Президент сайлауынан кейін жеңіліс тапқан Дональд Трамп «Ақ үйді» тастауға асықпай отыр. Президент сайлау нәтижесін әділетсіздікке жорып, дереккөз арқылы заңсыздық орын алғанын естігенін жасырмады. Бұл туралы «The Wall Street Journal» басылымы «Өтпелі Трампқа өктемтаяқ» атты мақала жариялап, Джо Байденнің пікірін де қалыс қалдырмапты. Автор – Эндрю Рестучия мен Элиза Коллинз.
«Джо Байден Трамптың бұл әрекетін «абыройсыздық» деп бағалап, еш нәтиже бермейді деген пікірде. Себебі Трамп «Ақ үйді» босатпағанымен, Байденді маңызды ресурс пен құпия ақпаратқа иелік құқығын айыра алмайды. Сейсенбідегі конференцияда Джо Байден командасы бұл ресурстарсыз-ақ амалдауға болатынын және Трамп әкімшілігіне өзін президент деп мойындату туралы сотқа арыз бермейтінін жеткізді».
Республикандықтар мен демократтардың текетіресінде Байденнің асығы алшысынан түскені белгілі. Сарапшылар Трамптың ендігі әрекеті еш нәтиже бермейтін бос әурешілік деген пікірде. АҚШ азаматтары да бұл қадамға қарсылық білдіріп, наразы екенін ашық айтуда.
Ерсін ШАМШАДИН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!