Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев Мәжілісте өткен жиында еліміздегі қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы негізгі проблемаларды атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазіргі таңда шамамен 3 мың полигон жұмыс істейді, алайда олардың 80%-дан астамы экологиялық талаптарға сәйкес келмейді.
Вице-министрдің дерегінше, полигондардағы басты мәселелер – гидрооқшаулаудың болмауы, фильтрат пен қоқыс газын жинау жүйелерінің жоқтығы, инфрақұрылымның ескіруі, қаржыландыру тапшылығы және тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің жолға қойылмауы.
Бүгінде полигондардың жұмысын қаржыландыру толықтай халық төлейтін тариф есебінен жүзеге асып отыр. Қаржы тапшылығын жою мақсатында Үкімет қаулысының жобасы әзірленген. Құжатқа сәйкес, жаңа полигондар утилизациялық төлем есебінен салынады, – деді Нұрлан Құрмалаев.
Жоспарланған қаржыландыру көлемі – 53 млрд теңге.
Министрлік ауылдық елді мекендердегі полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдету үшін Экологиялық кодекске өзгерістер дайындаған. Құжат қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралып жатыр.
Сонымен қатар, министрлік 2026-2030 жылдарға арналған барлық түрдегі қалдықтарды басқару жөніндегі концепцияны әзірлеп жатыр. Жоба елде қалдықтармен жұмыс істеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруды және толыққанды цифрлық мониторинг енгізуді көздейді.
Жаңа концепция аясында “Жасыл даму” акционерлік қоғамына Ұлттық қалдықтарды басқару орталығы мәртебесін беру ұсынылып отыр. Бұл қадам қалдықтарды басқару саласын жүйелеуге және бақылауды күшейтуге бағытталған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
