Мәжіліс депутаттары мен Палата аппаратының қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысты. Олар жалпықалалық сенбілікте 140 түп ағаш отырғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жанындағы аллеяны абаттандыруға Мәжіліс депутаттары мен Аппарат қызметкерлері өз үлесін қосты. Жалпықалалық сенбілікте Мәжіліс депутаттары Жұмекен Нәжімеденов көшесінің бойына шырша көшеттерін екті.

Бүгін біз депутаттармен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында елордада ағаш көшеттерін отырғыздық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы қарапайым сенбілік шеңберінен шығып, елді тазалық сақтап, табиғатты құрметтеу идеясының төңірегіне біріктіретін жалпыхалықтық қозғалысқа ұласты. Науқан экологиялық жауапкершілік мәдениетін нығайтып, қоршаған ортаны сақтауға атсалысатын игі дәстүрге айналып келеді, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Былтыр Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы мыңдаған қазақстандықты біріктіретін қуатты экологиялық қозғалыс деңгейіне жетті. Оның мақсаты – елдегі елдімекендерді тазарту, абаттандыру және көгалдандыру.





Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!