Жеке тұлғалар 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Ниеталиев айтты.
Брифинг барысында аталған заң жобасының негізгі қадиғалары, заңда көзделген рәсімдердің 3 түрі соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы айтылды.
– Рәсімдеудің үш түрі де қарыз алушының бастамасымен ғана жүзеге асады. Яғни банк борышкердің келісімінсіз банкроттыққа өтініш бере алмайды. Рәсімді қолдану барысында азаматқа бірқатар шектеу енгізіледі. Мәселен, соттан тыс банкроттық рәсімі арқылы өзін банкрот деп жариялаған азамат 5 жыл көлемінде несие ала алмайды және 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіне алады. 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау жүргізіледі. Ал сот банкроттығы рәсімінде азаматқа шетелге шығуға тыйым салынып, қарыз алу, кепілдіктер мен кепілгерлік беру бойынша мәміле жасауға тыйым салынады. Бұл заң заңды тұлғаларға және жеке кәсiпкерлерге қолданылмайды. Қазіргі таңда Қызылорда мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары аталған заңның нормаларын түсіндіру мақсатында қаламыздың адам көп шоғырланатын орындарында, аялдамаларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, екінші деңгейлі банктерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде, – деді спикер.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!