Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов 2025 жылғы вегетация кезеңінің қорытындысы мен су шаруашылығы саласындағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комитет басшысының айтуынша, елімізде судың ең ірі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы саласы.
Жалпы су алудың 60 пайызы аграрлық секторға тиесілі, оның 77,6 пайызы тұрақты суару қажеттіліктеріне жұмсалған. Негізгі су тұтыну көлемінің басым бөлігі, яғни 98 пайызға дейін, бес оңтүстік өңірге – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына тиесілі, – деді министрлік өкілі.
Нұрымбетовтің айтуынша, биыл вегетация маусымы күрделі климаттық жағдайда өтті. Көктемде температураның әдеттен тыс жоғары болуына байланысты суару маусымы орташа мерзімінен 20 күн бұрын басталған.
Республика бойынша вегетация кезеңінің қорытындысында 1,2 млн гектар жер суарылып, жалпы су алу 11,01 млрд текше метрді құрады.
Алматы және Жетісу облыстарын бірге алғанда 268 мың гектардан астам жер суарылды. Оның ішінде Алматы облысында – 151 мың гектар, Жетісуда – 136 мың гектар жер сумен қамтылды.
Жамбыл облысында Талас өзенінің бассейніндегі егістік алқаптары Қырғызстанмен келісілген кесте бойынша Шу және Талас өзендері арқылы сумен қамтамасыз етілді. Суару маусымында облыста 78 мың гектар жер суарылып, шамамен 1 млрд м³ су алынды.
Қызылорда облысында суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі Сырдария өзені бассейніндегі ағымдағы су жағдайына байланысты болды. Вегетация кезеңінде 186,6 мың гектар жер суарылып, 3,5 млрд текше метр су пайдаланылды.
Түркістан облысында суару алаңы 458 мың гектарды құрап, алынған су көлемі 3,5 млрд текше метр болды.
Комитет төрағасы оңтүстік өңірлердегі су қоймалары қазір жинақтау режимінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
