Алматы экологиялық жүктеменің ең жоғары деңгейінде өмір сүріп келе жатқанына біраз болды. Қала ауаның қатты ластануы, көлік тығыны мен ресурстарды тиімсіз пайдалану сияқты күрделі мәселелерге тап болып отыр. Мамандардың айтуынша, қыста зиянды заттардың концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген нормадан бірнеше есеге асып түседі. Мұның бәрі қала тұрғындарының денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жақында бұл мәселе бұрынғыдан да айқын байқалды: Алматыдағы қоқыс полигонында шыққан өртті сөндіруге жеті күн кетті. Осы уақыт аралығында қала қою түтін мен улы газдың арасында қалды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай мегаполистің экологиялық және қалалық жүйелерінің әлсіздігін айқын көрсетті — дәстүрлі тәсілдер қазіргі сын-қатерлерге төтеп бере алмай отыр.
Digital Bridge 2025 форумының «ЖИ және қала: кеңістік пен қоғам» атты панельдік сессиясында Almaty Air Initiative директоры Жұлдыз Сәулебекова жаңа технологиялар мегаполистерді басқару тәсілін түбегейлі өзгерте алатынын атап өтті. Айтуынша, жасанды интеллект – болашақтың емес, бүгінгі күннің нақты шешімі.
Егер жасанды интеллект – қаланың миы болса, оның денесі — сенсорлар мен камералар жүйесі. Бұл жүйе деректерді жинап, өңдеп, нақты шешімге айналдырады. Қала нақты уақытта не болып жатқанын көріп, талдай алады және жылдам әрекет етеді. Мұнда тек көлік қозғалысы немесе жарықтандыру емес, тұтас қалалық өмірді басқару туралы әңгіме жүруде, – деді ол.
Сәулебекова Алматыдағы полигондағы өртті мысалға алып, мұндай апаттардың алдын алуға болатын еді деді.
Алматы жеті күн түтінге тұншығып отырды. Егер бізде датчиктер мен болжамдық талдау жүйесі болғанда, қауіпті өзгерістерді өрт шықпай тұрып анықтап, апатты болдырмауға болар еді. Бұл – заманауи технологиясыз қалалар қорғансыз екенін айқын дәлелдейді, – деп атап өтті сарапшы.
Мәлімдеуінше, Almaty Air Initiative қазірдің өзінде ауа сапасын бақылау жүйесін іске асырып жатыр. Қала бойынша әлеуметтік нысандарға орнатылған датчиктер арқылы жиналған деректер арнайы талдау панельдеріне түсіп, алгоритмдер ауа сапасын болжауға, жел бағытын анықтауға және аллергия тудыратын өсімдіктердің гүлдену кезеңін алдын ала белгілеуге мүмкіндік береді.
Біздің платформа денсаулыққа төнетін қауіп туралы алдын ала ескерте алады. Бұрын адамдар аллергиясын білу үшін талдау тапсыруы керек болса, қазір жасанды интеллект амброзия мен жусан сияқты өсімдіктердің қашан гүлдейтінін алдын ала көрсете алады. Бұл – нақты өмірде мыңдаған адамның тұрмысын жеңілдететін көмек, – деді ол.
Маман әлемдік тәжірибе мұндай тәсілдердің тиімділігін дәлелдегенін алға тартты. Мысалы, Барселонада көлік пен жаяу жүргіндер ағынына қарай реттелетін «ақылды бағдаршамдар» енгізілсе, Шэньчжэнь қаласы көліктерін толықтай электр қуатына көшірген. Ал Амстердамда энергия тұтыну ауа райына сәйкес автоматты түрде реттеледі.
Қазақстанда бізде керісінше жағдайлар жиі кездеседі: сыртта минус қырық, ал үйдің ішінде плюс отыз, тұрғындар терезесін ашуға мәжбүр. Бұл – ресурстарды басқарудың ақылды жүйесі жоқтығының салдары. Жасанды интеллект осындай теңгерімсіздікті жоя алады, – деді Сәулебекова.
Қорытындылай келе, ол қалалардың болашағы технологияларды енгізу деңгейіне тікелей байланысты екенін айтты.
Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект арқылы Алматы мен өзге де қалаларды қауіпсіз, таза және жайлы ету. Бұл сән немесе тренд емес, қазіргі заман талабы. Технологиясыз біз қала өмірін сапалы деңгейге көтере алмаймыз, – деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!