2024 жылы әлемде күніне 3 халықаралық доллардан аз табыс табатын адамдар саны 817 миллионға жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Our World in Data деректері бойынша, 2023 жылмен салыстырғанда 125 миллионға көп. Алайда, бұл кедейлер санының нақты өсуі емес. Мұның басты себебі Дүниежүзілік банк маусым айында кедейлік шегін 2,15-тен 3 долларға көтерді.Яғни, әлем бірден «кедейленіп» кеткен жоқ, тек шекті деңгей қатаңдады. Бүгінде кедейліктің ең жоғар ы деңгейі Африка құрлығында байқалады.
30 елдің 24-і дәл осы өңірде. Ең қиын жағдай Конго Демократиялық Республикасында халықтың 85,3%-ы күніне 3 доллардан аз табыс табады. Одан кейін Мозамбик (81,4%), Бурунди (74,2%), Замбия (71,7%) және Орталық Африка Республикасы (71,6%) келеді.
Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасында ең жоғары көрсеткіш Тәжікстанға тиесілі. Мұнда халықтың 61,3%-ы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Ал Қырғызстанда – 2,74%, Өзбекстанда – 2,72%, Арменияда – 1,93%. Қазақстан мен Ресейде бұл үлес небәрі 0,04%, ал Беларусьта ресми түрде мұндай азаматтар тіркелмеген.
Қазақстандағы жағдай Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2024 жылы азық-түлік себетінің құнынан төмен табыс табатындар үлесі небәрі 0,1%, бұл шамамен 16,5 мың адам. Өмір сүру минимумы деңгейінен төмен табыс алатындар – 5%, яғни 1 миллионға жуық адам. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 5,2% болған. Қалаларда мұндай азаматтар үлесі – 3,8%, ауылдарда – 6,9%.
2024 жылы өмір сүру минимумы 51,5 мың теңге, ал бір адамның орташа айлық тұтыну табысы – 99,2 мың теңге болған. Бұл тәулігіне шамамен 7 АҚШ долларына тең. Халықаралық есеп бойынша, бұл 20,5 халықаралық доллар, ал инфляцияны (19,2%) ескерсек, шамамен 17 халықаралық доллар. Яғни, халықаралық өлшем бойынша, қазақстандықтардың орташа табысы кедейлік шегінен бірнеше есе жоғары.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
