Қытайдағы қандасымыз Өркен Ноғайбек екі жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Ол жергілікті егістік алқаптарда аралар арқылы тозаңдандыру жұмыстарын жүргізумен айналысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ тілшісі Қытайдың Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған баспасөз турымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына барған еді. Қазақстандық БАҚ өкілдері Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан Қорғаста болып, қызанақ пен қияр өсірумен айналысатын шаруа қожалығында болды.
Қорғас қаласындағы заманауи ауыл шаруашылығы технопаркінде қызанақ, шие қызанақ және қияр өсіріледі. Қандасымыз Өркен Ноғайбек қызанақты өсіру технологиясын түсіндірді.
Бізде шамамен сексеннен жүзге дейін ара ұясы бар. Мына ұялардың әрқайсысында бал суы болады. Аралар сол балмен қоректеніп, егіннің тозаңдануына үлес қосады. Бұл тұрақты процесс емес, бірақ дәл осы арқылы өсімдіктер жақсы жетіледі, – дейді Өркен.
Оның айтуынша, аралар өсімдіктердің тозаңдануына өте қажет.
Ара дегеніміз – табиғи түрде өнімнің өсуіне әсер ететін жәндік. Тозаңдану болмаса, өсімдік жетілмейді, үлкеймейді. Сондықтан аралар – егіншіліктің басты тірегі, – дейді ол.
Өркеннің айтуынша, бүгінде қолданылып жүрген аралар Қытайдың өзінде өсірілген.
Бұрын сырттан әкелінген араларды пайдаланғанбыз, бірақ олар бұл климатқа бейімделмеді. Ал өзіміздің жергілікті аралар жақсы тозаңдандырады, – дейді этникалық қазақ.
Маман аралардың мінез-құлқы мен табиғатына да тоқталды.
Аралардың көру қабілеті әлсіздеу. Олар күн сәулесіне, жарыққа қарай бағдар алады. Мысалы, егістік алқабындағы сопақ және дөңгелек пішінді гүлдердің бәрін аралар шаққан соң, сол пішіндер өзгереді. Бұл – тозаңданудың нәтижесі, – дейді ол.
Өркен Ноғайбек қазіргі таңда осы аймақтың техника саласында жұмыс істейді.
Біз осы жердің техникаларына қызмет көрсетеміз. Міндетіміз – күнделікті жұмыстарды атқару. Бұл салада екі жылдан бері жұмыс істеп келемін, – дейді ол.
Қандасымыз Қорғаста тұрады. Оо осы салада екі жылдан бері істеп жүр. Бұрын Қашқардағы оқу орнында ауыл шаруашылығы, егіншілік және ағаш өсіру мамандығы бойынша білім алған.
Өркеннің айтуынша, аралар негізінен тозаңдандыру үшін пайдаланылады.
Араларды егістіктегі тозаңдандыру мақсатында қолданамыз. Әр гектарға шамамен сексен ұя жеткілікті. Әдетте он бес күн сайын жаңартып тұрамыз, өйткені күн ысыған сайын аралар азайып кетеді, өліп, жоғалып қалады, – дейді ол.
Аралардың санын көбейту мәселесіне келсек, ол бұл істі сатып алу арқылы жүргізетінін айтады.
Араларды өзіміз көбейтпейміз, сатып аламыз. Бұл жерде ара өсіретін арнайы орындар бар. Солардан аламыз, – дейді Өркен.
Қандасымыздың айтуынша, ара шаруашылығы – тек бал өндіру емес, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыратын маңызды сала.
Аралар болмаса, егін де, жеміс те толық жетілмейді. Сондықтан біз үшін ара шаруашылығы – табиғаттың тепе-теңдігін сақтайтын маңызды кәсіп, – дейді Өркен Ноғайбек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!