Ашық биржалық деректерге сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ресей рублі долларға қатысты ең көп нығайған валюта болды – оның бағамы шамамен үштен біріне өскен, деп хабарлайды Zakon.kz.
РИА Новости жүргізген есепке сай, рубльдің долларға шаққандағы бағамы 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда бірден 31%-ға нығайды.
Бұл көрсеткіш бойынша екінші орынды швед кронасы иеленді (19,9%), ал үшінші орында венгр форинті (19,4%) тұр. Сонымен қатар, долларға қатысты ең көп қымбаттаған әлемдік валюталардың алғашқы бестігіне колумбиялық песо (18,9%) мен чех кронасы (17,2%) кірді.
Сонымен бірге, маңызды саналатын 45 валютаның 10-ы өткен жылды керісінше, «минуспен» аяқтаған. Ең қатты құнсызданған валюта – аргентиналық песо, оның бағамы 29,2%-ға төмендеді. Онымен бірге «антилидерлер» үштігіне түрік лирасы (18,3%) мен ливиялық динар (9,2%) енді.
Сондай-ақ, долларға қатысты шри-ланкалық рупияның бағамы 5,5%-ға әлсіреді. Ал ең соңғы орындарды непал және үнді рупиялары бөлісті – олардың екеуі де долларға шаққанда шамамен 5%-ға арзандады.
Желтоқсан айының соңында РФ Экономикалық даму министрлігінің басшысы Максим Решетниковтың айтуынша, рубльдің қазіргі берік бағамы жоғары пайыздық мөлшерлемелер жағдайында сұраныс пен ұсыныстың нақты арақатынасын көрсетеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
