Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Украинадағы бір апта

12.03.2022

1073 0

Украина мен Ресей арасында болып жатқан қарулы қақтығысқа бүгінде күллі әлем назары ауып тұрғаны рас. Осы орайда ВВС арнасының тілшісі Квентин Соммервиль мен оператор Даррен Конвей Украинада бір апта болып, репортаж жариялады. Оқ пен от ортасында жасалған «Алдыңғы қатарда: Харьков құласа, бүкіл Украина құлайды» тақырыбындағы репортажды оқырман назарына қаз қалпында ұсынуды жөн көрдік.

«Соғыстың бірінші құрбаны – уақыт. Шабуылдың қашан болғанын майдандағы жас сарбаздан немесе үйі оқ астында қалып ауруханаға жатқызылған егде әйелден сұраса олар сізге абыржып қарайды. 24 сағат бұрын әлде 48 сағат бұрын болды ма белгісіз. Мұнда әр күн қосылып кеткен. Адамдар күн мен түнін ұйқысыз өткізуде» деп басталады мақала.

Украинаның екінші үлкен қаласы Харьковта уақыт тіптен белгісіз. Бұл Ресеймен шекараға жақын қала болғандықтан түнде ресейлік артиллерия мен әскери ұшақтардың атқылауы адамдарды үрейлендірген. Өткен екі апта мәңгілік сияқты көрініп, тұрғындар тыныштықты кешегі күндей еске алады.

Қаланың солтүстік-шығыс шетіндегі мұздатылған пейзажда 21 жастағы лейтенант Евгений Громадский қолын созып тұр. Маңайынан траншеялар қазылған. «Атыңдар!», – дейді ол оң қолын көтеріп. Бұл украиналықтарға оқ атуға берілген бұйрықтың белгісі. Содан кейін «Жатыңдар!» деген дауыспен ресейлік әскердің 900 метр жерден атқан снарядынан сақтану керектігі жайлы белгі береді.

Бұл қала маңында оқтың дауысы сағат тілі тықылдағандай кейіпте. «Атыңдар! Жатыңдар!» деген Лейтенант Громадскийдің қол бұлғағаны үйреншікті іс-әрекетке айналғандай.

Біз бүгін түстен кейін ғана кездессек те мен оның әкесі Олегтің өткен аптада қаланы қорғау кезінде қаза тапқанын білемін. Ал лейтенант Громадский оның отбасындағы жетінші буын әскери қызметкер. Ол өз ұлы бейбітшіліктегі Украинада сегізінші ізбасар болады деп жоспарлап отыр.

«Диверсиялық топтардың барлауынан соң бізге қарай танктермен шабуылдауда. Алдымен минометтерден оқ жаудырады, сосын танктермен атқылайды», – деп лейтенант соғысты суреттейді.

Біз алдыңғы фронт бойымен позициядан-позицияға жылжимыз. Жасақ бронетранспортерінің төбесінде орыс армиясының қалпағы ілініп тұр. Бұл олардың алғашқы трофейі. «Біз танкке қарсы басқарылатын зымырандармен, сондай-ақ кәдімгі атыс қаруымен жауап қайтарамыз», – деп сөзін жалғады Громадский. Айналада реактивті гранатомет қалдықтарын санап шығу мүмкін емес.

Алдыңғы жолаушы орындығынан лейтенант Громадский былай дейді: «Кейде олар мынадай тактиканы қолданады, алдымен техникасының үстіне ақ жалау іліп, бізге қарай жақындайды. Біз жақындап оларды тұтқынға алуға әрекеттенгенде олар біздің әскерге оқ жаудырады».

Позицияға дүйсенбі күні (немесе бір күн бұрын болды ма деп сұрайды) екі ресейлік танк пен броньді машина шабуыл жасады. «Уайымдамаңыз, біз жақсы қорғалғанбыз», – дейді ол американдық танкке қарсы «Жавелин» қаруын көрсетіп. Көлікте сондай-ақ британдық NLAW зымырандарының үйіндісі жатыр. «Ең заманауи танктерді де жояды», – деп уәде береді оның өндірушісі Saab өз веб-сайтында.

Ресей әскері қалай соғысып жатқанын сұрағанымда «Олар мақсатсыз жауынгерлер секілді соғысуда», – дейді Рипер. «Олар 1941 жылғыдай соғысып жатыр. Маневрлік қабілет жоқ, тек оққа қарсы жүгіреді, болды. Оларда әскер, танк пен көптеген көлік бар. Бірақ біз өз жеріміз үшін соғысамыз, біз отбасымызды қорғап жатырмыз. Олар қалай күрессе де, біз арыстандар сияқты шайқасамыз және олар бізді жеңе алмайды».

Бірақ Украинаның шығысы мен оңтүстігінде Ресей алға жылжуда. Қалаларды басып алуда. Украин сарбаздары әуе қорғанысы, ұшуға тыйым салынған аймақ қажет екенін айтады.

Мен екі апта бұрын қалалық банктерде инкассатор қызметін атқарған бронетранспортерге отырдым. Ол да қазір соғыс қимылдарына қатысуда. Кең даңғылдары мен әсем ғимараттары бар қала арқылы келе жатып, кеңес дәуірінен қалған тұрғын үйлерге жеттік. Сол жерде мен қалың татуировкасы бар, қызыл сақалды Евгенийді кездестірдім.

«Харьков құласа, бүкіл Украина құлады», – дейді 36 жастағы Евгений. Ол көпқабатты үйлердің жанындағы барлау тобының сарбазы. Кейбір пәтерлер бомбаланған, тұрақта «Градтан» қақ айырылған көлік жатыр.

Харьковта Ресейдің шабуылына ешкім таң қалмайды. Өйткені қалалықтар «Бұл шабуыл бүгін, ертең, мейлі 1000 жылдан кейін әйтеуір болуы керек еді», – деп соғысты сезгенін алға тартады.

Майданнан шығып, қала орталығына оралу басқа әлемге барумен пара-пар. Ресейдің үздіксіз атқылауы 1,5 миллион адамның көпшілігінің үйін тастап, қашуына себеп болды. Бомбадан аман қалған аз ғана аймақ бар. Дәріхана, банк, супермаркет пен жанармай құю бекеттерінде таңғы уақытта ұзын-сонар кезекті көруге болады. Өйткені қалада қалғандары азық-түлік қорын сақтап қалуға тырысады. Ал қала жұмысын жалғастыру үшін шеткі аймақта логистикалық және гуманитарлық іс-әрекеттер ауқымды түрде жүргізілуде.

Коменданттық сағаттың алдында мен №4 қалалық ауруханаға педиатр дәрігер Александр Духовскиймен кездесуге бардым. Оның үйіне бармағанына бірнеше апта өткен.

Мен оған Ресей бейбіт тұрғындарға тиіспейтінін айтты дегенімде күліп, Ресей снарядтарынан зардап шеккендер жатқан дәлізден өткізді. Снарядтар ауруханаға да тигендіктен науқастар дәлізде, қауіпсіз жерде жатуға мәжбүр. Олардың көбі үйлерінде жатқан кезде оқтан жарақат алған бейбіт тұрғындар.

Дәліздегі керуетте 8 жасар Дмитрий жатыр. Оның қолы тыртық пен қанға оранып, оң көзі толықтай жабылмайды. Бірнеше күн бұрын дәрігерлер оның бас сүйегі мен омыртқасының арасынан оқ алған.

Харьков бір кездері Украинаның астанасы болған. Мұнда саябақтар, шіркеу, мұражайлар мен театрлар, сондай-ақ Антонов авиазауыты және цистерналар мен турбиналар өндіру зауыттары бар.

Қазіргі кезде қала түгелдей майданға айналды. Соңғы 10 жылда Ресейдің соғыс сценарийі Сирияда әзірленді. Мақсат – халықты басып алу, қорқыту және террористке айналдыру. Украинада сириялықтар секілді шабуыл жалғасып жатқандықтан тұрғындар қаладан шығарылуда. Бірақ Украина әлі де соғысуға қауқарлы.

Жолда танкке қарсы зымырандармен толтырылған машинаны кездестірдім. Олардың қарулары соққы беруге дайын. Қар үстінде денелері мүсінше қатып қалған орыс әскерлері жатыр.

«Бір ай бұрын бұл қалада адамдар күйбең тіршілігімен айналысып жүрген еді. Ал қазіргі кезде қалаға толассыз оқ жаудырып, көше диверсанттардың денелеріне толып, нағыз майданға айналды», – деп қорытындылайды тілші өз мақаласын.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: