2025 жылғы 1 қарашадан бастап сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемін есептеу бойынша жаңа әдістеме күшіне енеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кейбір БАҚ өкілдері жаңа есептеу тәртібі енгізілгеннен кейін қазақстандықтар көршілерінің есебінен суды қымбатырақ төлейді деп хабарлаған еді. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Қабылданған әдістеме жаңа төлем түрлерін енгізбейді және су үшін төлем мөлшерін арттырмайды.
Министрліктің түсіндіруінше, құжаттың мақсаты суды жеткізу және бұру көлемін анықтаудың бірыңғай ережелерін белгілеу. Бұрынғыдай төлем су есептегіш құралдарының көрсеткіштері бойынша жүргізіледі, яғни тұтынушы мен су арнасы желілерінің шекарасында орнатылған құрылғы деректері негізге алынады. Ал есептегіші жоқ тұтынушылар үшін төлем мөлшері әкімдік бекіткен тұтыну нормалары бойынша есептеледі.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейді. Егер үйде жалпы үйлік су есептегіш орнатылып, кейбір пәтерлерде жеке есептегіштер болмаса, онда жалпы үйлік және жеке көрсеткіштер арасындағы айырмашылық кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Мұндай тәртіп бұрыннан қолданыста болған, енді түсінбеушіліктердің алдын алу үшінол жаңартылған әдістемеде нақты бекітіліп отыр.
Осы әдістемені қабылдау сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне ақы төлеудің ұлғаюына әкелмейді.
Әдістеме төлем қағидаттарын өзгертпейді. Ол тек жүйені барынша ашық етеді. Есептегіші бар тұтынушы тек өз тұтынған суы үшін төлейді, ал есептегіші жоқтар бекітілген норма бойынша. Жалпы үйлік және жеке есептегіштер арасындағы айырмашылық бұл ортақ үй қажеттіліктері, ал ол ешқандай қателік те, айыппұл да емес. Жасырын қосымша төлем болмайды. Мұндай есептеу тәртібі бұрыннан бар еді – деді Нұрсұлтан Керімқұлов, Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төраға орынбасары.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
