Олжас Бектенов LanzaJet басшылығымен елімізде экологиялық таза авиаотын өндіретін зауыт салу мәселесін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-министр Олжас Бектенов америкалық LanzaJet компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарицпен, коммерциялық қызмет жөніндегі вице-президенті Стефан Тионмен өнеркәсіптік және технологиялық серіктестікті дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Экологиялық таза авиаотын өндіру жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру үшін озық технологияларды локализациялау перспективалары қаралды. Атап айтқанда, Қостанай облысы Рудный қаласында авиациялық SAF (Sustainable Aviation Fuel) отынын өндіретін зауыт салу жобасы талқыланды.
LanzaJet – шикізаттың әр түрінен, соның ішінде органикалық (дән, жүгері, картоп және т.б.) заттардан алынған этанолдан экологиялық таза SAF авиаотынын өндіру технологиясын әзірлеп шыққан компания. Болашақ кәсіпорынның қуаты жылына 54 мың тонна авиаотын және 100 мың тонна биоэтанолдың қайта өңделген түрлерін өндіруге жетеді. Бүгінгі таңда зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеу жұмыстары аяқталды.
Жоба «жасыл» авиацияны дамытуға және АӨК-те тереңдетіп өңдеуге бағытталған. Биоотын өндірісі парниктік газдар шығарындыларын азайтуды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанның климаттық және энергетикалық күн тәртібінің негізгі басымдықтарына сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықаралық әуе хабын құру міндетін қойды. Әуежайлардың әлеуетін кеңейту және инфрақұрылым құрумен қатар, саланы сапалы әрі экологиялық таза авиаотынмен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Біз ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз. Үкімет бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетеді, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру жөніндегі жобаның негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі қарастырды. LanzaJet компаниясының басшылығы тарапынан жобаны бірлесіп жүзеге асыру үшін интеграцияланған құрылым құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
