Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов археология саласындағы деректер хаосы жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүргізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі толық белгісіз. Мемлекетке толық, әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыраңқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді, – деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, қазбалар бар, бірақ нақты есеп жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ.
Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр. Біз осы жүйесіздікті тоқтатып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін енгіземіз. Кім, қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады, – деп түсіндірді Мәжіліс депутаты отырыста.
Аймағамбетовтің сөзіне қарағанда, бұл жүйе саланы ашық қылып, есептілік пен тәртіпті орнатады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
