Қазақстанда жанармай бағасы экономиканың жалпы саулығын көрсететін негізгі индикаторлардың бірі саналады. АИ-92 бензині – тұтынушылардың ең кең қолданатын түрі. Соңғы айларда оның қымбаттауына қатысты шағымдар көбейіп, алыпсатарлық тетіктерінің күшейгені байқалды. Осыған байланысты Энергетика министрлігі бағаны негізсіз өсіретіндердің жолын кесуге бағытталған қатаң бақылау мен тексеру тетіктерін іске қосты. Бірақ бұл шара ұзақ мерзімді шешім бе, әлде уақытша ма? BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.
«Бұл – қысқа мерзімді реакция» – Ернар Серік
Аналитик Ернар Серіктің пікірінше, министрліктің қатаң бақылау туралы мәлімдемесі уақытша ғана әсер етеді.
Бензин бағасы Қазақстанда ұзақ жыл бойы жасанды түрде төмен ұсталып келді. Баға шығынды, логистиканы, импорттық паритетті көрсетпесе, тапшылық пен алыпсатарлық қайта-қайта пайда болады. Бүгін алыпсатарларды жазалау мүмкін, ертең нарықта жаңа жағдай туындаса, бәрі қайта басталады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, нақты шешім – бағаны біртіндеп нарықтық деңгейге шығару, ал әлеуметтік осал топтарға тікелей қолдау көрсету. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауыттарының тиімділігін арттыру немесе жаңасын салу да кезек күттірмейді.
Делдалдарға қарсы «соғыс» экономикалық заңдылықты өзгерте алмайды, – деді Ернар Серік.
«Ұңғымадан жанармай бекетіне дейін толық бақылау қажет»
Экономист, «NAC Analytica» КҚ басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов бағаны ұстап тұрудың орнына, баға түзілу тізбегін түгел зерттеу керек деп есептейді.
Ең дұрысы – мұнайдың қаншаға сатылатынынан бастап, жанармай құю бекетіне жеткенше қай жерде, қанша шығын жұмсалатынын анықтау. Көтерме нарықтағы маржаны да ашу керек. Толық картинаны түсінбей, инфляцияны тежеу қиын, – дейді экономист.
Рысмамбетовтің айтуынша, басты проблема – көтерме делдалдар. Олар шағын бизнес өкілдері емес, саяси және әкімшілік ресурсы бар ірі ойыншылар.
Қазір цифрландыру бар. Электронды шот-фактуралар арқылы ақша қозғалысын бақылауға болады. Жасанды интеллект арқылы да талдау жасауға мүмкіндік бар, – деді ол.
Сарапшы нарыққа жаңа ойыншыларды кіргізу қажет екенін айтады. Қазір көтерме нарықты небәрі 2–3 компания ұстап отыр. Егер 10 компания кірсе, бәсеке туып, баға табиғи жолмен төмендейді.
Кез келген артық пайданы тудыратын нәрсе – әкімшілік ресурс. Оны алып тастаса, нарық өзі реттеледі, – деп қорытындылады Рысмамбетов.
Негізгі түйін қайда жатыр?
Экономист Мақсат Халық та негізгі түйін көтерме сегментте жатқанын айтады.
Жанармай құю бекеттері – соңғы буын. Бағаны олар емес, тасымалдаушылар мен ірі жеткізушілер келіседі. Кей аймақтарда «баға келісімі» де болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Үкімет нақты араласуы керек, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, Антимонополия комитеті бағаның неліктен өскенін және қандай себеп түрткі болғанын ашық көрсетуге міндетті.
Сарапшылардың пайымынша, министрліктің «соғысы» қысқа мерзімде алыпсатарлықты тежейді. Бірақ баға түзу механизмі өзгермесе, нарықтағы олигополия сақталса, жанармай бағасы қайта көтерілмек.
Нақты шешімдер:
- бағаны нарықтық деңгейге кезең-кезеңімен шығару,
- көтерме нарықты ашу,
- жаңа ойыншыларды кіргізу,
- цифрлық бақылауды күшейту,
- МӨЗ тиімділігін арттыру.
Яғни бензин бағасымен күрес — бағаны әкімшілік жолмен тоқтату емес, нарықтың өзін ретке келтіру.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
