Бейсенбі, 18 желтоқсан, 20:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96 (2208)
16.12.2025
PDF мұрағаты

2025 жылы ел экономикасы қалай өзгерді?

18.12.2025

40 0

Фото: ЖИ

Жыл соңы таяған тұста Қазақстанның биылғы экономикалық бедеріне көз жүгіртсек. Биыл бюджет кірістері жоспарға жақындағанымен, республикалық деңгейдегі кем түсу қаржы тәртібіндегі түйткілдерді айқындады. Мұнай өндіру мен экспорттағы өсім сақталғанымен, ОПЕК+ квоталары мен сыртқы нарықтағы құбылмалылық ел үшін жаңа тәуекелдер тудырды. Инвестициялық белсенділік баяулап, сыртқы сауда толық қалпына келе қойған жоқ. Соған қарамастан, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы секілді нақты сектор салалары экономиканың негізгі тірегіне айналды, ал Ұлттық қор активтері инвестициялық табыс есебінен ұлғайды, деп жазады Egemen.kz.

Бюджет тәртібі: Табыс көтерілді, бірақ жоспар толық орындалмады

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 10 айындағы мемлекеттік бюджет кірістері 98,2% көлемінде орындалды. Бұл өткен айдағы 99,5%-дан төмен көрсеткіш. Жыл соңына қарай кіріс жоспары жақсарғанымен, әлі толық межеге жеткен жоқ: республикалық бюджет кірістерінің орындалуы 95%-ға тең болса, жергілікті бюджеттер жоспарын 101,8% артығымен орындаған. 

Ең үлкен жетіспеушілік қосылған құн салығында байқалды – жоспар 8,2%-ға орындалмаған. Министрлік деректеріне сүйенсек, корпоративтік табыс салығының орындалмауы – 7,6%. Екі салықтың бюджет кірісіндегі үлесі шамамен 73%-ды құрайтынын ескерсек, олардың төмен көрсеткіші республикалық кіріс жоспарына айтарлықтай ықпал етті.

Ал трансферттер бойынша жағдай анағұрлым тұрақты. Ұлттық қордан бөлінген нысаналы емес трансферттердің орындалуы 87%-дан 91%-ға көтерілген. Қаржы министрлігі хабарлағандай, 10 айда бөлінуі тиіс 4,990 трлн теңгенің орнына нақты 4,540 трлн теңге игерілді. Бұл Ұлттық қор қаражатын бірте-бірте теңгерімді пайдалануға көшу әрекетінің белгісі. Ал бюджет шығыстарының орындалуы 94% деңгейінде қалып отыр. 

Өңірлер қаржысы: донор және дотациялық аймақтардың ара салмағы өзгермеді

Жергілікті бюджеттер құрылымы ұзақ жылдардағыдай сақталды: түсімдердің 51%-ы – салықтар, 46%-ы – трансферттер, қалғаны басқа кірістер. Деректер көрсеткендей, экономикалық әлеуеті жоғары Астана, Алматы және Атырау секілді өңірлерде салық түсімдерінің үлесі 68-92% аралығында. Ал Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы трансферт үлесі 80% шамасында.

Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы өңірлік дамудың теңгерімсіздігі мен бюджетаралық тәуелділіктің әлі де жоғары екенін айқын көрсетеді. Экономистердің пікірінше, мұндай жағдайда жергілікті бюджеттің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі баяу өседі, ал аймақтар арасындағы экономикалық шеттету сақталады.

Ұлттық қор: актив өсімі бар, бірақ жұмсалым түсімнен жоғары

2025 жылы бір жағынан, қор активтері өсім көрсетіп отыр. Ұлттық қор мәліметінше, қазан айының соңында активтердің валюталық балансы 63,4 млрд долларды құрады. Бір айдағы өсім – 660 млн доллар, ал жыл басынан бергі өсім – 4,6 млрд доллар немесе 7,74%.  Өсімнің басты себебі – инвестициялық табыс. Қордың дерегінше, тоғыз айда инвестициялық табыс көлемі 6,448 трлн теңгеге жеткен. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Екінші жағынан, Ұлттық қорға түскен түсім мен жұмсалған қаражат арасындағы айырмашылық айқын байқалады. Қаңтар-қараша айларында қорға 3,580 трлн теңге түссе, жұмсалған қаражат көлемі 4,933 трлн теңге болды. Яғни, шығыс көлемі түсімнен 1,37 есе артық.

Мұнай нарығы: өндіріс артты, квота бұзылды

2025 жылғы мұнай өндірісі Қазақстан экономикасы үшін негізгі драйвер болып қалды. Энергетика министрлігінің дерегіне сәйкес, қаңтар-қазан айларында ел 83,6 млн тонна мұнай өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 14%-ға артық. Алайда айлық динамика тұрақсыз: қазан айының өндіріс көлемі 8,01 млн тонна болды, бұл ақпан айының көрсеткішіне қайта оралғанын білдіреді.

Экспорт көрсеткіштері де күрделі: жыл басында экспорт төмендегенімен, кейін қайта өсімге көрсетті. Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, жыл басындағы экспорт құлдырауы:

  • 1-тоқсанда –14%; 
  • 1-жартыжылдықта –1,8% деңгейінде болды.

Еуропа бағыты бойынша экспорт айтарлықтай артқан: Нидерланды, Германия, Испания және Румыния негізгі сатып алушылардың қатарына қайта енді. Ал АҚШ, Сингапур және Оңтүстік Кореяға мұнай жеткізу азайған.

Мұнай нарығындағы маңызды фактор – ОПЕК+ шектеулері. Халықаралық энергетика агенттігінің есебінше, Қазақстан қазанда белгіленген квота (1,53 млн барр./тәу.) орнына 1,68 млн барр./тәу. өндірген. Артық өндіріс – 0,15 млн барр./тәу. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Ирак пен БАӘ-ден кейін үшінші орында.

ОПЕК+ келісіміне сәйкес, 2026 жылдың наурызына қарай Қазақстанның квотасы шамамен 1 млн барр./тәу. деңгейіне түсуі тиіс. Бұл қазіргі өндірістен 68% төмен. Мұндай шектеулер экспорттық кіріске тікелей әсер етпек.

Құрылыс пен көлік саласы экономикалық өсімге тірек болды

Экономика министрлігінің хабарлауынша, қысқа мерзімді экономикалық индикатор (КЕИ) қазан айында 109,1%-ды құрады. Бұл нақты сектордың жоғары динамикасын көрсететін маңызды көрсеткіш.

Өсімнің негізгі қозғаушы салалары:

  • Құрылыс – 15,1%;
  • Көлік және қоймалау – 20,7%;
  • Ауыл шаруашылығы – 12,9%.

Тау-кен өнеркәсібі 9,6% өсім көрсетсе, өңдеу өнеркәсібі – 5,8% деңгейінде. Дегенмен, машина жасау секторында баяулау байқалады: 114% болған өсім 111,5%-ға түскен. Металлургия саласы да стагнациялық кезеңде, бұл экспорттың төмендеуіне әсер етті.

Жеке сектордың рөлі күшейе бастады

Инвестициялық белсенділік жыл бойы аралас динамика көрсетті. Экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, мемлекеттік инвестициялар өсімі 42%-дан 37%-ға дейін төмендеген. Бірақ жыл басынан бері мемлекеттік шығындар көлемінің ұлғаюы оларды жалпы инвестиция құрылымында үлесін 19,6%-дан 22,8%-ға дейін арттырған.

Жеке инвестициялар өсімі – 11,9%. Бұл жалпы инвестициялық өсімнің 6 пайыздық пунктін қамтамасыз еткен негізгі фактор. Өнеркәсіп инвестициясының үлесі – 38,2%, ал көлік-логистика саласы – 18,1%, жылжымайтын мүлік саласы – 18,7%. Білім беру саласына 1,031 трлн теңге құйылған, мемлекеттік инвестициялар үлесі бойынша бұл бірінші орында.

Экспорт әлсіреп, импорт күшейді

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, биылғы он айда сыртқы сауда айналымы 1,1%-ға қысқарған. Экспорт 5,1%-ға төмендеген, ал импорт 4,5%-ға өскен. Сауда серіктестері арасындағы динамика да өзгерген: Ресейге экспорт 15,9%-ға азайса, Ресейден келетін импорт небәрі 0,5%-ға төмендеген.

ЕАЭО-дан тыс елдермен сауда көлемі 91,8 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт 3,8%-ға азайған, ал импорт керісінше 6,6% өскен. Бұл ішкі сұраныстың сыртқы өндірістен қанағаттандырылып отырғанын және шикізаттық экспортқа тәуелділіктің әлі де басым екенін көрсетеді.

Жылдың елеулі оқиғалары: ХВҚ мақсаты, «Бәйтерек» трансформациясы және КТК-дағы шабуыл

Қараша айында Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасына қатысты қорытынды мәлімдеме жариялады. ХВҚ сарапшылары экономикалық өсімнің жоғары деңгейін атап өтсе де, инфляциялық қысым, бюджеттік тәуекелдер, квазифискалдық шығындар және ақша-несие саясатының қатаңдатылуы қажет екенін мәлімдеді.

Күзде «Бәйтерек» холдингінің қайта құрылуы маңызды саяси-экономикалық шешімдердің бірі болды. Холдинг енді Ұлттық инвестициялық холдингке трансформацияланып, мемлекеттен 1 трлн теңге капитализация алуы тиіс. Жыл сайынғы қарыз тарту жоспары – 7 трлн теңге. Бұл экономиканың инвестициялық моделі айтарлықтай өзгеретінін білдіретін бетбұрыс.

29 қарашада Каспий құбыр консорциумының (КТК) АТҚ-2 терминалына жасалған шабуыл мұнай экспортының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырды. 2024 жылы КТК арқылы 63 млн тонна мұнай экспортталған, оның 54,9 млн тоннасы – Қазақстан мұнайы. Мұндай оқиға экспорт инфрақұрылымының тәуекелдерін көрсетіп берді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: