Kaspi Alaqan сервисі іске қосылғаннан кейін қоғамда жаңа биометриялық төлем технологияларының қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар туындады. Осыған байланысты журналистер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымовадан пайдаланушылардың деректері қаншалықты қорғалғанын және реттеуші қандай қауіптерді көріп отырғанын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, кез келген жаңа қаржылық технологияны енгізу кезінде ең басты басымдық – клиенттердің қауіпсіздігі мен деректерінің қорғалуы болуы тиіс.
Жаңа қаржылық технология енгізілгенде, ең алдымен оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Біздің жеке деректеріміз қорғалуға тиіс. Бұл қаржылық алаяқтықпен күрес және азаматтардың дербес ақпаратын қорғау үшін қажет, – деді ол.
Агенттік басшысы финтех саласы белсенді дамып келе жатқанына қарамастан, биометрияға және эталондық деректер базасын қалыптастыруға қатысты мәселелер әлі де өзекті екенін атап өтті.
Тіпті қарапайым биометрия саласында да шешілмеген мәселелер бар. Қазіргі уақытта эталондық биометриялық база жоқ, оны жасау қажет. Ең бастысы – ол база толықтай қауіпсіз болуы тиіс, – деді Мәдина Әбілқасымова.
Банктік өнімдерде биометрияны қолдануға байланысты тәуекелдер туралы сұраққа жауап бере отырып, агенттік төрағасы жаңа технологиялардың зиянды мақсатта пайдаланылуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
Егер біз қандай да бір бұзушылықтарды анықтасақ, онда мұндай қаржылық өнімді немесе қызметті қолдануға тыйым салуға құқығымыз бар. Жаңа заң аясында біз мінез-құлықтық қадағалау жүйесін енгізіп жатырмыз. Ол тұтынушыларға зиян келтіруі мүмкін қаржылық өнімдерді шектеуге немесе мүлде алып тастауға мүмкіндік береді, – деді агенттік басшысы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
