын түсінер еді. Біз әрдайым Қытайды келіссөз жүргізуге шақырамыз. Бұл – қақтығыс пен қантөгістен алып шығар ең оң шешім», – дейді ол.

Жалпы АҚШ Тайваньды қорғайды деген нақты келісім жоқ. Дегенмен Қытай-Тайвань шиеленісі басталған кезде біраз мемлекет аралды жақтап, көмек көрсетуге дайын екендерін мәлімдеген болатын.

Мәселен, Жапонияның қорғаныс министрі Нобуо Киси қыркүйекте арнаға берген сұхбатында «Тайваньда болып жатқан оқиғалар Жапонияға тікелей қатысты. Сондықтан біз сауда бағытының қауіпсіздігі үшін барлығына дайынбыз», – деген болатын.

Ал Джо Байден бейсенбіде Тайваньға көмек көрсету туралы сұраққа «Иә, біз ондай әрекетке баруға міндеттіміз» деп көмектесетіндерін ашық айтқанымен, Ақ үй бұл мәлімдемені көбі дұрыс түсінбеді деген. Бірақ Тайвань басшысы «Қытай бізге күш қолданса, АҚШ бізге сөзсіз көмектеседі», – деп сенімді түрде айтқан. Одан бөлек ол Тайваньның жалғыз еместігін, стратегиялық тұрғыда маңызы зор мемлекет екендігін алға тартқан.

Ал тілшінің «Тайвань әскери күш көмегінсіз қорғана ала ма?» деген сұрағына ол «Біз өзімізді бар күшімізбен қорғауға дайынбыз. Бірақ қайталап айтамын, бізге достық мемлекет пен саяси көзқарасы бірдей елдердің көмегі маңызды» деп жауап берді.

Тайваньды қорғауға тек әскери күш қана қажет емес. Одан бөлек саяси демеу да маңызды. Осы орайда Вашингтон Тайваньды халықаралық ұйымдарға, әсіресе БҰҰ ұйымына қосылуға үндеуде. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өзінің Twitter парақшасында «Тайвань – маңызды серіктес және демократиялық жеңістің ашық көрінісі» деп жазды.

Цай өз сөзінде Қытайдың қысымынан қорықпайтынын және БҰҰ-ға кіруге ниетті екенін айтты. «Біз Біріккен ұлттар ұйымының қатарына кіруге қарсы емеспіз. Ал Қытай қарсы болған жағдайда ұйымды айыптауға құқылы», – деді ол.

Цайдың билікке келуі Қытайдың бас көтеріп, әлемдегі ең үлкен державаларға айналуымен тұспа-тұс келді. 2017 жылы Си Цзиньпин қайта сайланған кезде әлемдік аренадағы позициясын өзгертті. Тіпті оның әскери-теңіз күші АҚШ-ты да басып озды. Ал апта басында ол қару-жарақ жасаудың жаңа деңгейіне шығуды жоспарлағанын мәлімдеді.

Қытай қанша қысым көрсетсе де Цай бейбіт келісімнен үмітін үзбей отыр. Ол әлі де болса екі мемлекет екі түрлі саяси көзқараспен бейбіт өмір сүре алады деп сенеді. «Біз бірге отырып келіссөз жүргізіп, бейбітшілікте өмір сүруге жағдай жасасақ болар еді. Менің ойымша мұнда да, Қытайда да адамдар осыны күтіп отыр», – дейді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ ол Қытай коммунистік партиясының жақын аудандардағы және әлемдегі елдермен қандай қатынаста болатынын шешетін уақыт жақындап қалғанын айтқан. Одан бөлек, қандай жағдай болсын Қытайдың қол астында қалмайтынын да алға тартқан.

Қысқасы, Цай билікке келген тұста Қытайдың қол астынан шығуды мақсат тұтқандай. Заңдылық бойынша ол тек 2 рет қана елді басқара алады. Яғни өзінің екінші мүмкіндігін пайдаланып отырған Цай Инвэнь билікте әлі 2024 жылға дейін отырады. Соған дейін біраз істің де басын қайыру керек. Оның ішінде мемлекетін тәуелсіз етіп, әлемдік елдермен достастыру ең негізгі миссиясы. Осы тұста ол «Мені өз халқымның есінде елді сақтап қалған және тәуелсіздік алып берген басшы ретінде қаламын деп үміттенемін», – деді. Ал оның мақсатына жетер не жетпесін уақыт көрсетпек…

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: