Дүйсенбі, 30 желтоқсан, 21:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№102 – 2112
28.12.2024
PDF мұрағаты

Алтын – қай кезде де алтын

12.10.2021

2832 0

Алтын қымбаттады. Осы бір ауыз жаңалық қарапайым халықты елең еткізбей қалмасы анық. Қарапайым елдің алтын құймадан жинағы болмаса да алтын бағасына елеңдеуі алтынның қашан да алтын екенін білдірсе керек. Әрине, қарапайым халық түсінігінде алтын зергерлік бұйым ғана. Алайда бүгінде халық қолындағы алтынын ақшадан қысылғанда «құтқарушы» деп мойындайды. Айлықтан-айлыққа дейін ақша керек болғанда алтынын алып, ломбардқа жүгіретіндер аз емес. Алтыныңызды кепілге қалдырып, ақша ала қоясыз. Ең бастысы, ломбардқа өткізген алтын бұйымыңызды уақытында ала-алсаңыз болғаны. Әрине, бұл бір ғана жалақымен күн көрген қарапайым халықтың алтынға деген көзқарасы.

Алтын әшекейін қауіпсіздік қоры деп санайтындар қатары баршылық. Алайда бұл қаншалықты тиімді екенін талдап жатпай-ақ қоялық, дегенмен алтыны бардың ешкімнен қарыз сұрамайтыны анық.

Сонымен қазан айының алғашқы күні металл биржасында алтын бағамы 0,11 процент өсіп, 1760,1 долларға жетті. Лондонда кешкі банкаралық фиксингтің қорытындысы бойынша металл құны 1757,5 доллар құрады. Фиксинг бағалы металдарды жеткізуге арналған барлық келісім-шартта қолданылады.

Әлемде алтын бағасы кейінгі 30 жылда бес есе өскен. Дүниежүзілік алтын кеңесі осылай мәлімдеді. 1991 жылы баға орташа есеппен 362,3 доллар болса, 2010 жылға дейін ол мың доллардан әрі аспаған. Құнды металдың құны содан кейін шарықтап шыға келді. Мәселен, 2020 жылы 1769,6 долларға тең болса, биыл қыркүйек айындағы сауда-саттық нәтижесінде 1792,45 доллар деп бағаланды.

2020 жылы алтын бағасы үнемі рекорд орнатып, бір унциясының бағасы 2000 доллардан асты. Алайда 2021 жылдың басынан бері металл құны 10 процент шамасында арзандады. Қазір алтынның бір унциясы орташа есеппен 1,7 мың доллар көлемінде. Қазақстанның алтын валюта қоры 2021 жылдың тамыз айының соңында бір айда 1,8 миллирд доллар өсіп, 36,8 миллиард доллар құрады. Тамыз айында қазақстандықтар банктен жалпы салмағы 113,7 келі болатын 2460 құйма сатып алған. Банктер бір грамм алтынды 23,5 мың теңгеге сатып алады, 24,5 мың теңгеден сатады.

Экономистердің пікірінше, алтын мен инфляция да бірге жұмыс істейді, өйткені инфляция — бұл ақшаны тез девальвациялаудың бір тәсілі және бұл кезде адамдар ақшаларын алтын сияқты бағамен өсетін нәрседе сақтауды жөн көреді. Сондықтан инфляция ұзақ уақыт бойына жоғары болғанда алтын инфляциялық жағдайлардан қорғайтын құралға айналады. Бұл алтын бағасының болжамын инфляциялық кезеңде жоғары деңгейге көтереді.

Алайда алтынды сақтау пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуіне жол берілмейтінін және жинақ құны қымбат металдың есебінен сақталатынын білдіреді. Шын мәнінде, кейбір салалық сарапшылардың пікірінше, қалыпты жағдайда алтын мен пайыздық мөлшерлемелер арасында әжептәуір айырмашылық бар.

Бір қызығы, кейбір елдерде алтынның бағасы ауа-райы сияқты құбылып тұрады. Мысалы, Үндістан жыл сайын 800-850 тонна алтын тұтынады, ал Үндістанның ауылшаруашылығымен айналысатындар елдегі алтын тұтынудың 60 процентін құрайды екен. Осылайша, жаңбырлы маусым алтынды тұтынуда үлкен рөл атқарады, өйткені егер егін бітік болса, фермерлер активтерді құру үшін кірістерінен алтын сатып алады.

Алтын бағасының ел экономикасына әсері қандай? Бұл орайда белгілі экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

– Алтын бағасының экономикаға әсері өте зор. Алтын – құнды металл және ұзақ жылдар бойы өзінің құндылығын жоғалтпайтынын дәлелдеген. Қаржысы бар азаматтар инаестиция құралы ретінде алтынды таңдайды. Әрине, экономикада

алтын әшекей бұйымдарына емес, алтын құймалар алып қоюға кеңес береді. Себебі алтын әшекей бұйымдарда грамдалған көрінісі көбінесе сәйкес келмейді. Ал алтын құймалар өзінің құнын жоғалтпайды. Әсіресе, алтын бағасы қай кезде өседі? Көбінесе әлемде қор биржаларында тұрақсыздық орнайтын кездер болады, дағдарыс уақытында, көптеген ірі компаниялардың акциялары құлап жатады. Сол кезде инвесторлар сақтану үшін көптеп алтын сатып ала бастайды. Міне, осы уақыт шикізат және мұнай бағасы белгілі дәрежеде құлдыраған кезде бұл да үлкен сигнал. Өйткені шикізаттық ресурстарға сұраныс төмендеп, өндіріс ақырындап баяулайтынын білдіреді. Сөйтіп, көптеген инвест компаниялар өзінің құнын жоғалта бастайды. Осы кездерде көп инвесторлар алтынға ақша салғанды дұрыс көреді. Тағы бір айта кетерлігі, ақшалы азаматтар ақшасын сақтау үшін шетелдік валюталарды, долларды таңдайды. Әлемдік нарықта доллар құнын жоғалта бастаған кезде инвестиция ретінде тағы да алдыңғы кезекке алтын шығады. Әрине, бұл әр елге байланысты. Мысалы, долларға қатысты теңге құнын жоғалтып жатса, қазақстандық азаматтар өзінің ақшасын сақтау мақсатында алтын сатып алады. Соңғы жылдары Ұлттық банктің шығарған алтын құймаларын қалаған көлемде сатып ала алады. Сондай-ақ оның өтімділігі де жоғары, егер қайтып сатам десеңіз де Ұлттық банк қайта сатып алады, бұл айырбастау пунктері арқылы жүзеге асады. Алтынның бір үлкен артықшылығы сол, қаражатыңыздың ұзақ мерзімге сақталуына септігін тигізеді. Бірақ бір мәселе, бұл бүкіл ақшаңызды алтынға салып қою деген сөз емес. Қаржыгерлердің кеңесі мынадай: ешқашан қаражатыңызды бір ұяшыққа салмаңыз, оны әртараптандырып, бірнеше ұяшыққа салғаныңыз дұрыс. Сондықтан жинағыңыздың 30 процентін ғана алтынмен сақтасаңыз болады, одан қалған бөлігін долларда, еврода және алты айға дейінгі жұмсауға қажет қаражатты теңгемен ұстауға кеңес береді.

Тағы да бір қоса кететін мәлімет Ұлттық банк резервтің белгілі дәрежедегі бөлігін алтынға салып қойған жағдайы бар. Және Ұлттық банк резевтерін көптеп алтынға ұлғайтып жатқан жағдайы бар. Өткен жылы алтынның бағасы қатты көтерілген болатын, Ұлттық банк алтын құнының өсуімен біраз табысқа кенелді деп айтар едім. Бұл да белгілі дәрежеде қай мемлекеттің алтын қоры көп болса, ол сол мемлекеттің резервінің тұрақты екендігін көрсетеді. Бұл да белгілі дәрежеде үлкен рөль ойнайды. Қазақстан алтын қоры жөнінен алғашқы он бестікке кіреміз. Бұл да мемлекетіміздің болашағы үшін қажетті резерв деп айтуға болады.

P.S. Алтын ел экономикасы үшін де, қарапайым халық үшін де қауіпсіз қор саналады. Демек жиғаныңыз алтын болса, болашағыңызға қам жемесеңіз де болады.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: