Сәрсенбі, 29 қазан, 20:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82,2194
29.10.2025
PDF мұрағаты

Артық төлемсіз бөліп төлеу: экономистер қосарлы баға енгізудің себебін түсіндірді

29.10.2025

65 0

Фото: pixabay.com

11 қазаннан бастап Қазақстанда сауда саласына қатысты жаңа ереже күшіне енді. Енді барлық дүкендер мен онлайн-платформалар тауардың екі бағасын қатар көрсетуге міндетті – бірін толық бірден төлеген кездегі баға, екіншісін бөліп төлеу арқылы сатып алу кезіндегі баға. Бұл жаңашылдық 2025 жылдың 30 қыркүйегінде Сауда және интеграция министрлігі бекіткен бұйрықпен ресми түрде енгізілді. BAQ.KZ тілшісі бұл өзгерістердің нарыққа қалай әсер ететіні және қарапайым тұтынушылар үшін қаншалықты тиімді болатынын зерделеп көрді.

Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, енді сауда субъектілері баға көрсеткішін рәсімдеген кезде тек акциялар, жеңілдіктер немесе сатушының өз қаражаты есебінен бөліп төлеу жағдайларынан қоспағанда тауардың бір ғана бағасын көрсетуі тиіс.

Егер бөліп төлеу сатушының өз қаражаты есебінен ұсынылса, онда баға белгісінде екі түрлі баға көрсетілуі керек. Біріншісі – бірден төлеу кезіндегі, екіншісі – бөліп төлеу арқылы сатып алу кезіндегі баға. Бұл тұтынушыға ол тауардың өзіне қанша төлейді және бөліп төлеу мүмкіндігі үшін қанша қосымша төлейтінін нақты түсінуге мүмкіндік береді, – деді вице-министр Айжан Бижанова.

Электронды сауда алаңдарына (маркетплейстерге) келер болсақ, жаңа ереже банктер немесе микрокредиттік ұйымдар арқылы рәсімделетін бөліп төлеуге қолданылмайды. Мұндай жағдайда сатып алу қаржысы сатушының емес, банктің не микрокредиттік ұйымның қаражаты есебінен жүргізіледі. Тиісінше, сатып алушы қаржы ұйымымен қарыз шартына отырады, ал маркетплейс тек тараптар арасындағы техникалық байланысты қамтамасыз етеді. Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдары тұтынушыларға пайыздық мөлшерлеме мен несие шарттары туралы толық ақпарат ұсынуға міндетті.

Осылайша, қосарлы баға көрсету ережелері тек сатушы бөліп төлеуді өз қаражаты есебінен ұсынған жағдайларға ғана қатысты болады. Ал банктер немесе өзге де қаржы ұйымдары арқылы рәсімделетін бөліп төлеу жүйелеріне бұл талаптар қолданылмайды.

«Бөліп төлеудің» маркетингтік әдісі

Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, бұл өзгерістердің басты себебі – тұтынушылық сұранысты салқындату.

Негізгі мақсат – сұранысты бәсеңдету, осылайша қазірдің өзінде жоғары болып тұрған инфляцияға ықпал ету. Бағаның жоғары болуының бір себебі – тұтынушылар тарапынан шамадан тыс сұраныс. Бұл сұранысты көбіне тұтынушылық несиелеу тетіктері қолдап отыр, – дейді экономист.

Оның сөзінше, жаңа ереже – тұтынушыларға бағытталған манипуляциялық тәсілдерді шектеудің талпынысы. Себебі соңғы жылдары бөліп төлеу жүйесі халық арасында кеңінен таралған.

Енді сатып алушы банктің бұл мәміледен қанша пайда көріп отырғанын, ал сатушының қанша алатынын анық көре алады. Экономистің түсіндіруінше, бұрын тұтынушылар артық төлем жоқ деп ойлайтын, алайда іс жүзінде ол төлем тауар бағасына әлдеқашан қосылып қойған.

Жалпы біздегі бөліп төлеу жүйесі бастапқыда өзінің шынайы мәнінде бөліп төлеу болмаған. Нағыз бөліп төлеу – сатушы тауарды сатып алушыға беріп, ал ол тауардың бағасы бекітіліп, ақшаны белгілі бір уақыт ішінде ешқандай үстемақысыз қайтарып отыратын тәсіл. Ал бізде банктің пайыздары, оның комиссиясы мен сатушының пайдасы тауардың өз бағасына әуелден қосылып кеткен. Яғни осындай «бөліп төлеуді» таңдаған адам шын мәнінде несие алып отырған. Бұл, өз кезегінде, адамдарда ешқандай артық төлем жоқ деген жалған түсінік қалыптастырды, – деді экономист.

Сондай-ақ ол бұл тәжірибе Ұлттық банктің тұтынушылық сұранысты тежеуге бағытталған шараларының тиімділігін төмендеткенін де атап өтті.

Базалық мөлшерлемені көтерсе де, көтермесе де, тұтынушыға бәрібір. Өйткені оның ойында “бөліп төлеу” бар ғой, – дейді экономист.

Оның айтуынша, Ұлттық банк мөлшерлемені көтергенде, ақша қымбаттайды – соның ішінде тұтынушылар үшін де. Несие алғысы келгендер оның құны өскенін байқап, кем дегенде бір бөлігі қарыз алудан бас тартады, өйткені бұл тиімсіз. Сөйтіп, экономикадағы артық сұраныс азаяды. Сонымен қатар базалық мөлшерлеменің өсуі депозиттерді тартымды етеді: банктер жоғары сыйақы ұсына бастайды, ал халықтың бір бөлігі ақшасын жұмсамай, депозитке салуға көбірек бейімделеді. Бұл үнемдеуге бағытталған мінез-құлық моделін қалыптастырады.

Бірақ «бөліп төлеу» деп аталатын осы маркетингтік өнім мұндай шаралардың мәнін жояды. Адамдар әлі де сатып алуды жалғастыра береді, өйткені олар артық төлем жасап жатырмын деп ойламайды. Бұл, мүмкін, ашық алдау емес шығар, бірақ тұтынушының қабылдауына әсер ететін айла. Сол себепті екі түрлі баға көрсету талабы енгізілді. Бұл – адамдар нақты айырмашылықты өз көзімен көріп, түсінуі үшін қажет, – дейді экономист.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, банктер тауар сатылмай тұрып-ақ өз комиссиясын оның бағасына қосып қояды. Сол себепті сатып алушы тауарды бірден төлеп алса да, артық ақша шығындайды.

Мысалы, сіз айфон, шаңсорғыш, теледидар немесе тоңазытқышты бөліп төлеу арқылы сатып алсаңыз, дүкен банкке сол бөліп төлеуді рәсімдегені үшін 10-20 пайыз аралығында комиссия төлейді. Бірақ банктер сатушыларға ондай шарт қояды: егер тауарды бөліп төлеусіз сатсаң, ол үшін де сол комиссия есептеледі. Соның салдарынан, сіз тауарды бірден төлеп алсаңыз да, сол комиссияның ақысын бәрібір төлейсіз, өйткені ол бағаға алдын ала қосылып қойған. Бұл, әрине, тұтынушыға әділ емес, – дейді сарапшы.

Сондықтан Ұлттық банк екі түрлі баға енгізу идеясын қолға алған.

Сол кезде ғана нағыз бөліп төлеу іске асады. Ал ол біздің қазіргі жүйеден несімен ерекшеленеді? Шынайы бөліп төлеуді банк емес, тікелей сатушының өзі ұсынады. Мысалы, бізде мұндай жүйе автосалондарда немесе құрылыс компаниялары пәтер сатқанда бар: олар өз есебінен бөліп төлеу мүмкіндігін береді, – деп түсіндірді Чеботарев.

Оның айтуынша, қарапайым бөлшек саудада дүкендер өз есебінен бөліп төлеу ұсынбайды, өйткені бұған олардың мүмкіндігі де, дайындығы да жоқ. Сарапшы осы ретте енгізіліп жатқан өзгерістердің күткен нәтижені бермеуі мүмкін екенін ескертеді.

Өкінішке қарай, қазіргі жағдайда екі түрлі баға енгізу туралы бүкіл бұл реформа – жай ғана көзбояушылыққа көбірек ұқсайды. Мұны жақсы байқауға болады: ешбір маркетплейс бағасын өзгерткен жоқ, ешқандай ірі техника дүкенінде қос баға көрсетілген жоқ – бәрі баяғы қалпында, – дейді аналитик.

Ашықтыққа қадам

Кәсіпкер және бизнес-трекер Геннадий Кимнің айтуынша, жаңа ережелердің басты мақсаты – нарықты ашық әрі әділ ету. Өйткені көп жағдайда сатушылар банктің комиссиясын тауардың бағасына қосып жібереді де, сатып алушы артық төлеп жатқанын байқамайды.

Қос баға көрсету – бұл ашықтыққа жасалған қадам. Әркім қолма-қол төлеген кездегі және бөліп төлеу кезіндегі нақты айырмашылықты көре алады. Бұл – дамыған нарықтарда қалыпты тәжірибе, – дейді кәсіпкер.

Геннадий Кимнің пікірінше, мұндай жағдайда ең көп ұтатындар – мықты өнім ұсынатын әрі клиенттердің сеніміне ие компаниялар. Мысалы, электроника, тұрмыстық техника және жиһаз саласындағы ірі брендтер. Себебі дәл осы салаларда бөліп төлеу тәсілі кеңінен қолданылады.

Компания өз сатылымын тек «0% акцияларына» емес, өнімнің сапасы мен қызмет көрсету деңгейіне, клиентке берген құндылыққа негіздесе – мұндай өзгерістер оны тек нығайта түседі. Ал “тегін бөліп төлеу” иллюзиясына сендіріп келгендерге енді қиындау болады, – дейді кәсіпкер.

«Клиенттер енді тауарды бөліп төлеуге аз жүгіне ме?» деген сұраққа ол былай деп жауап берді:

Қысқа мерзімде иә, кейбір адамдар бөліп төлеудің де өз құны бар екенін түсінсе, сатып алуды кейінге қалдыруы мүмкін. Бірақ жалпы алғанда – жоқ. Бөліп төлеу бәрібір сұранысқа ие болады, өйткені көпшілік үшін бұл “тегіндік” емес, жайлылық пен төлемді біртіндеп бөлу мүмкіндігі. Адамдар тек таңдауда саналырақ бола бастайды, – деп қорытындылады Геннадий Ким.

Сарапшының пікірінше, алдағы уақытта банктер бөліп төлеу бағытына қатысты өз саясатын қайта қарауға мәжбүр болады. Қаржы ұйымдары клиент нені және не үшін төлеп жатқанын нақты түсінетіндей, өз өнімдерін барынша ашық әрі әділ етуі керек.

Маманның айтуынша, бұл жағдай банктерді бөлшек сауда орындары үшін комиссия мөлшерін төмендетуге итермелейді. Өйткені олар сатылым көлемін сақтап қалу үшін «тегін» деген уәдемен емес, қызмет сапасымен, жылдамдығымен және клиентке қолайлылығымен бәсекелесуге көшеді.

Ұзақ мерзімді перспективада мұндай өзгерістер нарықты әрі банктер үшін де, әрі сатып алушылар үшін де неғұрлым тұрақты әрі әділ етеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: