Атом саласы – экономикадағы ең ғылымды қажетсінетін және жоғары технологиялық секторлардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол физика, инженерия, химия, материалтану және IT салаларында терең пәнаралық дайындықты қажет ететін мамандарды талап етеді. Ядролық инфрақұрылымның қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуі үшін теориялық білімі жоғары және практикалық дағдысы мықты кадрлар қажет.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Атом энергиясы агенттігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстанда мұндай мамандарды даярлау елдің жетекші жоғары оқу орындары базасында жүргізіледі: Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Ғ. Дәукеев атындағы АЭжБУ, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ және Шәкәрім атындағы университет. Практикалық дайындықты ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институты қамтамасыз етеді. Мұнда тағылымдамалар, зерттеу жобалары, сондай-ақ қауіпсіздік пен реакторлық технологияларды пайдалану мәселелері бойынша халықаралық даярлық бағдарламалары жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта білім беру бағдарламалары, шетелдік тағылымдамалар (елге оралып жұмысқа орналасу шартымен), сондай-ақ ұлттық және халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктері ұсынылуда. Шетелде жоғары сұраныс болғанына қарамастан, Қазақстанда АЭС құрылысының басталуы мен ғылыми-зерттеу базасының дамуы білікті кадрлардың елде қалуына жағдай жасайды. Бүгінде атом саласында бірнеше институт пен ұйымдар жұмыс істеп тұр, бұл ұлттық кадрлар даярлау жүйесінің дамуына негіз болады.
Қазақстан шетелдік серіктестермен белсенді ынтымақтастық орнатып отыр: МИФИ, Томск политехникалық университеті, Хоккайдо және Осака университеттерімен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруда, сондай-ақ Дубнадағы Біріккен ядролық зерттеулер институтының жұмысына қатысады. Атом энергетикасы саласы бойынша кадрлар «Болашақ» бағдарламасы аясында даярлануда.
Екі энергоблоктан тұратын АЭС құрылысы білікті кадрларға сұранысты едәуір арттырады: нысандарды салу кезеңінде 10 мыңға дейін жұмысшы қажет болады, ал пайдалану кезеңінде – шамамен 2 мың адам, соның ішінде 600 жоғары білімді маман жұмыс істейді. Осыған байланысты білім беру бағдарламалары жаңартылып, қолданбалы бакалавриат курстары әзірленуде, реактор жабдықтарының операторларын, техниктерді және АЭС-тегі негізгі позициялар үшін жұмысшыларды даярлауға арналған жаңа мамандықтар ашылуда.
Халықаралық бағалауларға сәйкес, атом энергетикасындағы бір жұмыс орны экономикадағы ілеспе салаларда оннан астам жаңа жұмыс орнын ашады. Алайда Қазақстанда әлі де ядролық нысандарды жобалау және салу, АЭС-ті пайдалану, радиациялық қауіпсіздік, ядролық физикалық және ақпараттық қауіпсіздік, материалтану мен метрология салалары бойынша мамандар жетіспейді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!