Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Украина НАТО-ға ресми үміткер

25.06.2022

482 0

Еуроодақ басшылары бейсенбі күні Украина­ны ресми кандидат ету туралы келісімге келді. Бұл алдағы жылдары ұйымға мүше болуға жол ашты. Шешімді Брюссельдегі саммитте Еуроодақ басшылары қабылдап, Украина президенті Владимир Зеленскийдің Еуропа елдеріне жолдаған ең үлкен өтінішіне жауап берілді. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымында Лоуренс Норман «Украина НАТО мүшелігіне ресми үміткер атанды» мақаласында хабарлады.

Еуроодақ басшылары Украинамен шектесетін және Прид­нестровье атты сепаратистік ауданында ресейлік әскер орна­ласқан Молдованы да одаққа қосылуға ресми үміткер етті.

Зеленский көшбасшыларға олардың бұл қадамы Украина үшін тәуелсіздік алған 30 жылдағы ең маңызды шешімдердің бірі екенін айтты. «Алайда бұл шешім Украинаға ғана қатысты емес деп ой­лай­мын. Бұл – Еуропаны нығайту жо­лындағы ең үлкен қадам. Дәл қазір Ресей соғысы біздің еркіндік пен бірлікті сақтау қабілетімізді сынап жатыр», – деді ол.

Дегенмен бұл ұсыныс Украина мен Молдованың қосылуы үшін ондаған жылға созылатын және мүше болатынына кепілдік бермейтін ұзақ және белгісіз өзгерістің алғашқы қадамы ғана. Комиссия келіссөздер басталмас бұрын екі елге де бірқатар тапсырма берді.

2013 жылы одаққа соңғы қосылған ел Хорватия бол­ды және алдағы бірнеше жылда ЕО өзіне жаңа мүше қа­былдайтынына сену қиын. Еуроодақ дипло­маттарының ең белсенділері де 2024 жылға дейін нақты мүшелік келіс­сөздердің басталатынына күмән­данады. Германия канцлері Олаф Шольц, сондай-ақ Франция мен Италия көшбасшылары Еуроодақ кейбір жаңа мүшелерді қабылдау үшін маңызды өзгерістер енгізіп, шарт ережелерін қайта қарауы мүмкін екенін айтты. Бұрын мұндай өзгертулер ұзақ жылдар бойы жалғасып, әр елдегі референдумда халық тарапынан қолдау болмағаны үшін күшін жойған-ды.

«Біз Еуропалық Одақтың жаңа мүшелерді қабылдай ала­тынына көз жеткізуіміз керек. Бұл институционалдық реформаларды қажет етеді. Ол реформаларды демократияны ілгерілету мен Еуропалық Одақтағы заң үстемдігін нығайту үшін пайдалануымыз керек», – деді Шольц сәрсенбі күні Германия парламентінде.

Зеленский ЕО-ға мүше болу Украинаның соғыстағы рухын көтеретінін, сонымен қатар қақтығыс аяқталғаннан кейін Батыс институтта­рында орнығуға мүмкіндік ашатынын айтты. ЕО көшбасшылары Киевпен мүшелік келіссөздерін бастамас бұрын Украина орындауы тиіс комиссия талаптарының тізімін бекітті. Тізімге елдің жоғарғы соты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органын тағайындау, ұлттардың құқығын қамтамасыз ету және олигархияға қарсы заңның орындалуына ықпал ету кіреді.

«Бұл – Еуропа құрлығы үшін маңызды сәт. Украинаға кандидат мәртебесін беру өте маңызды хабарлама, алайда бұл Украинаның жақын арада ЕО мүшесі болады дегенді білдірмейді. Бұл – көп жылдық процесс», – деді Бельгия премьер-министрі Александр де Кру.

Сонымен қатар 20 жыл бойы одаққа мүше болуға ниетті Батыс Балқан елдерінің басшыларымен жұма күні таңертең кездескен Еуро­одақ басшылары Солтүстік Македония және Албанияны қосу туралы келіссөздерді бастауға тағы да келіспеді. Болгария Солтүстік Македония­мен тарихи келіс­пеу­шіліктерге байланысты келіс­сөздерге кедергі келтіруде.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: