Сейсенбі, 16 желтоқсан, 20:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96 (2208)
16.12.2025
PDF мұрағаты

Астық экспорттаушыларына субсидия қашан беріледі?

16.12.2025

49 0

Фото: gov.kz

Астық экспорттаушылар биылдан бастап жаңа өнімнен жиналған бидайды шетелге жөнелте алады. Бұл 2026 жылдың басында көлік шығындарының бір бөлігін мемлекеттен субсидия ретінде қайтарып алуға мүмкіндік береді. Келесі жылы астық тасымалын қолдауға 30 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді, деп жазады Egemen.kz.

Астықты кейбір нарықтарға жеткізу 30 күнге дейін созылады. Сондықтан экспорттаушыларға жөнелтуді алдын ала бастау ұсынылады. Субсидия алу үшін ең басты талап – астықтың 2026 жылы нақты жеткізілгенін дәлелдейтін құжаттардың болуы.

2024 жылы Қазақстанда астық пен майлы дақылдардан өте мол өнім алынды. Ал Орталық Азия нарықтарының мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, астық артық жиналып, ішкі нарықта бағаға қысым түсті. 2024 жылдың соңында жоғары бәсекелестік пен өткізудің шектеулі болуының салдарынан астық бағасы төмендеді.

Осы жағдайды реттеу үшін Үкімет астық экспортындағы көлік шығындарын субсидиялау бағдарламасын іске қосты. Нәтижесінде астық сатылатын елдер көбейіп, тасымал көлемі артты.

2025 жылдың 11 айында теміржол арқылы астық тасымалы:

 • Қара теңіз порттарына – 2,5 есе,

 • Ресейдің Балтық теңізі порттарына – шамамен 3 есе,

 • Балтық елдеріне – 8 есе,

 • Әзербайжанға – 5,5 есе,

 • Иранға – 2 есе артты.

Экспорттың ұлғаюы ішкі нарыққа жақсы әсер етті, яғни, баға тұрақталды, арзанға сатудың (демпинг) қаупі азайды, логистика, қайта өңдеу және сервистік салалар дамыды.

Биыл да шаруалар мол өнім алды, әрі өткен жылдан қалған астық қоры сақталды. Бағдарламаның тиімділігін ескеріп, Үкімет 2026 жылы да экспорттаушылар мен астық өндірушілерді қолдауды жалғастырады.

2025 жылдың 11 айында барлығы 12,6 млн тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға көп. Оның 9,7 млн тоннасы экспортқа шығарылды.

Ал 2025–2026 маркетингтік жылдың алғашқы үш айында (қыркүйек–қараша) 4,4 млн тонна астық тасымалданып, экспорт 3,4 млн тоннаға жетті.

2025 жылдың желтоқсанында ішкі нарықтағы бидай бағасы 2024 жылмен салыстырғанда 40–50%-ға жоғары болды. Бір тоннаға 40 АҚШ доллары көлеміндегі көлік субсидиясы шаруаларға табысты сақтауға, қазақстандық бидайдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Еуропа, Африка, Таяу Шығыс пен Орталық Азия нарықтарында орнын нығайтуға ықпал етеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: