Бейсенбі, 02 мамыр, 11:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ел әлеуетін көтереді

25.07.2023

1592 0

Ел экономикасын алға сүйрейтін ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері аз емес. Әрдайым қолдауды қажет ететін, қамқорлық болса, жемісі де аз болмайтын саланың бүгінгі жайын сұхбатқа арқау еттік. Қалалық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғабит Тобажанов саланы жандандыруға мемлекет қамқорлығы, жер жайын айтты.

Ғабит Рүстемұлы, сұхбатымызды ауыл шаруашы­лығы саласынан бастаған жөн болар. Биылғы егін жайы қалай? Саланы жандандыруда қандай жаңалықтар бар?

– Биылғы жылы 9280 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.

Оның ішінде негізгі дақыл күріш 4076 гектар, жаздық бидай 119 гектар, картоп 500 гектар, көкөніс 1 330 гектар, бақша 990 гектар, мал азықтық дақыл 2265 гектарды құрады.

Күріш дақылын егу жұмыстары сәуірдің 23-нен басталып, бүгінгі күнге 4076 гектары, егілді. (күріш дақылын егу жұмыстары 03.06.2023 ж. аяқталды). Биыл егілген 4076 гектар күріш егістігінің шығымдылығын сала мамандарының зерделеу барысында 3057 гектары (75,0%) «жақсы», 815 гектары (20,0%) «орташа», 204 гектары (5,0%) «қанағаттанарлық» деп бағаланып отыр.

Күріш дақылын күтіп-баптау жұмыстары бойынша 1800 гектар үстеп қоректендірілсе, 2150 гектар гербецидпен өңделді.

Қазіргі таңда бидай жинау жұмыстары басталып, егілген 119 гектардың 60 гектары ораққа түсіп 48,0 тонна өнім жиналып, орта өнім 8,0 центнерді құрады.

Сонымен қатар ораққа түсетін 1849 гектар мал азықтық ескі жоңышқа шөбінің бірінші орымынан 3698 тонна жоңышқа шөп дайындалды. Қазіргі уақытта екінші орым жүргізілуде.

Бүгінгі күннің өзекті мәселесісуды үнемдеу екені белгілі. Бұл мақсатта қандай жұмыстар жүруде? Су жүйелерін тазарту секілді тапсырмалар бойынша қандай жұмыс атқарылды. Суды үнемдеудің тағы бір жолысу аз қажет ететін дақылдар егу. Бұл мәселелер қалай шешілуде?

– Сырдария өзенінде су деңгейін төмен болып, су тапшы­лығы сезілуде. Биылғы жылы қашыртқылар, каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жұмыстары бойынша ішкі су жолдарының 54300 текше метр топырақ шығарылып, 4 дана гидробекеттер, 2 дана су құрылыстары жөнделді.

Сонымен қатар суды аз қажет ететін 119 гектарға жаздық бидай, 75 гектарға қант құмайы, 341 гектарға жаңа жоңышқа дақылдары орналастырылса, 1849 гектар ескі жоңышқа күтімге алынды.

Су үнемдеу технологиясы бойынша биыл там­шылатып суару технологиясымен Белкөл кентінен жеке кәсіпкер «Іскер-М» 2 гектарға қауын, Қарауылтөбе ауылдық округінен «Ы.Жақаев атындағы Қазақ Күріш ҒЗИ» ЖШС-і 3 гектарға қызанақ егілді.

Сонымен қатар, Ақсуат ауылдық округінен «Алдан» шаруа қожа­лығынан 50 гектар ескі жоңыш­қа жаңбырлатып суару технология­сымен суарылуда.

Ауылдардың әлеуетін кө­теру мақсатындағы биыл жүзеге асып жатқан жобаның бірі – «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша нендей жұмыс жүргізілуде?

– Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтер бойынша жалпы құны 3 212,3 млн теңгені құрайтын 417 жоба ұсынылған.

Дегенмен облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары басқармасының бөлінісіне сәй­кес Қызылорда қаласына 233 млн 256 мың теңге қаржы бөлінген. Осы ретте қаржының жетіспеушілігіне байланысты ауыл шаруашы­лығы кооперациясын дамы­ту, ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу және қайта өңдеу бағыттары бойынша жобаларға басымдылық бері­летіндігі көрсетілген.

Осының негізінде ауыл шаруа­шылығы кооперациясын дамыту бағыты бойынша 5 коопе­ративке барлығы 138 млн теңге беру жоспарланып отыр (Ақсуат, Қызылжарма, Тасбөгет). Қалған 95 млн 256 мың теңге ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу және қайта өңдеу бағыттары бойынша үйлестіріледі (Ақжарма, Қызылөзек, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Талсуат,Белкөл).

Қалаға қарасты ауылдарда, облыс орталығында жылыжай ісін дамытуда сәл де болса ілгерілеушілік бары байқалады. Жылыжай өнімімен қаланы қамтамасыз етуге мүмкіндік бар ма?

– Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округіне қарасты «КазАгроМир» ЖШС-нің құны 1,1 млрд теңгені құрайтын Ақсуат ауылдық округінде көлемі 2,2 гектар автоматтандырылған кешенді жылыжай жұмыс істеуде. Автоматтандырылған жылыжай кешені 2020 жылы іске қосылып, 2022 жылы 160 тонна қияр өндірді. Биылғы жылы табиғи газ жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қаламызда есік алдында шағын жылыжай кешені дамып келеді.Қазіргі таңда жалпы 0,13 гектарды құрайтын 2 (ЖК Шапағат 0,06, ЖК «Grenn house» 0,07) жылыжай кешені жұмыс жасауда. Атап айтқанда Ақсуат ауылдық округіне Жаңадария өңірінен ЖК «Шапағат» жылыжайы, Қызылжарма ауылдық округінен «Green house» жылыжайы, күнделікті 0,1 тоннаға жуық көкөніс өнімдері өндірілуде (қияр).

Сонымен қатар биылғ «Ауыл аманаты» бағ­дарламасы аясында Талсуат ауылдық округінен бір дана жылыжай кешенін салу жоспарлануда.

Қала тұрғындарына бақша егу үшін жыл сайын бақшалық жер берілетіні белгілі. Бұл жұмыс биыл қалай жүргізілді. Кейде бұл жерлерге аяқсу жетпей жатады деген мәселені естіп жатамыз. Ауызсу жетпеген жерге бақша егілмейтіні белгілі

– Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қала тұрғындары өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында қосымша жерлер дайындап беру тап­сырмасына сәйкес Қарауылтөбе ауылдық округінен 10 гектар жер маусымдық кезеңге беру туралы жоспарланып, қы­зығушылық танытқан 90 қала тұрғындарына жер беріліп, көкөніс, картоп, бақша да­қылдары егілді.

Вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу мақсатында қолда бар 24 дана СНП-500 су қондырығылары пайдалануға дайын.

Сонымен қатар биыл қосымша 3 дана  СНП-500 су қондырғысына табиғи ресурстар бас­қармасына өтінім беріліп, бүгінгі күнге 1 данасы алынып, берілді.

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалуы қалай жүруде? Нендей мәселе бар? Ауылға баруға ынталы мамандар қаншалықты?

– 2023 жылға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақыға 37 млн 950 мың  теңге (110 маман), бюджеттік кредитке 414 млн  теңге (80 маман) бөлінді. Бүгінгі күнге 71 маманға 24 млн 495 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді. Облыстық экономика және қаржы басқармасының қаржылық жоспарына сәйкес әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қыркүйек айына жоспарланған. Бүгінгі күнге көтерме жәрдемақыға 5, бюджеттік кредитке 72 маман кезектілікте тұр.

Ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту жұмыстарында қандай нәтиже бар?

– Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі қаңтар-маусым айларында 60,6 млн теңге салынып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 129,4 пайызды құрады.

Қызылорда қаласы бойынша жалпы құны 1 млрд 900 млн теңгені құрайтын қарқынды жоба жүзеге асырылуда. «ARAY FOOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайтын қуаттылығы 4000 тонналық көкөніс сақтау қоймасының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталды.

«Асыл Дән LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан құны 900 млн теңгені құрайтын қуаттылығы 5000 тонна күріш ақтау зауытының құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтарының құрылыс-мон­таждау жұмыстары жүргізілуде. 2023 жыл­дың қыркүйек-қазан айларында іске қосу жоспарлануда.

Тұрғындарға үй салу үшін жер беру жағдайы әлі де өзекті мәселе. Бүгінде 2005 жылы арыз бергендердің өтініші де толық қанағаттандырылған жоқ. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс жайын айтып өтсеңіз.

– 2005-2022 жылдар аралығында қала әкімінің жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезектілігінде барлығы 68320 азамат тіркелген, оның ішінде 2005 жылғы кезектілік бойынша қалғаны – 2315 азамат, 2006 жылы – 11509 азамат тіркелген. Бәйтерек тұрғын ауданынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін 5112 азаматқа жер учаскелері табысталған.

Жер учаскелерін табыстап, кезектілікті азайту мақсатын­да жалға алу мерзімі аяқталған жер учаскелерін мемлекет қоры­на қайтару, Бәйтерек тұрғын ауданында жоспарланған көлемі 150 га және 670 га егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойын­ша жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иелік­тен шығару жұмыстарын жүргізу, Әл-Фараби тұрғын ауданы­нан бос жер телімдерін дайындау бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда, аталған аумақтарды инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету қажет етіледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №255 бұйрығымен бекітілген «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру туралы» Қағидаға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылдың 19 қаңтардағы №15 бұйрығы негізінде өзгерістер енгізіліп, күшіне енген болатын.

Аталған қағида Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқық беру тәртібін айқындайды.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер учаскесін табыстау жұмыстарымен айналысу 2021 жылдың наурыз айынан бастап сәулет және қала құрылысы бөлімінің құзыреттілігіне бе­рілді.

Саланы цифрландыру бағытында жұмыс нәтижесі қандай?

– Агроөнеркәсіп субъекті­лерін субсидиялау бойынша мемлекет тарапынан берілетін субсидияларға өтінім қабылдау 2018 жылдан бастап электронды веб-портал арқылы жүргізілуде.

Яғни, ауыл шаруашылығы субъектілері  «Gosagro.kz» және «Plem.kz» веб порталы арқылы егін және мал шаруашылығы саласы бойынша барлық субсидияларға электронды форматта өтінім тапсырады. Өтінім тікелей ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы қабылданып, субсидияланады.

Жер саласы бойынша айтатын болсақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді.

Аталған заң  жер учаскелерін жедел және ашық беру мақсатында әзірленген. Атап айтқанда, аталған қалаларда жер комиссиясының институты алынып тасталады, сондай-ақ бірқатар құжаттар қысқартылады (жер комиссиясының хаттамалық шешімі, жерге орналастыру жобасы).

Кенттің, ауылдың және ауылдық округтің жері үшін және жердің қалған санаттары бойынша жер заңнамасында регламенттелген жер берудің қолданыстағы тәртібі сақталады.

Жер учаскелерін электронды беру рәсімі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірлеген жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінің «Жария кадастрлық картасында» жер учаскесін таңдау арқылы «электрондық үкімет» веб-порталында жүзеге асырылатын болады.

Заңда республикалық маңызы бар қалалар, Астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде электрондық форматта жер учаскелерін беру рәсімін оңайлату көзделген, бұл жер учаскелеріне құқықтарды берудің қолданыстағы мерзімдерін 30 жұмыс күніне дейін өзгертуге мүмкіндік береді.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлмира Ділдәбекова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: