Елімізде барланбаған кен орындарының саны бес мыңнан асады. Олардың арасынан жерде сирек кездесетін пайдалы қазбалар да табылуы мүмкін. Мамандар қазақ жерінде кобальт, вольфрам, литий сияқты сирек металдар бар екеніне шүбә келтірмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы халыққа Жолдауында сирек кездесетін металдарды игеруге басым бағыт беру үшін, Үкіметке 2026 жылға қарай зерттелетін аумақты 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жөнінде міндеттер қойған болатын. Бүгінде шамамен 2 млн шаршы шақырым аумақ зерттеліп жатыр. Таяуда өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау саласындағы ахуал туралы баяндады.
Перспективті учаскелерді ерте анықтау және барлау тиімділігін арттыру мақсатында зерттеу жұмыстары неғұрлым нақты масштабта, яғни бір де елу мың (1:50 000) масштабында жүргізілмек. Аталған тәсіл бойынша 2026-2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттелетін болады. Одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы шақырымнан қамтылады, – деп түсіндірді вице-министр.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті 16 қарашада Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII консультативтік кездесуінде де сирек металдарды зерттеу үшін өңірлік орталық құруды ұсынды.
Мемлекет басшысының геология саласын цифрлық жүйеге көшіру жөніндегі тапсырмасын жүйелі жүзеге асыру мақсатында сала ауқымды жаңғыртудан өтіп жатыр. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет 5 кен орыны мемлекеттік есепке алынды. Десе де еліміздегі геологиялық карталардың көп бөлігі ескірген. «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма басшысы Ерлан Галиев BAQ.KZ-ке жолдаған мәліметінде геологиялық карталар мен деректерді жаңарту өте өзекті болып отырғанын айтқан.
Әсіресе Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Орталық пен Оңтүстік Қазақстанның 1960-1980 жылдары түсірілген кейбір аудандарында дәлдік төмен. Сирек және критикалық металдар (Li, Nb, Ta, кобальт), терең көмірсутек құрылымдары және гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық объектілер бойынша деректер жетіспейді, – дейді Е.Галиев.
Ұлттық геологиялық қызмет ұсынған дерекке сүйенсек, 1990-жылдардан кейін республикада геологиялық зерттеулер қарқыны азайып кетті, архив деректері толық цифрланбай қалған. Одан бөлек, қаржылық және құқықтық шектеулер бар: мемлекеттік бағдарламалар толық циклды картографияны қамтымайды, деректер әр ведомствода бөлініп тұр.
Орталық Қазақстанда темір, марганец, хром, алтын және сирек металдардың рудалық формацияларын, БҚО-да көмірсутектер, оңтүстік өңірлерде фосфорит, барит, уран кендерін, шығыс өңірде сирек және түсті металдардың геологиялық картасын жаңарту қажет, – деді Ерлан Галиев.
Салада қордаланып қалған мәселе аз емесін химия ғылымдарының докторы, академик Әбдуәлі Баешов те санамалап айтып берді.
Кезінде қазақ жерінде кездесетін кен түрлерін, қазба байлықты өзіміз барлауға барлық мүмкіншілік болды. Алайда, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында мұнай өндірісі алдыңғы орынғы шығып, тау-кен саласы екінші орынға ысырылды. Кәсіби мамандардың ұсыныс-пікірлері ескерілмеді. Тегінде, тау-кен саласына мемлекет өзі барлау жүргізіп, өндірумен де өзі айналысуы тиіс. Яғни, тұтас бақылауда болуы керек бұл сала. Бір ғана мысал келтірейін, мәселен, темірдің нарықтағы құны келісі 50-100 теңге деп алайық, енді одан қарапайым балға жасасаңыз 2-3 мың теңгелік бұйым болады. Балта соқсаңыз құны одан да жоғары – 5-6 мың теңге. Ал енді сол 1 кг темірден бірнеше ине немесе сақал қыратын ұстараның жүзін дайындасаңыз 80 мың теңгеге дейін пайда табуға болады екен. Өкінішке қарай, сол темір негізінен шикізат күйінде шетелге сатылып кетіп жатыр. Яғни, кез келген металды экспортқа шикі күйінде шығармай, қосылған құны жоғары өнімдер сатуды ойлауымыз керек. Әсіресе, сирек кездесетін металдар өндірісіне аса сақ болған жөн, – дейді ғалым.
Ең әуелі, сирек металл дегеніміз не? Оған қандай элементтер кіреді?
Экономикада қолдану бағыттары бойынша металдар қара, түсті және бағалы металдар болып үшке бөлінетіні баршаға белгілі. Сирек жер элементтері – негізінен 17 түрлі металдан тұратын топ. Олар бірегей магниттік, каталитикалық және люминесценттік қасиеттерге ие. Осы ерекшеліктер оларды заманауи өнеркәсіпте теңдессіз материал ретінде мәртебесін айқындайды. Күнделікті қолданыстағы смартфондар, электромобильдер, лазерлер, медициналық жабдықтар, қорғаныс жүйелері және жел турбиналарын, күн батареяларын өндіру сирек металдарсыз мүмкін емес.
Соңғы жылдары әлем нарығында бағалы металдарға сұраныс еселеп артып келеді. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 2-3 жыл ішінде дүниежүзінде литий элементіне деген қажеттілік екі есе көбейсе, кобальт 70%-ға қымбаттауы мүмкін. Сол себептен де бағалы металдарға қазірдің өзінде «жаңа заманның мұнайы», «екінші алтын» деген атау беріліп, айдар тағылып үлгерді.
Сирек кездесетін металдардың әлемдік қорына келетін болсақ, 2024 жылы олар Energy Institute және U.S. Geological Survey мәліметтері бойынша шамамен 90-91 млн тоннаны құраған. Былтыр Қытай 44 млн тонна қорымен көшбасшылық позициясын сақтап қалды. Одан кейінгі орында Бразилия (21 млн тонна), Үндістан (6,9 млн тонна), Австралия (5,7 млн тонна) және Ресей (3,8 млн тонна) келеді. Energy Institute ақпаратына сәйкес, АҚШ-тың қоры 1,9 млн тоннаға, Мадагаскар – 160 мың тоннаға, Таиланд – 5 мың тоннаға бағаланады. Дәл қазір аса бағалы металдардың әлемдік нарығын Қытай өз бақылауында ұстап, нарыққа ірі жеткізуші мемлекет атанып отыр. Отқа төзімді, электр машиналары өндірісінде кеңінен пайдаланатын сирек металдар соңғы жылдары әскери-өнеркәсіп кешен үшін де таптырмас шикізатқа айналған.
Қазақстан өз кезегінде сирек кездесетін металдар нарығындағы ірі ойыншылардың бірі бола алады. Ашық дерек көздерінде олардың жалпы қоры шамамен 28,2 млн тоннаға бағаланады, бұл сандар елімізді бірден әлемдегі алдыңғы орынға шығарады.
Геология комитетінің 2024 жылғы дерегіне сүйнесек, республикада вольфрамның баланстық қоры – 2,2 млн тонна шамасында. Ал молибден – 1 млн тонна, литий – 75,6 мың тонна, тантал – 4,6 мың тонна, ниобий – 28,1 мың тонна, берилий – 58 мың тонна. Аталған деректе Қазақстанда пайдалы қазбалар қорларының мемлекеттік есебінде литий оксидінің қоры 6 кен орнында – Юбилейный, Жоғарғы Баймырза, Бакен, Ахметкино, Медведка, Ахмировкада кездеседі. Одан бөлек, құрамында тантал бар 17 кен орны, оның ішінде ілеспе ниобийі бар 13 кен орны анықталған. Дегенмен бұл да нақты көрсеткіш емес. Себебі кен орындарындағы үйінділердегі (отвал) металдар құрамы мен өзге пайдалы қазбалардан ілеспе жолмен алынатын сирек металдар көлемінің есебі толық түгенделген жоқ. Геологтер литий мен өзге де сирек элементтердің едәуір қорлары орталық және Оңтүстік Қазақстанның байыту фабрикалары мен кен орындарының және Шығыс Қазақстанның сирек кездесетін металл кен орындарының үйінділері мен «үйінді құмдарында» шоғырланғанын айтып отыр.
Осмий-187 изотобы – әлемдегі ең қымбат металл. Әлемдік нарықта бір грамм осмий 10 000 доллардан астам қаржыға саудаланады, қара нарықтағы құны 100 000 доллардан жоғары. Өйткені ол аэроғарыш саласында, ракета жасауда, қазіргі заманғы технологиялар мен көптеген дәрілік препараттарды синтездеу кезінде пайдаланылады. Осмий-187 изотобының шикізаты Жезқазған кен орындарынан алынады. Мұнда өндірілетін кеннің 100 грамында 0,02 пайыз осмий бар. Кезінде біздің әріптесіміз, дарынды ғалым Әбдірәсіл Жәрменов әлемде алғаш болып Жезқазғандағы қалдық кендерден осмий алудың технологиясын әзірледі. Бұл қазақ ғылым үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі жаңалық еді. Алайда ол кезде қазіргідей емес көзқарас басқа болатын. Үкімет тарапынан қолдау болған жоқ, керісінше кедергі жасаушылар көп болды. Тартып алғысы келгендер болды ма әйтеуір бөгет жасап бақты. Дегенмен, ақыры еңбегі мойындалып, Мемлекеттік сыйлық берілді. Осы Жәрменов секілді іргелі ғалымдардың жұмысы жалғаспай қалды, – деп өкініш білдірді академик Әбдуәлі Баешов.
Әлемдік саудада осмий, литий секілді сирек металдар ішінде сұранысқа ие элементтің бірі – вольфрам. 2024 жылғы желтоқсан айында НАТО критикалық маңызды минералдар тізіміне вольфрамды қосты. Сарапшылар вольфрамсыз реактивті қозғалтқыштар, жартылай өткізгіштер және оқ-дәрілер өндірісін өркендету мүмкін емесін айтады. Вольфрам (химиялық белгісі W) – жоғары балқу температурасына ие, қатты әрі ерекше тығыз металл. Қазақстанда кеңестік және посткеңестік кезеңдерде барланған 12 вольфрам кен орны бар. Бұл көрсеткіш Қазақстанды әлеуеті бойынша әлемде 2-орынға шығарады.
Дәл қазіргі жаһандық үрдістерді ескере отырып, Қазақстан Президенті Үкіметке үш жыл ішінде сирек кездесетін металдарды өндіру және терең өңдеу бойынша кемінде үш кәсіпорынды іске қосуды тапсырды. Мемлекет басшысының Америка құрама штаттарына сапары барысында Қазақстан АҚШ-пен сыни минералдар саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Осы келісімдер аясында Америкалық Cove Capital компаниясы Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарында вольфрам жобасын игермек. Жобадағы жалпы инвестиция көлемі – 1,1 млрд доллар, оның 900 млн долларын АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі қаржыландырады.
Дегенмен, академик Әбдуәлі Баешов кен орындарына геологиялық барлау жүргізу ісінде ұрпақтар арасындағы байланыс жиі үзілетініне қынжылыс білдірді. Ғалымның айтуынша, литий, вольфрам, молибден, титан, ванадий және басқа да сирек металдар қоры бойынша іздестіру және барлау жұмыстарын тыңғылықты жүргізу үшін отандық ғылымдарымыздың әлеуетін пайдалану қажет.
Ғұлама ғалым К.И.Скрябин айтқан екен «егер лабораторияды кілең кәрілер болса – ол трагедия, ал тек жастар болса – ол комедия» деп. Ғалымның бұл сөзіне үлкен мән беру керек. Қария ғалымдарсыз жастардың үлкен ғылыми жетістіктерге жетуі қиын болады. Сол себепті аға, орта және кіші буын бірігіп, сабақтаса жұмыс істеуі керек. Ғылымды дамыту үшін жинақталған тәжірибе, көрегендік әрі интуиция қажет дер едім. Қартайып бара жатқан мамандардан жастар үйреніп қалатындай жағдай туғызу керек. Ғылымда сабақтастық деген үлкен рөл ойнайды, – деді академик.
Оған қоса, еліміздегі геологиялық карталардың ескіруі де бірқатар кедергісін келтіріп отыр. «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма басшысы Ерлан Галиевтің мәліметінше, ол ең алдымен барлау жұмысының қымбаттауына, мемлекеттің кірісінің төмендеуіне әкеліп, экожүйеге зиянын тигізуі мүмкін.
Сонымен қатар, кейбір мемлекеттік органдар ақпаратты толық және жүйелі ұсынбай отыр. Бұл инвесторлардың сенімін төмендетіп, сектордың инвестициялық тартымдылығына кері әсер етеді.
Келесі жылы Астанада жаңа зертханалық кешен салынады. Ол мемлекеттік геологиялық бағдарламалар арқылы жеке секторға коммерциялық қызмет көрсету арқылы ашықтық пен экспорттық әлеуетті арттырады. Жоба республикалық бюджет пен халықаралық серіктестік жобалар арқылы қаржыландырылады. Карталардың өзектілігі кемінде 10 жылға есептеледі. Деректер INSPIRE, ISO 19100, OneGeology стандарттарына сай жасалып, мемлекеттік геологиялық сараптамадан өтеді. Жаңартылған карталар мен цифрлық деректер платформасы елдің минералдық әлеуетін толық бағалауға, инвестиция тартуға және геоақпараттық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Осылайша, мамандар сирек кездесетін металл өңдеу ісіндегі оң шешімдер қабылдап, қазба байлықты игеру жолында бақылауды қазіргіден де күшейту қажет екенін ескертеді. Одан бөлек ілеспе жолмен шығарылған кен орындарындағы үйінділердегі пайдалы қазбаларды игеру ісін мықтап қолға алынуы қажет. Ашық аспан астындағы тау болып үйілген үйінділердің құнын зерделеу ісіне ғалымдарымыз кірісіп те жатыр. Тек ғылыми жұмыстар жүйелі қолдау тауып, мамандар пікірі басшылыққа алынса деген өтініштерін қоса жолдады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
