Елімізде аналарға жәрдемақы төленеді. Бұл төлемдер қалай жүргізіледі және бала күтіп отырған аналарға қанша теңге төленеді? Толығырақ BAQ.KZ тілшісі материалында.
Аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі қандай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бала туғанда берілетін жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.
Биылғы бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:
– бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 149 416 теңге;
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 247 716 теңге;
Бала 1,5 жасқа толғанша қанша теңге беріледі?
Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар.
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:
– бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
– екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
– үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қандай төлем бар?
Жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күніне тағайындалады.
Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер
МӘСҚ-дан бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады.
Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!