Сенбі, 07 желтоқсан, 22:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

4 проценттік несие: Бағдарлама әзір, көлік жоқ

21.05.2022

1555 0

16 мамыр темір тұлпар десе ішкен асын жерге қоятындар үшін маңызды күн болды. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өтінім қабылдау уақытын асыға күтіп жүргендер бұл күні автосалондарға қарай жүгірді. Арманындағы су жаңа көлікті тізгіндеуді армандап, қалта көтермей жүргендер үшін бұл жақсы мүмкіндік екені рас. «Аман болсам, несиеден құтылармын» дейтіндердің бұл бағдарламаны елеңдей күтіп жүргеніне де біршама уақыт болды. Оның үстіне 4 проценттік несие деген көп адамның көңіліне жаққаны белгілі. Ел күткен бағдарлама бойынша өтінім қабылдау 16 мамырдан басталатынын Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мәлімдеген еді. Жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша қаржыландыру сомасы 100 млрд теңгені құрайды. Өңірлердегі автобус паркін жаңарту үшін 30 млрд теңге қаражат бөлінген. Бағдарлама бойынша 4 проценттік несиемен автокөлікті қалай алуға болады?

Ең алдымен көпшіліктің қызыққаны бағдарлама бойынша несиеге көлік алудың сыйақы мөлшерлемесі 4 процент ғана. Ал кез келген автосалонға бас сұғып, екінші деңгейлі банктер немесе қаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдесеңіз сыйақы мөлшерлемесі 19 проценттен әрі жоғарылай береді. Бағдарламаның ең тиімді тұсы да осы аз процентпен берілетіндігі. Бағдарлама бойынша несие сомасы 10 миллион теңгеден аспайды. Яғни осы қаржы көлемінде несие рәсімдеу қажет. Ал қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс. Бастапқы жарнасыз берілетінін де бір артықшылыққа қосып қойыңыз. Ал жеңілдетілген несиемен берілетін автокөліктің құны 15 миллион теңгеден аспауы керек. Айта кетелік, несиелендіруді екінші деңгейлі банктер жүзеге асыруда. Олардың қатарында «ЦентрКредит» банк, «Халық» банкі, Каспий» банкі, «Форте» банк және «Еуразиялық» банк бар. Бағдарлама аясында жеңілдетілген несиемен көлік алудың талабы болады. Яғни несие алушыға екі жылдың ішінде бір реттен артық автонесие алуға болмайды. Жеңілдетілген несиемен автокөлік алудың жолдары қандай?

«Өнеркәсіпті дамыту қорының» мәліметінше, ең алдымен тұтынушы дилерлік автоорталыққа жүгінеді және отандық өндіріс автомобилін таңдайды. Екінші, дилерлік автоорталықтың өкілдері қарыз алушыға VIN кодын міндетті түрде көрсетіп, бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге төлемге шот береді. Тұтынушы банкке VIN кодын көрсетіп, төлем шотымен жүгіну керек. Мұнан соң банк тұтынушының өтінімін қабылдаған сәттен бастап, электрондық кезекке қояды. Банк тұтынушының төлем қабілеті мен несие тарихын бағалап, бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мақұлдау және кепілдік хат береді. Кепілдік хат алған тұтынушы көлікті тіркеу үшін дилерлік автоорталыққа жүгінеді. Егер тұтынушы кепілдік хатты алған сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, банктің қарыз шартын рәсімдемесе, кезектен шығарылады. Тағы бір айта кетерлігі, өтінім бергеннен кейін автокөліктің маркасы мен моделін өзгерте алмайды немесе кезегін өзгеге бере алмайды. Бас тартқан жағдайда кезектен шығарылады.

Бұл – жеңілдетілген несиемен көлік алғысы келетін әрбір адам білуге тиіс талап. Енді бағдарлама бойынша өтінім қабылдау басталғалы бері автонарық жағдайы қалай? Осы сұрақтың жауабын білу үшін облыс орталығындағы автосалондарды аралауға шықтық.

Екі күнде көлік қалмады

Ең алдымен қаладағы «Hyundai» автосалонына бас сұқтық. Орталықтың ауласынан-ақ сатылатын көлік қатары көрінбейтінін байқау қиын емес. Ашық алаңқайда бар болғаны екі темір тұлпар ғана тұр. Автосалон ішінде де көз сүрінетін көп көлік жоқ. Фототілші Нұрболат Нұржаубай жанына жақын тақырып болған соң, бізден алға озып, фотоаппаратын шырт-шырт еткізіп, дамыл табар емес. Бізді қарсы алған сыпайы менеджерге алдымен сұрақ қойған да сол. «Бағдарлама бойынша көлік алуға бола ма?» – деген сұраққа автосалон менеджері дәл қазір сатылатын көлік қалмағанын айтты. Алайда көлік алу ниеті барлар осында отырған «ЦентрКредитбанк» өкіліне жолығып, кеңес ала алатынын, табысын есептетуге болатынын жеткізді. Менеджер нұсқаған жаққа бұрылсақ, екі банк өкілінің де бос емес екенін байқадық. Алдындағы тұтынушыға мән-жайды түсіндіруде. Автосалон менеджері бағдарлама басталған күннен бастап орталықта көлік қалмағанын, іште тұрған 4-5 көліктің де иесі бар екенін жеткізді. Екі күнде қанша көлік сатылғанын білгіміз келгенімен, мұндай ақпарат беруден бас тартты. Менеджердің айтуынша, енді қашан көлік келетіні белгісіз. Дәл қазір қазақстандық зауыттарда да көлік жоқ екенін айтты. Сол себепті мұнда келушілер банк өкілдеріне табысын есептеткені болмаса, бос қайтатыны белгілі. Алып-ұшып келген біз де көлік жоқ дегенді естіген соң кері бұрылдық.

Көлік жоқ, кезек көп

Ендігі үміт – «КІА» автосалонында еді. Алайда мұнда жақындай бере есік күзеткен кезекті көзіміз шалды. Адамның көптігінен автоорталық қызметкерлері есікті құлыптап алып, санап кіргізуге мәжбүр болғанға ұқсайды. Есік алдына жақындай бере «кім соңы, кезекке тұрыңыз», «мен бағана кезек қойып кеткен едім» дегендерден шыдамсыздық байқалады. Бір кезде есік ашылып, келесі екі адамды кіргізді. Сол сәтті пайдаланып, БАҚ өкілі ретінде ішке кіріп, сұхбат алғымыз келетінін айтып үлгердік. Алайда ішке кіруге рұқсат жоқ. Санаулы минуттан соң сыртқа шыққан менеджер Нұртуған Убайдинов артық ақпарат бере алмайтынын, ол үшін арнайы хат жазуымызды сұрады. Дегенмен аз-кем әңгімеден бұл орталықта да жеңілдетілген несиемен берілетін көлік маркаларының ешқайсысы жоқ екенін білдік. Қашан келетіні де белгісіз. Көлік алғысы келетіндер 2 ай күте ме, одан көп күте ме, ол жағы да белгісіз. «Енді кезек неге көп?» деп сұрадық. Бағдарлама аясында несие тарихын, табысын есептеткісі келгендер де, бағдарлама туралы білгісі келетіндер де осында. Сондай-ақ машина кезегіне тіркеліп кетіп жатқандар да аз емес. «Кеше 500-дей адам келді, бүгін 300-ден кем емес», – дейді менеджер. Олардың барлығын кезекке қойып, тіркеп алып жатырмыз, көлік келген бойда хабарласамыз. Автоорталық өкілдері далаға шағын шатыр құрып, бір үстел қойып, келушілерді тіркеуде. Халыққа жағдай жасау үшін ішетін су да қойыпты. Келушілерді тіркеу кітабы да қалыңдай түскен. Көлік маркасын оншамұнша біле бермесек те, көлік бағалары тізбектелген қағазға көз жүгірттік. Мұнда «NEXIA» көлігі 5 млн 990 мың теңгеден басталады. «RIO»-ның ең арзаны 8 млн 790 мың болса, «Picanto» бағасы 7 млн 390 мың теңгеден әрі қарай жоғарылай береді. «Soul» маркалы көліктің ең арзаны 10 млн 190 мың теңге деп тұр. Темір тұлпар тізгіндеуге асығып, сыбырлай сұрағандар да көп. Орталық өкілдері «Екі есе бағасын төлеймін десеңіз де дәл қазір көлік жоқ» деп тәптіштей түсіндіруде. Төмен проценттік несиемен көлік алудан үміттілер аз емес. Алайда кезек күткендер көп болғанмен, көлік жоқ. Қашан келері де белгісіз.

Біз мұнан соң «Aster» автосалонына бас сұқтық. Мұнда өзге орталықтардағыдай қарбалас байқалмайды. Жайбарақат, мүлгіген тыныштық. Көлік көруге келген бірдіекілі адам ғана. Орталық менеджерінен білгеніміздей, бұл орталық бағдарламаға қатыспаған. Ынта танытқанменмен, құжаттарға байланысты кедергілер болғанға ұқсайды. Бағдарламаның екінші кезеңіне қатысуға дайын екендіктерін жеткізді. Бір қызығы, мұнда көліктің түр-түрі тұр. Тапшылық сезілмейді. Қандай көлік алам десеңіз де табылады. Менеджер көлік іздеушілер келсе, қызмет көрсетуге әзір екенін білдіріп, зыр жүгіріп жүр. Мұндағы ең арзан көлік «Granta» екен. Бағасы – 4 млн 990 мың теңге.

Баға неге қымбаттады?

Бүгінде темір тұлпар бағасы аспандап тұр. Тіпті күн сайын баға құбылуда. Бұл көлік іздеушілердің пікірі. Кезек күткендер де, көлік таңдағандармен де пікірлесе қалсаңыз, көлік бағасының күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтады. «Бір жыл ішінде баға 50 процентке қымбаттады. Енді бағдарламамен төмен процентпен көлік алуға болады деген хабар шыққалы көлік бағасы күн сайын қымбаттап барады», – дейді тұрғындар. Көлік бағасының қымбаттағанын дәлелдеудің де қажеті жоқ. Сұраныс пен ұсыныс артса, баға өсетіні заңдылық. Бұл – көлік жайын білетіндердің көз алдындағы көрініс.

Ендігі мәселе – көлік іздегендердің күткені қашан келетіндігінде. Бағдарлама әзір, көлік жоқ. Түйінді мәселе шешімін табуы тиіс.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: