Сәрсенбі, 08 мамыр, 19:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Зертханада жасалған ет саудаға шыға ма?

25.04.2023

461 0

Өткен күзде АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы Upside Foods жасап шығарған тауық еті қауіпсіз әрі жеуге болатынын мәлімдегенде, зертханада өсірілген еттің амери­кандық түскі ас табақтарында пайда болуы мүм­кін екені көп айтылды. Дегенмен қазіргі таңда бұл өнімді саудаға шығару жолында көп қиындық кездесіп жатыр екен. Осыған байланысты «The Wall Street Journal» басылымында Кристина Петерсон мен Джесси Ньюманның «Зертханалық ет дайындау жолында…» атты мақаласы жария­ланды.

«Upside» компаниясының жаһандық ғылым және реттеу істері жөніндегі вице-президенті Эрик Шульце Твиттерде: «Зертхана етін жейтін уақыт таяп қалды. Біздің тауық еті жақын арада тұтынушыларға жетеді», − деп жазған еді.

2015 жылы Калифорнияда ет өсіру технологиясын қолға алған шағын Upside компаниясы аз уақытта 1 млрд долларға бағаланды. Соның ішінде Билл Гейтс, Ричард Брэнсон, Кимбал Масктар компания идеясына инвестиция құйған. Бүгінде әлемнің әр түкпірінен 150 компания гибридті, яғни «зертханалық етке» 2,5 млрд долларға жуық қаржы құйған.

«Upside» және басқа компаниялар ұзақ уақыт бойы аз мөлшерде ет өсіре алғанымен, «Upside»-тың қазіргі және бұрынғы қызметкерлерімен жүргізілген сұхбатқа сәйкес, аз шығынмен көп мөлшерде ет өндіру қиын екені анықталған. Соның ішінде көпшілігі бұл компанияның қымбат технологияларды қолдану арқылы қолжетімді бағадағы ет шығара алатынына сенімсіз.

Аламедадағы (Калифорния) «Eat Just Inc» ком­паниясының бас директоры Джош Тетрик та өз өнімдерінің қауіпсіз екенін дәлелдеген соң:  «Біз оны шағын көлемде шығара аламыз. Алайда алдағы онжылдықта біз және басқа компаниялар өнім көлемін ұлғайта алатынымызға кепілдік жоқ», – деді. Оның айтуынша, «Eat Just’s Good Meat» компаниясы қазіргі уақытта зертханада өсірілген етті тұтынушыларға сатуға рұқсат беретін жалғыз ел Сингапурда жыл сайын 5000 фунт көлемінде гибридті тауық етін сатады екен.

Ал «Upside» зертханада өсірілген ет келешекте жаһан халқын тамақтандыратынын, сонымен бірге жануарларды союдан сақтауға және дәстүрлі етке қарағанда планетаның экологиясына аз зиян келтіретінін алға тартуда. Компанияның бас ди­ректоры Ума Валетидің айтуынша, «Upside» дәмді өнімді қауіпсіз түрде шығара алатынын дәлелдеген. Компания бұл салада бастамашы атанғанын және оның құнын төмендете отырып, көбірек ет өсіре бастағанын айтқан.

Компания ауыл шаруашылығы министрлігінің мақұлдауын алғаннан кейін Сан-Францискода орна­ласқан Мишленнің үш жұлдызы бар мейрамханада өзінің алғашқы коммерциялық өнімін ұсынуды жоспарлап отыр екен. Айта кетерлік жайт, Upside өз өнімі тірі жануардан жасалмағандықтан тауықтың төс етінен гөрі филе деп атайды.

Бұрынғы қызметкердің айтуынша, «Upside» көп мөлшерде ет өндіру үшін біраз қиындыққа тап болған. Олардың айтуынша, компания көбіне тек зертханалық талдаулар мен дәм тату үшін өнім шығарған.

Бүгінде компания өнімді пилоттық зауытындағы ірі биореакторларда емес, фармацевтикалық компа­ния­лар жасушаларды өсіру үшін ондаған жыл бойы пайдаланып келе жатқан екі литрлік пластик бөтел­келерде өсіреді. Ал көпшілік компанияның көп өнім шығару үшін арнайы пластик бөтелке көлемін ұлғайтатынына күмәнмен қарайды. Себебі шығын көп және экологиялық тұрғыда тиімді деуге келмейді.

Компания басшыларының айтуынша, «Upside» пилоттық зауыты 2021 жылы ашылғанда жариялаған жылдық 50 000 фунт қуаттылықта әлі жұмыс істеп тұрған жоқ. Алайда ауыл шаруашылығы министрлі­гінің рұқсатын алғаннан кейін өндіріс жылдамдауы мүмкін. Ал компанияның көптеген инвесторы бүгінге дейін жасалған жұмыстарды ұзақтығы көңілге қонымды екенін айтып отыр. Сондай-ақ олар алдағы зерттеу жұмыстары шығынды азайтып, климаттың өзгеруі мен адамзаттың көбеюі мұндай өнімге сұранысты арттыратынына сенімді.

– Венчурлық, яғни жаңа өнім шығару капиталын қаржыландырудың бәсеңдеуі жағдайында зертхана­лық ет секторына инвестиция көлемі азайған. Бірақ «Upside»-тың алғашқы инвесторларының бірі «Cargill» өсірілген ет бір күні көптеген тұтынушыға қолжетімді болатынына сенімді.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: