Қазақстанда халыққа арналған автолизинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта банктер мен мемлекеттік институттар болашақ бағдарламалардың нақты шарттарын – пайыздық мөлшерлемелерді, мерзім мен бастапқы жарнаны әлі жариялаған жоқ. Дегенмен сарапшылар бұл тетіктің қалай жұмыс істеуі мүмкін екенін және оның қазақстандықтар үшін қаншалықты тиімді болатынын қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеке тұлғаларға арналған лизинг жүйесін енгізу елдегі автонарық құрылымына елеулі өзгеріс әкелуі ықтимал: көлік сатып алуды халыққа қолжетімді етіп, отандық автонесиелеу мен автосаланы қолдауға, сонымен қатар азаматтарға автокөлік иеленудің икемді тәсілін ұсынуға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе енгізілсе, көлік сатып алудағы негізгі кедергілердің бірі – бастапқы жарна мен қымбат несиелік мөлшерлемелер мәселесі жеңілдеуі мүмкін. Ал мемлекет пен қаржы институттары бұл бағыт арқылы отандық автоөндірісті ынталандырып, экономиканың нақты секторына қосымша серпін беруді көздейді.
Жаңа автолизинг жүйесі қалай жұмыс істейді және ол халықтың көлік иелену мүмкіндігін қаншалықты арттырады?
Лизинг дегеніміз не және оның қандай пайдасы бар?
Қазірге дейін Қазақстанда лизинг тек заңды тұлғалар үшін ғана қолжетімді болды, ол негізінен автопарктері бар компаниялар мен кәсіпорындарға арналған. Енді бұл жүйені жеке тұлғаларға да кеңейту жоспарланып отыр. Яғни кез келген азамат ұзақ мерзімді жалға алу шартымен автокөлікті пайдаланып, кейін оны толықтай өз меншігіне өткізе алады.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, халыққа арналған лизинг бағдарламасын енгізу идеясы бұрыннан талқыланып келеді және мұндай бастама еліміздің автонарығы үшін маңызды қадам болмақ.
Үкімет мұндай бағдарламаның іске қосылатынын айтқан еді. Менің ойымша, бұл өте дұрыс шешім. Мысалы, АҚШ-ты алсақ, биыл олардың нарығында сатылып жатқан көліктердің шамамен 25 пайызы лизинг арқылы рәсімделіп жатыр. Ал электромобильдердің 50 пайызы дәл осы тәсілмен сатып алынады, – дейді ол.
Негізінде, лизинг – бұл автокөлікті ұзақ мерзімге жалға алып, мерзім аяқталған соң оны толықтай сатып алу мүмкіндігі бар жүйе.
Оның автонесиемен салыстырғандағы басты айырмашылығы – адам көліктің толық құнын емес, тек оның амортизациясын, яғни пайдалану кезеңіндегі құнын жоғалту бөлігін ғана төлейді. Осылайша, ай сайынғы төлем мөлшері автонесиеге қарағанда әлдеқайда төмен, ал бастапқы жарна да аз болады.
Біз жаңа көлік сатып алғанда, оның құны алғашқы бірнеше күннің ішінде-ақ шамамен 10 пайызға түсіп кетеді. Бір жылда бұл көрсеткіш марка мен модельге қарай кейде жартысына дейін төмендеуі мүмкін. Ал лизинг кезінде адам осы амортизация үшін ғана, яғни көліктің толық емес бағасын төлейді. Машина лизинг беруші компанияның меншігінде қалады, ал клиент оны жалға алып, кейін сатып алу құқығына ие болады. Бұл – әділ жүйе: адам тек өзі пайдаланғанының ақысын төлейді, – деп түсіндірді сарапшы.
Қаржылық тиімділіктен бөлек, лизинг көлігін жиі ауыстырғанды ұнататын адамдар үшін де қолайлы шешім бола алады.
Егер адам көлікті екі-үш жылға алса, кейін оны қайтарып, жаңа көлік рәсімдей алады. Осылайша, ескі машинаны сатумен әуре болмай-ақ, үнемі жаңасын мініп жүруге мүмкіндік туады. Мұндай жүйе Еуропа мен АҚШ-та баяғыда қалыпты тәжірибеге айналған. Онда лизингті көбіне жайлылықты бағалайтын және бірнеше жыл сайын жаңа модельге ауысып отырғысы келетін адамдар таңдайды, – дейді сарапшы.
Лизинг автосаланы дамытуға қалай серпін бере алады
Жеке тұлғаларға арналған лизингтік бағдарламаларды іске қосу – отандық автозауыттар үшін маңызды қолдау болмақ. Мәселен, Қостанайдағы KIA Qazaqstan зауыты жылына 70 мыңға дейін көлік шығаруға қауқарлы болса, Алматыдағы Astana Motors кәсіпорнының қуаттылығы 150 мыңға дейін жетеді.
Бүгінде қазақстандық зауыттар жылына шамамен 300 мың автомобиль өндіре алады, ал жаңа көліктер нарығының жалпы көлемі 200 мың шамасында. Лизинг осы өндіріс орындарының сатылымын арттырып, сұранысты күшейтуге мүмкіндік береді. Себебі көлік сатып алудың қолжетімді тәсілдері көбейген сайын, жаңа автомобильге деген қызығушылық та артады, – дейді Алексей Алексеев.
Оның айтуынша, бұл тек өнеркәсіпті қолдау ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Лизинг – бұл тек сатып алушылар үшін емес, жалпы экономиканың өзі үшін де пайдалы құрал. Егер адам Қазақстанда өндірілген көлікті таңдаса, ол шын мәнінде өз еліне инвестиция салады, яғни жұмыс орындарын, салық түсімдерін және өндіріс саласының дамуын қолдайды, – деп атап өтті спикер.
Сатып алушылар үшін қандай тәуекелдер бар
Сонымен қоса Алексей Алексеевтің айтуынша, лизинг жүйесін енгізу кезінде барлық шарттар ашық әрі нақты болуы тиіс. Мемлекет пен лизинг компаниялары тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін алдын ала қарастыруы маңызды.
Негізгі қауіп – көлік заң жүзінде лизинг компаниясының меншігінде қалады. Егер компания кенеттен банкрот болса, адам өз машинасынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан жалға алушыны қорғайтын нақты заңдық келісімдер мен сақтандыру жүйесі қажет. Себебі несие кезінде көлік бірден сатып алушының меншігіне өтеді, ал лизингте ол тек пайдаланушы болып саналады. Ал жүйеге деген сенім оның қаншалықты ашық әрі қауіпсіз болуына тікелей байланысты, – деп түсіндіреді автосарапшы.
Мәлімдеуінше, лизинг жүйесінде белгілі бір шектеулер де болуы мүмкін: жүріс қашықтығы, көлікті қайтару талаптары мен қалдық құнын бағалау тәртібі сияқты мәселелер алдын ала анықталуы қажет.
Мысалы, компания көліктің шамадан тыс тозуын болдырмау үшін жылдық жүріс қашықтығын шектеуі мүмкін. Сондай-ақ көлік қайтарылған кезде оны кім бағалайтыны маңызды – тәуелсіз сарапшылар ма, әлде компанияның өзі ме. Егер бағалау төмендетілсе, адам қаржылай шығынға ұшырауы ықтимал. Сондықтан мұнда бақылау мен тәуелсіз бағалау жүйесі болуы шарт, – деп есептейді сарапшы.
Қазақстандықтар жаңа жүйеге дайын ба?
Сарапшының пікірінше, бағдарлама тиімді болған күннің өзінде лизингке көшу алғашқы кезеңде жаппай сипат ала қоймайды. Өйткені қазақстандықтардың көпшілігі әлі де көлікті уақытша пайдалану емес, жеке меншігі ретінде қабылдауға дағдыланған.
Біздің халықтың түсінігінде «егер ақша төлесең – ол зат сенікі» деген ұғым қалыптасқан. Ал лизинг жағдайында көлік компанияның меншігінде қалады. Бұл – психологиялық тосқауыл, оны еңсеру керек. Бастапқыда адамдар сақтықпен қарайтыны анық. Бірақ уақыт өте келе, егер шарттар ашық әрі әділ болса, лизинг өз орнын табады. Көп елдерде де осылай болған — әуелі сенімсіздік, кейін үйрену, соңында кеңінен таралу, – дейді автосарапшы.
Алексей Алексеевтің пікірінше, лизинг – заманауи әрі әділ қаржылық құрал, ол көлікті халыққа қолжетімді етіп қана қоймай, нарықты да жандандыра алады. Ең бастысы – ережелер ашық, ал жүйе сенімді болуы керек.
Егер бәрі дұрыс ұйымдастырылса, бұдан барлығы ұтады: адамдар артық төлемсіз жаңа көлік міну мүмкіндігіне ие болады, компаниялар сатылым көлемін арттырады, ал мемлекет автосаланы дамыта алады. Ең маңыздысы – бұл жүйені сауатты түрде енгізу, – дейді сарапшы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
